20.01.2020, 17:32
Қараулар: 37
Әріптес аты — мәңгілік

Әріптес аты — мәңгілік

Адам еңбекпен қадірлі. Еселі еңбек еткен жанды ел құрметтеп, жұрты қошеметтейді. Сания Медхатқызы осындай адамның бірі еді.  Көңілі жаздай, жұмысын жанындай сүйетін  дәрігер арамыздан ерте ұзады. Десек те  ұмытылмастай із қалдырып, артынан айтылар  жақсы естеліктерімен ерекшеленіп кетті. Ерік-жігері молдығымен әріптестеріне үлгі болды.

Әсіресе, аудандық аурухананың, мектептердің салынуына  бар мүмкіндігін салып баққанын білеміз. Алғырлығымен талай рет ауданның абыройын асқақтатты. Өз басым, ең алғашқы рет, Ақтөбе медициналық институтын тәмамдап, осында келгенмін. Сондағы ең алғашқы ұстазым, ақылшым да осы Сәния Медхатқызы болды. Үйреткені  көп болды , оның іскерлігіне таңданатынбыз. Ол кезде  аурухана әлі салынып бітпеген, ескі ғимаратта  адам қарап, ем-дом береміз. Ара-арасы Сәния апамыз болса тыным таппай, отбасына, жұмысқа да үлгеретін. Жолдасының, балаларының, науқастардың да көңілін тауып отырды. Зейнеткерлікке шықса да жас мамандарды үйретуде оның іс-тәжірибелері  молынан пайдаланылды.

Үлкенге ізетті, кішіге кең пейілді дәрігердің шарапатына бөленген жандармыз. Сәби кезінде өзі емдеген  балалары қазірде ауданымыздың дамуына үлес қосқан азамат-азаматшалар болса, ал ажал аузынан аман алып қалған жандары  марқұмның аруағына дұға етуде.

Ауданымыздың құрметті азаматы атағы беріліп, оның үйіне  ескерткіш тақтайша орнатылуы біз үшін үлкен мәртебе.  Өзі өлсе де аты өлмейтін  жандардың бірі саналатын  Сәния Даулетжанова біздер үшін ұмытылмас тұлға, үлгі тұтқан әріптес.

Энгельс Ткатов,

Шыңғырлау аулының тұрғыны