5.03.2020, 10:57
Қараулар: 245
Домбыра-тәрбие құралы

Домбыра-тәрбие құралы

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра» — деген еді Қадыр ақын. Сол нағыз қазақтың аспабының біз білмейтін, білсек те байыбына бара бермейтін қыры мен сыры көп. Қарапайым ғана қоңыр ағаш бойында қаншама құндылық жасырынып жатыр. Қолына домбыра ұстаған балаға имандылықпен дарындылықтың жылуы дарып, қатігездіктен аулақ болады.  Домбыраның өзі ұстаз.

Білім беру  жүйесінде біраз реформа жасалды, соған сай стандарт жаңартылды. Ал сол жаңа құжаттағы басты мақсат-жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қалыптастыру.

Ғалымдар мектептердегі білім сапасын көтеру мақсатында шетелдік тәжірибелерді зерттеді, сондағы ең көп ауызға алынатыны-итальяндық педагог М.Монтессоридің ұсақ қол моторикасын дамытуға бағытталған әдістемелері. Бұған қоса украин ғалымы В.Сухомлинскийдің «Балалардың мүмкіндігі мен дарындылығының бастамалары саусақтарының ұшында.Бейнелеп айтқанда, саусақтарынан  шығармашылық айын қоректендіретін өте жіңішке жылғылап сынды жіптер тарайды. Баланың қолында неғұрлым шеберлік көп  болса, соғұрлым ол ақылды болады» дегенін алға тартады. Бірақ шын мәнінде ХХ ғасырда өмір сүрген жоғарыдағы ғалымдардың жаңалығын қазақ халқы бірнеше ғасыр бұрын ашып қойғандай. Домбыра XIV ғасыр жазбаларында да кездеседі,  одан бұрын пайда болғанына да күмәніміз жоқ. Ал осы сан ғасырлық шежіренің бір қыры- рми жұмысын жетілдіру. Себебі домбыра тарту- тұнып тұрған моторика. Ал саусақтың ұшында мидың жұмысын жақсартатын нүтелер барын ғалымдар дәлелдеген. Пернелер басқанда әрбір саусақ қимылдайды, ал екінші қолдың саусақтары шерткенде, төккенде, қағысты үйренгенде әрекетке түседі. Демек қос қолды, білезікті, білекті, саусақты шынықтырады. Бұл жазу деген күрделі процесті бастан өткізетін мектепке дейінгі және бастауыштағы балаларға ең қажетті жаттығу.

Домбыра шерту баланың жүйке жүйесі мен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуатын арттырып, шығармашылық қана емес, танымдық есте сақтау қабілеттерін дамытады. Сол себепті де ұлттық аспабымыз тек қана мақтанышымыз емес, рухани дүниесі жан-жақты дамыған, салауатты өмір салтын берік ұстаған жеке адам тәрбиелеу құралы да болып табылады.

 

Г. ӨМІРАЛИЕВА

 аудандық «Балалар саз мектебінің»

домбыра класының І санатты оқытушысы