20.01.2020, 17:22
Қараулар: 41
      Жаңакүштің Жөлекені

      Жаңакүштің Жөлекені

Орынғалиев Жолдығали-Жаңакүште туып-өскен жайсаң жан. Осынау ақкөңіл азаматты бала кезінен білуші едім. Аздаған уақыт Правда сегізжылдық мектебінде бірге оқып тәрбиеленген едік. Шәрен, Жәнібек,Төлеген ағайлардың, Әсия, Назым апайлардың алдын көрдік.

Жолдығалидың спортқа жақын болып,өсу жолдары осы мектепте басталып, кейін мектеп-интернатқа ауысқаннан соң жаңа қарқынға ие болғаны сөзсіз. Табиғатынан ақ көңіл, ашық, алғыр Жолдығали сабағын да оқыды, қоғамдық жұмысқа да араласты, галстугы желбіреп жүгіріп жүретін тығыршықтай сары бала күні бүгінгідей көз алдымда. Әсіресе,спорт дегенде ол жанып кететін.Ол кездегі балалардың спортқа деген құлшынысы да ерекше еді. Футбол, баскетбол, волейбол ойындарының қай-қайсынан да мектеп-интернаттың спортшылары биіктерден көрінетін.

Жөкеңнің командалас достары қатарынан Серік Өтекеев, Әділхан Сейілханов, Серікқали Байболатов, Өмірбек Нұғманов, Айболат Қайырғалиев, Қайыршақ Қыдырғалиев т.б жігіттерді атап өтуге болады.

Жөлекеңнің (ел солай атайды) жүрген жері көңілді, жарқын күлкі, жайлы отырыстарға толы болатын. Гармонын қолына алып жіберіп, орысша, қазақша әндерді әуелете салғанда, көңіліңді қуаныш кернеп, жаныңа жылулық ұялайтын.

Өмірлік ұстанымын ұстаздықтан таңдап Жолдығали Бақтығалиұлы Жаңакүштен алғаш рет бокс секциясын ашқаны да есімізде. Жоқтан бар жасап, өзін де, өзгелерді де мазалап жүріп Жаңакүш боксының негізін салғанын да жерлестер ұмытқан жоқ. Әр іске де жан бере кірісетін, елін, жерін ерекше ұнататын ондай азаматтар сирек-ау. Әркез де беріліп істеген жұмыс нәтижелі болары хақ. Жаңакүштік балғын боксшыларды Орал қаласындағы спорт интернатқа қолдарын жетелеп жүріп орналастырып жүргенін бір кездескенде қуана баяндаған болатын. Нәтижесі де жарқырай көрінді емес пе?!

Бұл күнде әлем танитын халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерік Әлжанов, Азия чемпионатының қола жүлдегері Аслан Есенов, талантты боксшы Қайыржан Қазиевтер ағаларының берген алғашқы тәлімін абыроймен атқарып жүргені де ақиқат.

Жұбайы Қарылғашпен тәрбиелеп өсірген ұлдары Жолдасқали мен Жақсығали, қызы Сандуғаш әке атына сай жақсы азамат-азаматшалар боп өсіп келеді. Қылышын сүйретіп қыс келді. Жаңакүш қырларын қар басты, Електің бетін де мұз жапты. Сағадан соққан самал жел де боран мен бұрқасынға ұласты. Әйтсе де ауыл, туған жер деп мағыналы өмір сүрген  Жолдығалиға деген ыстық жерлестердің сыйластық,бауырластық сезімдері суымақ емес. Біз де соған сенеміз.

 

Адақ Шотпанов