12.05.2020, 11:22
Қараулар: 41
Жарасымдық ұялаған жанұялар

Жарасымдық ұялаған жанұялар

20-дан астам ұлт өкілі мекен ететін ауданда бәрі бір-бірімен тату-тәтті, ынтымақтастықта өмір сүруде. Тіпті әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы бір шаңырақ астында тоғысып, бір-бірімен берік жанұя құрғандары да жоқ емес.

Сондай отбасылардың бірі 20 жылдан бері бірге қол ұстасып келе жатқан Қарағаш ауылының тұрғындары Владимир мен Гүлсім Магер жанұясы. Отағасы-белорусь ұлтының өкілі болса, отанасы қазақ. 2000 жылы ұлыстың Ұлы күні қарсаңында шаңырақ көтеріп, содан бері жұптары жазылмай, бақытты ғұмыр кешуде. Бүгінде ауылда шағын кәсіппен айналысып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Тұңғыштары Петр Орал қаласындағы Агроколледждің 2 курсында білім алса, қызы Дина №4 орта жалпы білім беретін мектептің 8 сыныбында оқиды.

Владимир Магер 10 жасында тың игеру жылдарында Белоруссия мемлекетінің Брест облысы, Дрогичен ауданынан 1962 жылы отбасымен бірге Шыңғырлау ауданының сол кездегі Нова Петровка, қазіргі Қарағаш ауылына қоныс аударады. Содан бері қазақ жерінің суын ішіп, топырағына аунап өссе, Гүлсім Қарағаш ауылының тумасы.

«Өзіміздің ұлтаралық отбасы екенімізді кейде ұмытып кетемін. Отбасымыз түгілі ауылда ешкім ұлтқа бөлінбейді. Достарымыз да, көршілеріміз де қазақтар. Володя өмір бойы осы ауылда тұрған соң қазақ тілінде еркін сөйлейді. Үйде де қазақ тілінде сөйлейміз. Балаларымыз қазақ мектебінде оқиды. Бірақ екі ұлттың да мейрамдарын отбасымызбен атап өтеміз. Мысалы, халқымыздың көрісу айтын, Ұлыстың Ұлы күнімен қатар, Рождество, Пасха мерекелерінде отбасымызбен кең дастархан жаямыз. Қазақтың бешбармағы-Володяның сүйікті асы»,-дейді Гүлсім.

Жұптары жазылмай бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан көп ұлтты жанұяның алға қойған мақсаттары көп. Бірақ бастысы да ең маңыздысы балалардың амандығы мен елдің тыныштығы дейді Магерлер отбасы.

                                                            ***

Өзбекстан Республикасынан Ащысай ауылына көшіп келген Қалниязовтардың отбасы да қос ұлттан құралған. Қалниязов Асан Сағынайұлының ұлты қазақ, жан жары-өзбек қызы.  1975 жылы Өзбекстан Республикасының Кунград қаласында дүниеге келген Асан 2007 жылы өзбектің қаракөз Мукарра есімді сұлуымен отау құрады.

«Болашақ жарыммен таныстырған өз әкем. Біздер бір ауданда тұрдық. Бір мектепке барыппыз, бірақ бір-бірімізді танымадық. Кейін әскер қатарында борышымды өтеп, Сібірде 7 жыл жұмыс жасап елге келгенде, әкем үйлен деп қолқа салды. Содан ата-анам болашақ қайын жұртыммен араласа жүріп, маған олардың қызын аттастырды. Осылай біз 2007 жылы шаңырақ көтеріп, Өзбекстан республикасында өмір сүрдік.  Бүгінде жұбымыз жазылмай, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған отбасымыз»,-дейді отағасы.

«Адамның басы Алланың добы» демекші, 2008 жылы 14 сәуір күні дәм-тұз айдап Қалниязовтар отбасы Ащысай ауылына қайын апасына қонаққа келеді. Ауыл да, тұрғындары да Асанға бірден іш тартып, осы жақта қалуды ұйғарады. Оның үстіне сәл-пәл діни сауаты бар Асанды ауыл тұрғындары садақаларға, жаназаларға шақырта бастайды. Кейін Орал қаласындағы медреседе арнайы курстарда оқып, ауыл молдасы болып қалады.

«Жолдасымның артынан еріп қазақ жеріне мен де келдім. Басында қазақ тілін дұрыс білмедім, кейін үйрендім. Қазір отбасымызда қазақ тілінде сөйлейміз.  Жалпы қазақ-өзбек туыс қой, елдің қонақжайлылығының арқасында ешқашан ұлталарық келіспеушілік болмады. Әр ұлттың әдет-ғұрпын сыйлап, бірлікте өмір сүргенге не жетсін» дейді Мукарра апамыз.

Иә, 130-ға жуық ұлт пен ұлыс мекен ететін Қазақстанда ең бастысы достық пен ынтымақтастық екенін ешкім жадынан шығармай, бірлікті бағалап келеді. Достық пен береке  орнаған ел қандай қиындықты да жеңіп шықпақ.

Аман ІЗМҰХАН