22.03.2020, 9:15
Қараулар: 246
Ұмыт қалған салт –дәстүр жаңғырсын

Ұмыт қалған салт –дәстүр жаңғырсын

Ежелден ұлтымыз қазақи салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлген, оны әлеуметтік, тұрмыстық ұстанымдармен  жалғастырып отырған. Салт-дәстүр жоралғыларын «шыр» етіп сәби  дүние есігін ашқаннан, қара жерге кіргенше адам өмірінде маңызды рөл атқарған. Дәстүрді пайдалана отырып, ырым-тиымдар арқылы «жаман деген немене, жақсы деген немене» дегендей баланы кіші кезінен жаман әдеттерден аулақ болуға шақырып, обал -сауапты да түсіндіріп отырған. Ұл-қыз өсе келе оны ортаға бейімдеуде, қыз ұзатылып, ұл үйленерде де салтымыз  салтанат құрып,  отбасы құндылығын  санаға сіңіруге көмегі көп болған. Жоралғыларды жасай отырып, қыздың   қайын жұртына сіңісіуіне, ұлдың  қыз жағын құрметтеуге, құда-жегжаттың сыйласуына, отбасының беріктігін сақтауға осы салт -дәстүрледің көмегі көп болған. Өмірден озған жанды жерлеудің де өзіндік бір қағидалары осы салт-дәстүр арқылы,  ата-баба аруағын қадірлеу, еске алу арқылы  тірі адамдарға ой салып, құрметтеу жоралғылары  жасалып отырылған.

Ұлтымыздың осындай салт-дәстүрлерін  оқырмандар білсін деген ниетпен, ауылымыздағы ақ жаулықты ана, ұлттық дәстүрлерді жастарымызға насихаттап жүрген Талшын Тажкенова әжейден сұрап біліп, оқырман назарына ұсындық. Әсіресе, ежелден келе жатқан, өкінішке орай, ұмыт болып жүрген бірнеше салт пен жоралғыларды таңдап алдық.

                                         Босағаға ілу

Босағаға ілу жоралғысын қазіргі кезе біреу біліп, біреу білмес. Әсіресе жастар жағы білгендері жөн. Қызға құда түсіп, той жасалынады.Құда шақырып, барлық салтты сән құрып, жасалынады.  Ал күйеуге қатысты тағы  бір жоралғы  құдандалы екі жақтың  беріктігін одан сайын күшейтеді деп есептелінген. Нақтырақ айтқанда, екі жақ құдандаласып болып, қалыңдық жағы  тойды  атқарып барып, қыз аттанарда жасалынатын дәстүр.Сол күні  күйеу барлық  жұрттың ең соңында үйден шығуы тиіс. Ол үйден аттанарда босағаға  бір шапан іліп кетеді. Бұның мәні  қалыңдық әкетіп бара жатқан  күйеудің  «Осы үйдің босағасынан қол үзбеймін. Мен де осы үйдің бір ұлымын. Қашанда  ыстық — суығын бірге бөлісемін. Бұған сеніңіздер» деген ишараты екен.

Жау табақ

Үйге түскен қонағына өкпесі болса, сыртынан сөз қылған жаман ғадеті барын білсе, араздықтары болса, сертінен тайса, сол мейманның руына бір реніші болса, не бір басқа да көңіл жібімейтін жөнсіз қылықтары  арқылы айыпты болған қонағына «жау табақ» тартады. «Жау табақты» кейде «жай табақ» деп те атаса керек. Табаққа ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа салынады.

   Мойын тастау

Бұл дәстүр қыз жақ отау көтеріп, ұзатылғанда ғана ұйымдастырылады. Яғни, отау көтерудің тойына сойылған  малдың мойнын күйеу жігіттің табағына салып, ұсынады. Етін алып, айналасына ауыз тигізіп, оны тазалап  мұжіген соң түндіктің  ашық жерінен  сүйекті сыртқа лақтырады. Егер түндіктің  ашық жерінен дөп шықса  күйеу жігіт баршасынан мақтау алып,  жеңгелері оған «Келіншегің мәңгі сұлу болады деп»  оны сыйлыққа бөлейді. Ал  сүйек  алысқа ұшпай немесе түндіктің шетіне тұрып қалса, жығынды болып жеңгелеріне айып- пұл төлеп, құтылады. Балалардың немесе жастардың  қолындағы сүйегінің  шала мүжілгенін көрсе, болашақ келіншегің сұлу болмайды деп нандыру содан шыққан екен. Тағы бір  себепбі-баланы осылай, жас кезінен бастап, ысырапшыл болмауға шақырады.

                                     Шарғы салу

Әр қыз өзінің өмірден орынын тауып, бақытты болуға, уақыты келгенде отбасын құруды армандайды. Ал бақытын таптым дегенде артынан ерген   бауырларының да өзіндей бақытты болуын  ойлайды. Осындайда  тұрмыс құрып  ұзатылғалы отырған қыз  өзінің орамалын  сіңлісіне ырымдап береді.  Бұл сенің де  өз бақытыңды табуың керек немесе, сенің де бақытты болғаныңды қалаймын дегеннің белгісі. Бұл рәсім «шарғы салу» деп аталады. Шарғыны алған қызға  жолдас-жоралары, достары, құрбылары бақытына жетуіне ақ жол айтады,

                                              Өңір салу

Отқа шақыру  немесе үй көрсету деп аталатын тағы бір жоралғыны «өңір салу деп те атайды. Кейбір аймақтарда оны есік ашар деп те атап жүр.  Отауға ақ жаулықты аналар, әжелер арнайы келіп, мақамдап, әндетіп, шашу шашып, құтты болсын айтады. Шашумен бірге  өңір  әкеледі. Өңір деп  киімдер және бұйымдарды айтады. Сонымен қоса  терме бау, жас төсекке сұқ көз тимесін, қорған болсын деп, бүркіттің тұяғын, әдемі  үкі  әкеліп, үйдің ішіне іледі. Барлығы да жаңа шаңырақ құрғандарға  қажетті, әрі сәндік бұйымдар болмақ. Көз тюден сақтайды деп ырымдайды. Келгендерді  үй иелері арнайы қонақ қылып күтеді. Сонымен қатар, келін жақтан келген астан дәм таратады, сыбаға береді. Негізінен «өңір салу» дегеніміз  жас шаңыраққа көрсетілген құрмет және жәрдем десе де болады. Тек соңғы кезде осы  салттың ұмытылып бара жатқаны өкінішті әрине.

           Аластау

Аластау-халқымыздың ғұрпы бойынша өткен күндердегі ауырлық, реніш, сырқат бәрі ескі жылда,басқан ізде, жанған отта қалсын, жаңа жылда көңілдегі көркем ой, асыл арман, ақ тілектеріміз қабыл болсын деген ниетпен орындалатын мейрамның басты рәсімі. Негізі бастау алған жері қазақтар  қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға қоныс аударғанда көш керуенін лаулап жанған екі  оттың ортасынан өткізеді. Бұл да тазалаудың әрі наным сенімнің көрініс табуы. Қыстан шыққан үйдің айналасын, көшіп барған жерде қоныста да осындай ырым жасалады.Оны ақ жаулықты аналар, ауылға сыйлы үлкен әжелер атқарады. Адыраспан немесе дала жусанын түтетіп, үйді, қонысты  айналдыра отырып, «Алас, алас!» деп  мынадай сөздерді мақамдап айтады. Мысалы:

Алас, алас, пәледен алас!

Алас, алас, пәледен алас!

Жаңа жыл жарылқа!

Ескі жыл есірке!

Пәле жаладан сақтай көр, ұрпақтарымды аман ет!

Жамандық әрі кет, әрі кет!

Алас, алас, пәледен алас!

Ағып жатқан сумен кет!

Жанып жатқан отпен кет!

Алас, алас, пәледен алас!

Ауыртпалықтан аулақ қыл,

Жамандықты жолатпа.

Ел іргесін бүтін қыл.

Сәбилерді жылатпа,

Ағайын арасының дауынан сақта!

Алас, алас, пәледен алас!

Алас, алас, пәледен алас!

Алас, алас, көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас,

Жаңа жылым ұрпақтарымды пәле жәледен сақтай көр алас, алас,-деп айтылады.

Міне, осындай ырымдар мен нанымдар  адамға күш беріп, әрі рухтарын көтерген. Наным арқылы  жақсы күндерге талпынған, алдағы өмірге деген сенімдері нығайған. Иә, ұлтымыздың әрібір салт-дәстүрінің, ырымдарының өзі бір дүние. Астары терең.

Лайым,

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Дастарқанымыздан дәм кетпесін,

Көңілімізден сән кетпесін.

Ұрпақ, ұлыс аман болып

Өмірімізден мән кетпесін.

Құдай пейілімізді тарылтпасын,

Қуаныштан арылтпасын.

Халқым ешбір қамықпасын, дейік, ағайын!

Қасиеті шарықтасын!!!

Әумин

                                              Тіл кестіру

Тағы бір жоралғы  тіл кестіру. Ертеде халқымыз аурудың түрін  дәрігерсіз, өз күштерімен емдеп жазғандарын білеміз. Ырымдар арқылы адам санасына тікелей әсер ету арқылы да емдеп келген.Таза, саф ауа, ен жайлау, өзен-көлдің жағасын жағалап, аң — құсын тағам қылып, өзен-көлдің балығын жеген қазағымыздың ден саулығы мықты болған. Таза ауасы, мөлдір суы, құнарлы тағам ішкен адамға әсте  ауру жоламаған.Тек, ғасырдан  — ғасырға жалғасқан жаугершілік, қолдан жасалған ашаршылықтардан өлмесе, қазағымызда обыр, қан қысымы, буын аурулары деген мүлдем болмаған.  Дегенімен біреу-міреу аурып қалса,сол үйде  ереже, тиым -тәртіп қатаң ұсталған. Соның арқасында адамдар тез сауығып отырған.  Мысалға алсақ, қазақта аурудың  көңілін сұрау ымырттан бұрын болуын ескереді. Мал аяғы тиылған соң көңіл сұрауға болмайды. Бұл кезде адам тынығып, ем домын алар кез. Ауруы асқынған адам болса, сырқатқа бұл кез кіруге мүлдем тиым салынады. Себебі осы кезді пайдаланып балгер, тәуіптер ем жасаған. Ол үйге  қонақ та қондырылмайды. Ем шарты біткенше үйде тыныштық болуы шарт, ол қатаң қадағаланады.  Міне, бұны «тіл кестіру» деп атаған.

Міне, бұл ұмыт болған жоралғылардың бірнешеуі,  наурыз мерекесіне орай бұл дәстүрлерге тағы бір мән беріп, пайдамызға жаратсақ, нұр үстіне нұр демекпіз.

 Айсұлу АРЫСТАНОВА