12.02.2020, 11:33
Қараулар: 283
Кәрі жіліктің қасиетін біліңіз

Кәрі жіліктің қасиетін біліңіз

Әлеуметтік желідегі мына жазба мені ерекше тебірентті. Оқи отырып, өзімше ой түйдім және сіздер де біле жүрсінші деген мақсатпен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Білгеніміз, айта жүргеніміз дұрыс.

Қазанға ет сал­ғанда алдымен «бісміллә» деп кәрі жіліктен бастап салады. Себебі, кәрі жілік еттің бәрін ұстап тұратын қасиетке ие. Оны шақпайды, құда табаққа салмайды, қонаққа, бөтен, жат адамға емес, керісінше, үй иесіне немесе ағайынға береді.

Өйткені, «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдайды. Өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп кәрі жілікті ұстатпаған, ал ұлдарға, жігіттерге оны «сүр бойдақ боласың» деген наным бойынша ұстатпайды. Ол туралы былай деп айтылатын бір аңыз бар:

«Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдапты. Алайда қанша тырысса да малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде барып, сыр тартады. Байдың жал­ғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен.

Тыңшы қайта келіп: «Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көр­шілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек», – дейді. Ұрылардың басшысы: «Ендеше бүгін шабамыз», – деп атқа қонады.

Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып: «Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы?» – деп ағынан жарылыпты. Бай ұрыны ертіп барып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді: «Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады», – деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ», – дейді. Құдіретке бас иген ұрылар баймен дос болыпты. Ниетінен қайтып, адал кәсіпке көшіпті деседі».

Кәрі жілікті жеуге болмайды дегенді ғана естуші едік. Оның мәні мұншалықты тереңде жатқанын ойламаппыз.

«Ертеде байдың жалғыз ұлы болыпты, – деп айтылады кәрі жіліктің қасиеті туралы тағы бір аңызда. – Ол керуен тартып, қалаға саудаға аттанады. Сапарға шығар кезде әкесі: «Балам, мына кәрі жілік сүйегін қойныңа салып ал. Қауіп-қатерден аман боласың», – дейді. «Әй, әке-ай, сенің-ақ ырымың таусылмайды екен», – деп ұлы бұған селсоқ қарайды. Бірақ әке көңілін қимай, жілікті көп қапшықтың біріне лақтыра салады.

Содан әлгі жігіт межелі жеріне аман-есен жетіп, саудасын жасап, елге қайтады. Жолда керуенге қарақшылар шабуылдайды. Жігіт не істерін білмей, қатты сасады. Сол кезде оның жанынан қарулы жасақ пайда болып, қарақшыларға қарсы ұмтылады. Тонаушылар сескеніп, кейін шегінеді. Қапылыста бір қарақшының қаңғыған оғы жігіттің аяғына тиіп, жараланып қалады. Ғайыптан пайда болған жасақ керуенді аман-есен елге жеткізеді. Бірақ ел шеті көрінгенде көзден ғайып болады.

Бала үйіне келіп, әкесіне болған жайды баяндайды. Сонда әкесі: «Ұлым, ырымның сырын енді түсінген боларсың. Кәрі жілікке Құдай осындай қасиет дарытқан. Сен балалық қылып, кәрі жілікті көп қапшықтың біріне салып алдың. Сонда да керуенің Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің шылауында болды. Егер ықыласың күшті болғанда саған жебе дарымас еді», – деген екен. Осыдан бастап ел аузында «Кәрі жілік ер жігітті қырық жолдан қағады» деген сөз қалыпты».

…Иә, көп жастар мұны біле бермейді. Негізі қазақ халқының салт-дәстүрі тұнған тәрбие ғой. Біздің ұлттық құндылықтарымыз – нағыз тәрбие мектебі. Құдай осындай құндылықтардан айырмасын! Білге­німізді жұртқа айта жүрейік, одан пайда көрмесек, зиян шекпеспіз.

Назым Айқын