21.03.2020, 11:01
Қараулар: 336
«Жүз» туралы бір дерек

«Жүз» туралы бір дерек

Жүзін айтса жүзіне қан жүгіретін қазақпыз. Бүгінгі рухани жаңғыру көшінде көбірек қозғалып, елдігіміздің ерекше белгісі- кодын жоғалтпау туралы айтылатын мол тақырыптың ішінде осы жүзге бөліну де бар. Өзгеде жоқ, өзімізде ерекше орны бар бұл ұғымның мағынасы да әрине, тереңірек. Иә, біз білетін жеті атаға дейін қыз алыспау, қан тазалығы, тұқым дұрыстығы бұл ұғымның негізгі тірегі де, сонымен қатар, кең байтақ даланы мекендеудің, яғни, табиғи-географиялық орналасу, әкімшілік- аумақтық басқару, шаруашылық және мәдени-кәсіби дамудың да негізгі қажетінің бірі болды. Бүгінде айтылып жүрген «жүзге бөлінгеннің- жүзі күйсін» деген пікірдің де бұл ұғымға мүлдем кереғар келіп қалатын тұсы көп. Себебі, қазақ даласының үш жүзі түптеп келгенде біріге қол құрап, кез-келген жауды тұралатып отырған. Тарих парақтары да Қазақ даласында өткен соғыстарда қай жүзден, қанша әскер санының келгенін санамалап отырады, яғни, бұл мәселе негізінен бірігудің, ұранды қол жиюдың бір тетігі деп саналған.
Тәңірлік дүниетанымды өмір-тіршілігінің өзегіне айналдырған Ұлы Дала халқының түсінігінде Тәңірдің бір белгісі- Күн деп қабылданған. Күнге табыну, жаңа атып келе жатырған күнге сәлем ету, күнге жүзін бұрып тұру, осының бәрі Тәңірге жүзіңді көрсету, тәу ету деген түсініктен туған. Күнді Тәңірінің көзіне балаған көшпелі ел киіз үйін де күнге қаратып тігіп, уақытты да сол Күннің жолына орай, киіз үйдің кереге-уығының бойымен белгілеген. Күні бүгінге дейін сақталған оттың табымен жүзін сипап, отқа май құятын үрдіс те сол жердегі отты көктегі күннің сынығы деп санауынан. Бұл деректер қаламгер-ғалым Ақселеу Сейдімбековтың «Қазақ әлемі» кітабында көбірек келтіріледі.
Сол жүзін күнге бұрған көшпелі жұрт өз даласында орналасуына қарай, күншығысқа жақын жатқан елді -Ұлы жүз, батыспен ортадағы елді — Орта жүз, ал, батыстағы жұртты- Кіші жүз атаған.
Жалпы біртұтас елдің бұлай ішінара бөлінуі мемлекетті басқарудың тиімді тәсілі, шаруашылық пен кәсіптің үш түрлі бағытта өріс алуы, халықтық өнер, мәдениет, фольклордың да түрліше дамып, өзіндік стилі болуына бастады. Сондай-ақ, ішкі текетірестерде, дауларда ара ағайындық бітуажа айтылып, дала демократиясының мықты жүруіне де себеп болды.
Мемлекет бір болғанымен, әр жүз өзіндік ерекшеліктерімен, қолөнерімен, ауыз әдебиетімен, дәстүрімен бір-бірінен айырмашылықтары болды. Осы тұстарда «Ұлы жүзді –қамшы беріп дауға қой, Орта жүзді-қауға беріп малға қой, Кіші жүзді- найза беріп жауға қой» деген халықтың қанатты тәмсілі айтылып, тарихта қалды.
Ақселеу Сейдімбеков «Қазақ әлемі» кітабында: «бір кездері қуатты мемлекет болған Ғұн тайпаларының шығыс өңіріндегі Гансу өлкесінде «Ұлы жүз» (да юечжи)деп аталған тайпаның да болғаны жөнінде қытай жазбаларында дерек бар. Олар Ғұн тайпалық одақ құрамында болған. Біздің жыл санауымызға дейінгі 174 жылы әйгілі Мөде (Боғда) хан дүние салып, баласы Көшу (Ересен) таққа отырады. Осы кезде қытайлардың айдап салуымен Ұлы жүз бүлік шығарып, Көшу хан оларды оңдырмай жазалап, Еренқабырғаның (Тянь-шань) сыртына қуып тастайды. Алайда олар бұл өңірде де ұзақ тұрақтай алмай, ығыса-ығыса Арал, Үстірт, Каспий маңына жетеді. Кейін көшпелі тайпалар бас құрап, тарих сахнасына шыққанда, бір кездегі Ұлы жүз өзінен өзі Кіші жүз боп шыға келді. Себебі, олардың ендігі мекені біртұтас ұлттық-саяси құрылымның батыс жағында еді. Ал, шығыс-оңтүстіктегі Үйсіндер, енді Күн жолындағы бірінші ел болып қалғандықтан Ұлы жүз атанды»делінген.
Жоғарыда айтылып өткен дерекке дәлел, яғни, бүгінгі Кіші жүз құрамындағы рулардың бір кездері түркілік әлемнің шығыс бетін қоныстанғаны, Оңтүстік Сібірді, Маңғолия жерін, Қытайдағы Гансу өлкесін мекен еткенінің белгісі жергілікті жер-су атауларында жатыр. Бұл туралы белгілі тарихшы- ғалым, қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайрат кері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі- Мұхаметжан Тынышбайұлы былай деп айтып кеткен:
«- Обь өзенінің екі сағасы- шығыс жақтағы Чұлым мен батыс жақтағы Томьға Кузнецк Алатауы суайрық болып жатыр. Чұлымның сол қанатындағы сағаларының бірі-Беріш деп аталады. Оның батысын ала 40 шақырымдай жерде «Берішкөл» деген көлі бар. Сол көлден 70-80 шақырымдай жерде Томь өзенінің бойында су жайылған кезде кеме мен салға қауіпті Бүріш деп аталатын су асты жартастары да бар. Берішкөлдің батысын ала 50 шақырымдай жерден Алшедат өзені басталады. Обь өзеніне құятын Қатын өзенінің оң жағындағы сағаларының бірі-Шеркиш деп аталады. Ачинскіден (қала атауы) солтүстікке қарай 100 шақырымдай жерде Үлкен және Кіші Кеть деп аталатын өзендер бастау алады. Чұлым өзенінің бойында және Томь өзенінің батысынан бастап, жаңағы айтқан Беріш өзені, Беріш көлі, Бүріш жартасы, Алшедат өзеніне дейінгі аймақта Қызыл деп аталатын түркі тайпасы тұрады. Оның құрамында Үлкен Алчын және Кіші Алчын деген рулар бар. Ачинск қаласының атауы да «л» әрпі түсіп қалған Алшын дегенді еске түсіреді. Біздің қазақта бір әріпті тастап айту бұрыннан бар. Мәселен, «алшы» деудің орнына «алш» немесе «ашы», «әкелші»-ні «әкеш», «әккел» деп айтыла береді. Ал, Шеркиш, Кеть атаулары кіші жүздегі Шеркеш, Кете деген бар рулар» депті.
Байқағанға бәрі үйлесетін сияқты. Алшын деп жалпы 29 рудан құралған Кіші жүзді айтсақ, оның ішінде Беріш, Шеркеш, Кете руларының бары рас.
Осы қысқа- қайырым пайымдау ғалым-зерттеушілердің келтірген дәлелдерін алдыға сала отырып, арғы тамырымыздың қай жақтан бастау алатынын да біліп жүру артық болмас деген оймен назарыңызға ұсынылды, қадірлі оқырман. Негізі, мұның бәрі кейінгі ұрпаққа керек болуы бек мүмкін.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ