17.02.2020, 10:15
Қараулар: 119
Әйгерім Азия чемпионатына барады

Әйгерім Азия чемпионатына барады

2020 жылдың 6-10 ақпан күндері Атырау қаласында самбо күресінен ерлер мен әйелдер және жауынгерлік самбодан ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Самбо саңлақтарының басын біріктірген байрақты бәсекеде еліміздің барлық өңірінен келген палуандар бақ сынасты.

Азия және Әлем чемпионатына іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жарыста біздің жерлестеріміз де өз бақтарын сынады. Нәтижесінде қыздар арасында самбо күресінен 52 келіде бақ сынаған Телемгенова Әйгерім чемпион атанып І орынды иеленсе, жауынгерлік самбодан ерлер арасында 100 келіде Кабулов Әділет тартысты бәсекеде үздіктер қатарынан көрініп, қола медаль иегері атанды.

Өз салмағында қарсылас шақ келтірмей алтыннан алқа тағынған Әйгерім: «Мен 52 келі салмақ дәрежеде бақ сынадым.  Қарсыластарым Жамбыл, Алматы, Павлодар облысының қас шеберлері болды. Ұтымды әдістерді қолданудың нәтижесінде алтын медальға қол жеткіздім. Енді алдағы Азия чемпинатына дайындыққа кірісемін. Болашақта мемлекетіміздің атын әлемдік додаларда шығарып, көк байрағымызды көтеруге бар күш-жігерімді саламын» дей келе, облысымыз жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болғанын да мақтанышпен жеткізді.

Ауданымыз бойынша самбо күресінен алғаш рет қыздар арасында спорт шебері атанған Әйгерім Маратқызы ендігі кезекте үстіміздегі жылдың маусымында Индонезия мемлекетінде өтетін Азия чемпинатына, қараша айында  Ашхабад қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысатын болады.

Жерлестерімізді жеңістерімен құттықтай келе, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.

Аман Ізмұхан