10.12.2019, 17:31
Қараулар: 401
Ұстазға арналған турнир

Ұстазға арналған турнир

Жуырда ұлағатты ұстаз, білікті бапкер, ҚР-ның білім беру үздігі Срымов Қази Серғалиұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті. Ашық аудандық турнирге Ресей Федерациясының Орынбор облысы, Орал қаласы БЖСМ, Орал қаласы жекпе-жек спорт мектебі, Бөрлі, Теректі және Шыңғырлау аудандары мен Алмаз, Ащысай, Ақбұлақ ауылдық округінің командалары қатысып,  бақтарын сынады. Ашық аудандық турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов спортшыларға сәттілік тілеп, арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. Турнирге Қази Серғалиұлының ұлы мен қызы, шәкірттері, спорт ардагерлері, жастар арасында грек-рим күресінен Азия, Әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, жарыстың бас демеушісі Орынбасар Кушев, ардагерлер арасында грек-рим күресінен жеті дүркін әлем чемпионатының жүлдегері Нариман Қайырманов қатысып, үлкен  қолдау білдірді. Аталмыш турнир екі күнге созылып, жүлделі орын алған спортшылар арнайы сыйлықтармен және медальдармен, аталымдармен марапатталды.

Турнирге қатысқан Қази Сырымұлының ұрпақтары мен әріптестері, шәкірттері ол туралы естеліктермен бөлісіп, ауданда спорттың осы түрін дамытуға қсоқан өлшеусіз үлесі туралы әңгіме өрбітті.

Гүлім Шынтас