26.05.2020, 12:04
Қараулар: 157
Жұмысымыз бүгінгі күннің талабына сай

Жұмысымыз бүгінгі күннің талабына сай

Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. ХХІ ғасырда кітапхана саласын дамыту тек республика ішінде ғана емес, халықаралық ктіпханалармен байланыс орнату, пайдаланушыларға сапалы қызмет көрсету, жаңа технология, бағдарламаларды енгізу, кітапхана қорын насихаттау, ақпараттық ресурстарды құру мен сақтау-бұл жаңа бағытта жұмыс істеуді талап етеді. Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорларын сақтау-бүгінгі күннің талабы.

Әлемді алаңдатқан індетке байланысты елімізде  төтенше жағдай жарияланып республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет мекемелері онлайн-режимде жұмыс істеуге көшкен болатын. Осынау күрделі кезеңде Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі кітапханалары да барлық мәдениет мекемелері сияқты дәстүрлі жұмыс үрдісінен пайдаланушыларға қашықтан жаңа форматта қызмет көрсетуді қолға алды. Бұл орайда кітапханалар өз қызметін қашықтан әлеуметтік желілер және /WWW.LIBRARY-CHING.KZ/ кітапхана сайты арқылы жүзеге асырып отыр. Facebook желісіндегі кітапхана парақшасында пайдаланушыларға бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге кеңестер және атаулы күндерге арналған ақпараттар беріліп отырса, кітапхана сайты арқылы кітапхана пайдаланушылары назарына өлкетану бағыты бойынша яғни өлкенің табиғаты, тарихы, Шыңғырлау ауданының ардақты азаматтары туралы мәліметтерімен қатар «Шұғылалы Шыңғырлау», «Жеңістің 70 сәті», «Shyngyrlay» кітаптарынның электронды нұсқасы ұсынылды.Kaz.neb.kz, Kitap.kz, Adebiportal.kz, Qazradio.kz сайттарына сілтеме беру арқылы оқырмандарға түрлі жанрдағы әдеби шығармалардың электронды нұсқалары оқуға ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері осылай өз оқырмандарын өзекті ақпаратпен дер кезінде қамтамасыз етумен қатар, қызықты, мазмұнды жобалар ұйымдастырып, онлайн форматта шаралар өткізіп отырды. Бұл бағыттағы жұмыс барысы пайдаланушылардың түрлі танымдық қызығушылықтарының артуына ықпал етуге және жылдың атаулы күндері ақын-ағартушы, ойшыл, ұлтымыздың мақтанышы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына, Ұлы даланың ұлы тұлғасы Әл Фарабидің 1150 жылдығына, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналды. Атап айтатын болсақ Facebook желісіндегі кітапхана парақшасында #ABAI175 хештегімен ұлы ақынның нақыл сөздері жарияланып, кітапхана оқырмандары ақынның шығармаларын оқыды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Аталар ерлігі ұрпаққа өнеге» жобасы аясында Ұлы Отан соғысында Отанды қорғаған жерлестеріміздің ерлігімен таныстыру,өнеге тұту мақсатында ауданымыз бойынша ардагерлер туралы мәліметтер ұсынылып, #ШыңғырлауЖеңіс75 #75летиюПобеды #ЧитаемВместе хештегімен жарияланған желілік акция аясында оқырмандар назарына Ұлы Отан соғысы туралы басылымдардан виртуалды көрме ұсынылып,  поэзия және прозалық шығармалардан үзінділер оқылды. Бұған қоса кітапхана оқырмандарына #БізБіргеміз#Меніңсүйіктіақыным#Поэзияәлемі айдарымен өлеңдер оқуға ұсынылып, оқырмандар жолдаған видео оқулар кітапхана парақшасында жарияланып отырылды. Осындай шараларды жүзеге асырып отырған аудан кітапханалары республикалық, облыстық деңгейде қашықтан ұйымдастырылып жатқан «Маған ұнаған жыр…» атты поэтикалық онлайн жыр байқауына, «ЖЕҢІС@БЕТТЕРІ/// ПОЛК@ПОБЕДЫ» патриоттық акциясына, «Аталар ерлігі — ұрпаққа ұлағат»  атты облыстық   шығармашылық жұмыстар байқауына, «Біз ­ Ақжайықтанбыз» облыстық өлкетану викториналық сұрақтар сайысына белсене қатысты. Осындай байқауларға қатысқан кітапхана оқырмандарының жетістіктері де жоқ емес. Айта кетер болсақ, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен «Маған ұнаған жыр…» атты поэтикалық онлайн жыр байқауына Ақсуат ауылдық кітапханасының оқырманы Аманқызы Інжу, Ащысай модельді ауылдық кітапханасының оқырманы Таңбай Нұржігіт, Ақтау модельді ауылдық кітапханасының оқырманы  Бисенбиева Раушан қатысып, Ұлттық академиялық кітапхана атынан сертификатқа ие болды. Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқушы оқырмандар арасында қашықтан өткізген онлайн байқауында Ақсуат ауылдық кітапханасының Айтмұхамбетовтар отбасы ІІІ орынға ие болды. Халықаралық отбасы күніне орай Хамза Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы-2020» облыстық онлайн байқау қорытындысы бойынша Ащысай моделді ауылдық кітапханасының оқырмандары Жанакашевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, әріптесіміз Гүлназ Айтжанова Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының жас кітапханашылар арасында ұйымдастырған «Абай – қазақ халқының алтын діңгегі» атты облыстық онлайн трибьютке қатысып «Креативті жас кітапханашы» аталымы бойынша дипломға ие болып, марапатталды.

Осы кезеңде ізденіспен жұмыс жасаған Ащысай, Ақтау ауылдық моделдік кітапханалары мен Ақсуат, Сегізсай және аудандық астық қабылдау аймағындағы кітапханалар жұмыстарын атап өтуге болады. Балалармен жұмыс әдіскерлері әріптестеріміз Г.Айтжанова мен А.Райымқұованың еңбектері де атап айтуға тұрарлық. Жалпы, байқауларға оқырмандарын әзірлеп, белсенділік танытқан ауылдық кітапханалар жүйесінің жұмыстары мақтауға тұрарлық. Бұл әсіресе, алда келе жатқан кітапхана қызметкерлері мерекесі қарсаңында атап айтуға тұрарлық жәйттар деп біле отырып, барлық әріптестерімізге алдағы уақытта да ізденіс жетегінде жүріп, табыс төрінен көріне беріңіз деген тілегімізді жеткізуге мүмкіндік береді.

Заман ағымына лайық кітапханалық қызметтің жаңартылған әдістерін меңгерген кітапхана қызметкерлері алда да заманауи бағытта оқырмандарына қызмет ете бермек.

                                                                           Г.БЕРДЕҒАЛИЕВА,

аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары