21.02.2020, 10:44
Қараулар: 256
Тарих тағы не дейді..?

Тарих тағы не дейді..?

Тарих- тамырың, өткенің, болмысың. Ұлттығыңның, елдігіңнің, қалпыңның, қазақтығыңның құжаты. Ғасырлармен толтырылып, құнды деректермен толыққан түп-тамырыңның жылнамасы. Оны білу, тәптіштеу, нақтылау қай заманның да, қай ұрпақтың да еншісіне тиген ұлы парызы!

Бірақ, сол тарихты тап-таза дұрыс жазылды, әділ толтырылды деп айтуға мүлде болмас.  Заман көші мен адам күші, мемлекеттер мен көзқарастар текетіресі, даңққұмарлықтар мен пендешіліктер бұл тарихты талай олағай да бұлағай етіп көрсеткен, шыны мен жалғаны, дұрысы мен бұрысы адам айырғысыз араласып кеткен.  Мұны Мұзаффар Әлімбаев ағамыз «тарих- әділ, оны бұрмалайтындар кейінгі жазушылар» деп түйіндепті.

Хош делік, бүгінгі таңда әрбір мен білем деуші, мен ізденуші дегендер түрлі тарихтың түбін түгендеп жүрген жайы бар. Тарих атты ұлы кітаптың әркім өзінше әрқалай толтырып жатыр, дұрысы мен бұрысын бір Алла біледі. Бұл бәрібір керек, «Рухани жаңғыру»-дың заманында әрбір дерек маңызды, әр мағлұмат құнды.

Аудан музейінде ескі қару-жарақтар, фотосуреттер жинақталған бір көрме бар. «Аудан тарихы» залында орналасқан. Себебі, аудан тарихына қатысы бар деген деректерге сүйенген едік. Бұл патша өкіметі тұсындағы атты казактар отрядының қарулары. Көрмеде найзасы салақұлаш винтовка және тағы қосымша осындай найзалар, ер және әйел адамдарға арналған «алтыатар» нагандар, мылтық затворлары,  төсбелгі темірлер мен тиындар, қағаз ақшалар, атты казак сарбаздарының фотосуреттері бар.

Дала қазақтарының тынысын тыңдап, тіршілігін аңду, сонымен қатар Ұлы Даланы отарлау саясатының жымысқы жұмыстарын жүргізуді бекіністер салудан бастаған орыс империясының  іргедегі Орынборды бекініс етіп, оны қорғауға  атты казактардың тұрақты әскерлерін ұстағаны белгілі.  Олардан жазалаушы отрядтар құрып, қыңқ еткен қазақты қанқақсатып отырғаны да тарихтағы шындық. Осы тұста өршіген Исатай- Махамбет ұлт-азаттық көтерілісі де қанатын кеңге жайып батыс аймақты түгел қамтыды. Шен-шекпенге сатылған, ұлық-ояздардың ыңғайына жығылған жергілікті хан-сұлтандардың жағымпаздығы, атаққұмарлығы, ұлт болашағына ел жағдайына бас қатырмаған немқұрайлылығы халықты қорғансыз қалдырған еді. Өз жерінен өзі иелік ете алмай, шұрайлы өңірінің бәрін келімсектер меншіктеген кер заманның  керімсалы халықты тоздыра бастаған соң ел ұлдары атқа қонған. Жалаңаш қылышпен зеңбіректі жауға қарсы шапқан ержүрек көтерілісшілерпатша әскерлерін де таңғалдырып отырған. Әрине, атамекен жер үшін қан ұрттап, жаннан кешкен халықтың арманын, мүддесін түсінетін хәлде емес еді олар. Олар көзсіз қырып-жоюмен бағындырып алуды ғана білетін.

Осы бір тұстағы көтерілістің аужайы, қазақ халқының басындағы ахуалды ғаламтор желісінен алынған мына деректерге көз жүгіртіп, көп жағдайды бажайлауға болады:

«…  1837 жылдың 17 ноябрінде генерал Перовскийдің атына жолдаған рапортында Гекке көтерілісшілердің «…мінген аттары ерен мықты болды» және де «…олардың өздері де найзамен соғыса білетіндіктерін көрсетті» деп жазды.

«Ордалықтардың зеңбірекке қарсы шапқанын мен бұрын — соңды көрген де, естіген де емеспін…—деп ақталды Гекке Исатай мен Махамбетті ұстау жөніндегі Перовскийдің жарлығы не себепті орындалмағанын түсіндіре келіп.— Дәл де әділ суреттеуден Исатайдың шайқасы қандай жанкештілік жасағанын байқауға рахымыңыз жетеді деп сенем, биік мәртебелі тақсыр».

Сұлтандардың төлеңгіттері мен Геккенің солдаттары Тастөбе қырғынынан кейін шағын -шағын жасақтарға бөлініп, дала жолдарын көп шарлады. Жазалаушылар көтеріліске қатысты немесе оны жақтады дегендердің бәрін де қамауға алды. Жүздеген ауыл өртенді.

26 ноябрьде тұтқындарды Нижне-Уральск бекінісіндегі полковник Бизеновқа жіберіп тұрып Гекке былай деп жазды:

«… Өздерін темір кісенмен бұғалықтап, Уральский острогына» айдаттым. Ең соңғы мүмкіншіліктері біткенше Исатайдың қасынан кетпеген бұл адамдарға ешқандай аяушылық жасалмасын, бұларға әбден жеріне жеткізе сабағанда шыдамайтын шыбыртқының өзі де жеткіліксіз…»

Офицерлерді тұтқындардың рухани ұстамдылығы, өжет өрлігі мен бас имес беріктігі қайран қалдырды.

Исатайдың жақын достарының бірі Қабыланбай жараланып, шалғайдағы бір қыстауда жасырынып жүреді. Оны ұстап алып, 500 адамның сапынан үш дүркін өткізеді. Шпицрутенмен 1500 рет дүрелейді! Сонда да ол үсті-басы қып-қызыл ала қан, денесі көкала таңба, бет-аузы кентиген ісік болса да тізесін бүкпейді, басын имейді.

«Өзі жігіт — ақ, ержүрек,— деп мойындайды Гекке,— жалтарып — жасқануды білмейді, райынан қайтар емес, қайсар — ақ».

Гекке Қабыланбайдың аяғын әрең-әрең басып тұрғанына қарамастан, сескенеді. Ол батырды Уральский острогқа 39 қазаққа айдаттырған!

«Бұнда темір болмағандықтан және де Қабыланбай сияқты қасқырға жіп жеткіліксіз болар деп ойлап, мен оны бүгіннен қалдырмай Уральскіге жіберген жөндеп таптым, бұл үшін қағаз жеткізген 10 адамды және 28 кісіні бөлдім, сондай-ақ оларға Хорунжий Ереминді қосып, бәрін бірге аттандырып отырмын»,— деп жазған Геккенің өзі.

1838 жылғы январь айынын, аяғына дейін ауыл-ауылда «бағындыру жұмыстары» жүргізілді. Жол бойы, орман-тоғай мен құм іші үйсіз-күйсіз қаңғыған қарттарға, әйелдер мен баларға толып кетті… «Үрей билеп үйлерінен безген жұрт, қайда барарын өздері де білмейді»,— дейді Гекке саспай.

Үскірік аяз, күртік қар, ысқырған ақ боран. Айқастан әбден арып-ашқан ауылдарды құдайдың өзі жер бетінен жойып жібергісі келгендей. Құм ішінде, батпақты жерлер мен жол бойында босып жүрген қашқындар суық пен аштыққа шыдамай қырыла бастады…

Ал көктем туа әбден амалы құрып, ашынған халық тағы да Исатайдың туы астына жиналды.

1838 жылғы майдың аяқ кезінде олардың саны екі мыңдай болды.

1838 жылғы июльдің бас кезінде сарбаздар Ішкі орданың шекарасына қайтадан кірді. Оларға 4-орал полкы қарсы аттанды. Орынбордан 150 қазақ пен генерал Перовскийдің жеке резервінен бір батальон атқыштар шықты…

Сұлтандар мен ханның біріккен қолы үш мыңнан астам еді. Бәрін де өткен жаздағыдай полковник Гекке басқаратын болды.

Көтерілісшілер үш топ болып келеді деген хабар жеткізді барлаушылар. Ең алдында — бірінен-бірі алшақта Исатай мен Махамбет. Исатайдың үш жүз сарбазы бар, Махамбеттікі сәл аздау көрінеді. Басқалары Исатайдың шабарманын күтіп, Жайық бойында қалыпты.

Геккенің әскері Ақбұлақ деген өзеннің жанындағы кең жазықта жыра — жыра мен тоғайларда тығылып жатты.

1838 жылғы 12 кюльде таңертең Геккенің бұйрығы бойынша Баймағамбет бір отряд төлеңгіттерін ертіп Исатайдың алдынан шықты.

Мидай жазық далада жолықты олар. Баймағамбет майдандаспай, бұрыла қашты. Сарбаздар тұра қуды. Геккенің қулығы жүзеге асты.

Төлеңгіттер көтерілісшілерді қақпанға әкеп түсірді. Жазалаушылардың қалын, қолы Исатайдың жасағын айнала қоршап алды. Алғашқы сөзді зеңбіректер айтты.

Төлеңгіттерді қуған кезде сарбаздар бытырап бөлшектеніп кеткен еді. Бұл да Геккенің міндетін жеңілдете түсті.

Исатай бораған оқтың ортасында жігіттерінің басын біріктіріп, қоршаудан саңлау таппақ болып аласұрып шапқылап жүр. Бірер сағаттан кейін ғана он шақты сарбаз қоршауды бұзып шықты. Ал Исатайдың өзі айқастың қалың ортасында қалды.

— Қаша — қаша қажыдым. Бізге енді кері қайтар жол жоқ. Жан-жағын, лаулаған жалын! Наймандар мен қыпшақтар Шыңғысханмен шайқаста қандай өжет өліммен өлсе, біз де солай өлейік!— Исатайдың сарбаздарға айтқан соңғы сөзі осы еді.

Әрі қарай былай делінген:

  • «…«Қазақ Леонтий Левшин Исатайдың атын жаралады. Аты кібіртіктеп барып құлап түсті. Исатай жаяу соғысты… Төлеңгіттер Жаппар Ылақбаев, Сәтбай Байжігітов, Көбіш Сыбулин оны арт жағынан кеп ұстай алды, ал урядник Богатырев батырдың қолынан түскен қылышын ала сала, басын қақ бөлді, енді бір солдат оны кеудесінен атып жіберді»,— деп баяндады Гекке кейінірек.

Махамбет Ақбұлаққа аспан әлемін қан қызыл арай жауып, сарбаздардың өлігін кезқұйрықтар айнала ұшып жүрген кезде ғана келіп жетті. Атынан қарғып түсіп, дулығасын лақтырып жіберіп, шекпенінің өңірін қақ айырды. Өңі қашып, сұп-сұр болып кеткен. Семсерінің балдағын қыса ұстап, бір өліктен екінші өлікке үңіліп, досының сүйегін таппай көп жүрді…

«Шектен шыққан көзсіз бүлікшінің жүгенсіз істерін тиюымызға мүмкіншілік туғызғам кездейсоқтықтарды бағаламауға болмайды»,— деп қуана рапорт берді Гекке Петербургке.

Жазалаушылар ауыл-ауылды тағы да қылыштың жүзі, найзаның ұшымен «бағындыруға» шықты.

Шыбын жанды шүберекке түйген жүз жігітімен Махамбет суық күз түскенше Баймағамбет және Қарауылқожа сұлтандардың әскерлеріне тұтқиылдан тиісіп, тоқпақтап жүрді де, суық түскен соң жолдастарымен қоштасып, Атырау жағасындағы ауылдарға сіңіп кетті».

Бұл бүгінгі күнге жеткен біраз зерттелген деректер қатарынан.

Облысымызда осы бір күмәнді жері көп, көбірек бұрмаланып, әлі де ақиқаты нақтыланбай келе жатырған оқиғаның ұзын-ырғасын екшеп, зерттеп жүрген жандардың бірі — Жәңгірхан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Жолдығалиұлы Төлепов. Өңірдің арғы-бергі тарихын бір адамдай білетін Нұржан Жолдығалиұлы Орынбор мұрағатынан белгілі боп қалған кейбір деректерге сүйене отырып тың болжамдар жасайды. Енді осыларға аз-кем тоқтала өтер болсақ, жазалаушы отрядты бастап келген полковник Гекенің Орынбор генерал-губернаторы Перовскийге жазған хаты шынында да бар екен. Сол хатта көрсетілген деректер жоғарыда келтірілгеннен сәл бөлек, яғни, ғаламтордағы деректер аздап бұрмаланып жазылған.

Бұл жерде әңгімені сол тұста Исатайдың басына 80 күміс ақша тігілгенінен бастаған жөн болар. Бірде әскерінің күшімен, бірде елдегі тілектес жұрттың көмегімен қолға түспей қойған батырдың басына тігілген ақшадан атты казак сарбаздары да, жергілікті хан-сұлтандар әскерлері де дәмелі еді. Ал, патша үкіметіне елдегі толқулардың негізгі сүйеніші болған дала көкжалдарын қолға түсіру басты мақсат болды.

Геке өз хатында былай деп жазыпты-мыс: «-сарбаздары түгел жер құшқан Исатай сытыла қашты. Аты жүйрік екен, соңынан ергендерге шалдырмай, ұзап кетті. Мен келіп жеткенде Исатай жан тапсырған екен. Айнала қоршап алған сарбаздардың айтуынша әуелі атын атып түсірген. Келе қоршай берген сарбаздардың жерде жүріп соғысқан Исатай үш-төртеуін құлатып үлгеріпті. Болмаған соң сарбаздардың бірі кеудесінен атып жығып, тағы біреуі басынан қылышпен шапқан.

Бұл хатты жазуыма нақты кімнің өлтіргені белгісіз болғандықтан, 80 күміс ақшаны кімге беруім қажеттігін анықтай алмай отырғандығым себеп боп отыр» делінген екен.

Жалпы, осы әңгімеге түрткі болып отырған тағы бір себеп Шыңғырлау ауданының жергілікті жұртшылығы арасында Исатай батырдың мүрдесін жазалаушы отряд әскерінің қалдырмай арбаға тиеп алғаны, осы отрядтың осы өңірдің Сегізсай ауылы тұсындағы Қалдығайты өзенінен өтуі, түн бе, әлде таң қараңғысы ма, осы өзеннен өту кезінде жергілікті жігіттердің (Махамбеттің жігіттері деп те айтылады) қамыс түтікпен су астында жасырынып отырып, арбадағы батырдың денесін сыпырып алып қалуы туралы алып-қашпа әңгіме. Сол түні, жасырын түрде батырдың денесі бүгінгі Ақтөбенің Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай деген жерге жерленуі де баяндалады осы әңгімеде.

Енді, осы жайтты біраз тәптіштеп көрсек, Нұржан Төлепов аға қолындағы бір деректерде сол кездегі жер қашықтығы «версть»-пен (1066,8 м) өлшенгенін, сол кездегі топономикалық картада Торыатбасы тауы бар екенін айтады. Торыатбасы тауы аудан аумағындағы биік нүкте екенін және ХV ғасырда өмір сүрген Асан-Қайғы бабамыз туралы жырларда осы тауды мекен еткені айтылатынын ескерсек, бағзыдан аты өзгермеген тау екені белгілі болады. Әлгі деректердің бірінде Исатайдың қаза табатын соңғы шайқасы Ақбұлақ өзені бойында болған және ол өзен осы Торыатбасы тауының маңы болғаны туралы жазылған екен.

Бүгінгі күні аудан картасына көз салсақ, Торыатбасы тауынан аса қашық емес жерде Ақбұлақ атты өзен бар екенін тез анықтауға болады. Қарағаш ауылдық округіне қарайтын Қайыңды ауылының маңынан ауыл атауы берілген Қайыңдысай, Ақбұлақ өзендері Шыңғырлау өзеніне құяды, яғни, осы жерде нақты Ақбұлақ атты өзен бар.

Ал, жоғарыда айтылып өткен Қалдығайты өзені осы жерден 45-50 шақырымдай жерде.

Айтпағым, уақыт әлі ақиқат нүктесін қоя алмаған осынау оқиғаның, қазақтың біртуар ұлы Исатайдың қаза болған жері Шыңғырлау жеріндегі Ақбұлақ өзенінің бойы болуы бек мүмкін.

Ақиқаты анықталар, уақыт өз шешімін айтар, нақты деректер өз дәлелін келтірер. Біздің жазғанымыз «осылай болуы да әбден мүмкін» деген топшылау ғана…

Ал, Шыңғырлау өңірінің тарих тартысының қайнаған ортасында болғанына ешкім шәк келтіре алмасы анық ақиқат!

Ал, музейіміздегі тарихымызға осындай қатысы бар деген оймен жасақталған ескі қарулар көрмесі де сырын ішіне жасырып тұр.

 Қаршыға Елемесов