20.01.2020, 17:19
Қараулар: 156
Танымал әннің тарихы

Танымал әннің тарихы

Сағадат Рахметжанов ағамды сырттай танып жүретінмін. Әнді әуезімен айтып, бүгінгінің емес, бұрынғының нақышын құлағыңа құйып беретін әншілігі ұнайтын. Шертіп қағып жүректің пернесін сөйлетіп, төге тартып тамырыңдағы қаныңды қыздыратын домбырашылығы да тамаша. Әрбір әннің тарихын зерделегенде сөзге шебер, тарихын тартымды баяндайды. Зерлі шапанды желбегей жамылып, үкілі бөрікті маңғаз тербеп, ақ домбырасын айқара құшып сахнада тұрған келбеті де өзгеше енді. Бұрынғы серілерді көзіміз көрмеді, бүгіннің серісі  осы кісі деп топшылайтыным да сондықтан. Өнері де, ой-өресі де біраз әсер қалдырған осы ағамен танысудың сәті «Ғарекең жүрген жолдармен…» тақырыбындағы концерттік сапармен ауданымызға келгенде түсті. Ән тербеген әдемі кеште Сәкеңнің сахнаны сазымен елітіп, тебірентіп барып, келесілерге кезек берген тұсында сахнадан шығуын қарайлап жүрген мен тез жақындап, аузымды толтырып амандастым. Сәлемді жылы қабылдап, жатырқамады. Жергілікті басылымнан екенімді айтып, ілесе жөнелдім, аман-түгел сұрасып, тыныш бөлмеге келіп қалдық. Өнері, өмір жолы тұрғысында тез-тез сұрастырып жатырмын. Жымиып қойып, жауап беріп отырды. Сол сырбаздығын, маңғаздығын жоғалтпай, әдемі сөздерді ақтара отырды. Шешен сөйлейді, тақпақтай тартып, мақалмен әдіптеп жібергенде орайлы сөзге жаның сүйінеді. Сол бір сәл тыныста батыс әндерінің шежіресін ешбір тарихшыдан төмен білмейтін Сағадат аға бір әннің тарихын айтып берген еді.

Ол ән өзіміз жиі естіп жүрген кәдуілгі «Он алты қыз» әні. Бұл әннің осы шыңғырлаулық ақынның шығармасы екенін де осы кісіден естідім. Таң қалдым, үш ұйықтасам түске кірмейтін бұл жайды тезірек білгім келіп, қағаз-қаламымды сайладым.

— Осы Шыңғырлау өңірінде Дәуке Шолақұлы деген адам өмір сүріпті. Ержан, Нұржан деген екі ағасымен үш болыс елді басқарған кісілер болған екен. Дәуке әрі ақын, әрі әнші болғанға ұқсайды. Жаңағы  мен шырқаған «Жас дәурен» әнінің авторы сол Дәуке Шолақұлы.

Патша ағзамның заманында Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған үлкен той болыпты Орынборда. Сол тойға қатысуды ұйымдастыру Қаратөбе өңірінің тумасы, Мұхамеджан Сарғожин деген азаматқа тапсырылыпты. Тойға жақсы әнші, күйші, ақын әкелуді және орысшасы аралас әзіл ән даярлауға тапсырма берілген екен. Сол тойға Мұхамеджан болыс Дәуке Шолақұлын алып барыпты. Тойда тапсырмаға сәйкес, орысшасы аралас, бүгінде «16 қыз» деп айтылып жүрген әннің алғашқы нұсқасын Дәуке орындаған екен.

Алғашқы нұсқасында бүгінде «второй, третий сорт толып жатыр, первый сорт қайдан шыққан сенің өзің…» деген жолдары «сендей қыз Лондонда, Парижде жоқ, особый қайдан шыққан сенің өзің» деп айтылған екен.

Ал, жоғарыда айтылып өткен Мұхамеджан Сарғожинның ұлы, кадет корпусының түлегі болған Сабыр Сарғожин кейіннен Алаш Орда үкіметінің әскерін басқарған, яғни, өмірде, осы батыс өңірінде нақты болған адамдар. Міне, сізге тарих, өмірін өзгелерде қайталанбайтын әнімен өрген халқымыздың өнер шежіресі. Рухани жаңғыру дегеніміз де осы ұмытылып бара жатқанымызды қайта жаңғырту, бүгінгі уақытқа икемдеп, қайта жаңарту деп түсінгеніміз абзал.

Ал, облысымыздағы Мұхит Мерәліұлының атындағы қоғамдық қордың төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов ағамыз Алаш аспанын әнімен тербетіп, арамызда жүр. Бір келген сапарында бір әннің тарихын тәптіштеп кеткен өнерпаз жанның тарихшыл тұлғасы, ұлтқа, өнерге жаны ысып тұратындығы тәнті еткен еді мені. Сәті түссе әлі талай әннің тарихы тәптіштелер, тек қазына кеуде, ойсандық тұлғаларымыз аман жүрсін дейік..!

 

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы