20.01.2020, 17:37
Қараулар: 37
Жұмадағы игі амал

Жұмадағы игі амал

Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жақсылық пен игілікті іс жасау-үлкен адамгершіліктің белгісі. Осындай игі істің жаршысы болып, аудандық мешіт жамағаты да  жұдырықтай жұмылып, жерлестерге жақсылық шарапатын ұсынуда.  Мұны аудандық мешіттің бас имамы Ринат Шафхатұлының өз аузынан естідік.

«Екі дүниенің сардары, адамзаттың асылы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі» деген екен. Қоғамдағы жақсылық адамдардың бір-біріне деген махаббатынан қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Таныс-бейтанысқа бауырындай қарайтын адам өзін ғана емес, ізгі амалымен өзгені де тәрбиелейді. Осы тұста біздің аудандық жамағат арасында да «қандай ізгі амалға жұмылсақ» деген өзара пікір туып, талқыға түскені рас. Содан, ойласа келе, әр аптада жұма намазына келген жамағаттың ішіндегі ниеттілер 500 теңгеден (бұл міндетті сома емес, қаражат көлемі әркімнің өз қалауына байланысты) тапсырып, жиналған ақшамен ауданымыздағы аз қамтылған отбасылар мен жалғыз басты қарияларды бір айлық азық-түлікпен қамтуды қолға алдық. Бастаманы жамағат түгел қолдап, әркім өзінше көмек қолын созуға белсенділік таныта бастады. Бүгінгі күнге дейін үш отбасыға: бір аз қамтылған, бір көпбалалы отбасыға және бір жалғызбасты қарияға өз көмегімізді бердік»,-дейді Ринат Шафхатұлы.

Алдағы уақытта аталған қайырымдылық істі аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де жалғастыруду жоспарлап отырған жамағатқа «Жаратқан игі амалдарыңызды сауаптан жазсын» дейміз.

Самат Байболат,

Шыңғырлау ауданы