31.07.2020, 11:00
Қараулар: 58
Басты мақсат — сау адамның өміріне қауіп қылмау  

Басты мақсат — сау адамның өміріне қауіп қылмау  

           Баршамыз естіп білгендей, жақында «Қазақстан мұсылмандары» діни басқармасы халыққа арнап, коронавирус індеті кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты мәлімдеме жасады. Бұл еліміздің барлық ақпарат көздерінде, ақпараттық желілерде кеңінен жарияланды. Десек те, қоғам болған соң оның кемшін тұстарының да болатыны сияқты, кері тартпа пікірдегі адамдар да арамызда баршылық. Сол себепті  дін өкілі, әрі ауданымыздың бас имамы  Ринат Шафхатұлынан бүгінгі таңдағы өзекті деген сұрақтарға жауап алу  мақсатында алынған сұхбатты жариялап отырмыз.

 

 — Ринат Шафхатұлы, осы мәлімдеме көпшілікке жетті деп ойлайсыз ба және ол орындала ма?

Байқағанымыздай, тек біздің ғана елге емес барлық әлемге, адамзат баласына қауіп төнген шақ. Бұл аты жаман індет тіпті біздің ұлттық салт-дәстүрімізге, ата-баба мұра қылған діни тағылымдарға да салқынын тигізуде. Өлім-жітім көбейіп, тіпті адам өлгенде қазасына кісі шақыруға болмайтындай жағдайға жеткізді. Десек те, бұның барлығы да сау адамның амандығы үшін екенін барша жұрт түсінулері тиіс. Дін қағидаларында да ең алдымен адам саулығын басты орында қояды емес пе. Демек адамның амандығы үшін уақытша болса да дәстүріміздің кейбір шарттарын сақтау міндеттелмейді.

Үкімет пен санитарлық шараларды қабылдайтын, бақылайтын органдардың жұмысына  кедергі болмай, әрі өз жеке бастың, отбасының амандығын ойлап, осындай шарттарға бір ауыздан келісуіміз щарт. Сонда ғана уақытша қиындықтарды бастан өткеріп, тек осы арқылы ғана  пандемияны  жеңбекпіз.

 — Сонда қандай шарттардың орындалуы және қайсыбірінің орындалмауы қажет?

Санитарлық шектеулер ең алдымен адамы қайтқан үйде қатты қадағалануы тиіс. Тіпті ол короновирус емес, басқа да қосымша аурулардан көз жұмған болса да, тест нақты анықталмаса да адам келуді азайту, бала-шаға мен үлкендерді  аулақ ұстау, мәйітке тек қана  сақтану құралдары, арнайы киімдері бар адамды ғана жақындату керек. Тарқатып айтсақ, мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу, жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдарға бетперде тағу, қол алысып амандаспау. Жаназа намазын 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару қажет. Зейнет жасындағы кісілер, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдар және мектеп жасындағы балалар  жаназа намазына қатыспаулары тиіс. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау ләзім.

Жаназа намазын қоғамдық орындарда өткізбеу, қабір басын көтеру, кесене салу және оны қоршау жұмыстарын тоқтату дұрыс. Тек марқұмның басына белгі қоюмен шектелу шарт.

 — Ал қайтқан адамның үйінде ас беру, аз-мұз болса да еті жақын адамдардың әлі де жиналуы орын алуда, бұған не дейсіз? Себебі, қазақы салт-дәстүрді ұстанбады  деген реніштер де тууы  мүмкін ғой?

— Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы,  жылы тағы сондай құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату ұсынылған. Және осы қағидалар қашан карантин жағдайы, тіпті елімізде  бәрі жақсарғанға дейін өткізуге тыйым салынды. Біз өз тарапымыздан да айтып, түсіндіріп отырмыз. Себебі, біздің ауданымызда да осы короновирустан көз жұмғандар бар. Және жаназасына кісілер көп барып, өзгелердің де ауырған фактілер де орын  алған. Сол себепті тыйым қатаң болуы тиіс.

 — Адамы қайтыс болған үйге дәстүр бойынша барып көңіл айту дұрыс. Ал қазіргі таңда еліміздегі орын алып отырған эпидемиологиялық жағдай кезінде бұл қалай болмақ?

— Әрине, ет жақын туысың немесе қабырғасы қатар тұрған көршіңе телефонмен көңіл айту ыңғайсыз. Сол себепті бет перде киіп, бір сәтке ғана кіріп, көңіл айтып шығуға болар. Ал енді қалғандары таныс-жуықтан қайтқандар болса, кешірім сұрап қана телефонмен көңіл айтқан дұрыс.

  — Өмір болған соң, қуаныштар да қатар жүрері сөзсіз. Оның да өз заңдылықтары бар. Қайғы бөліскенде ғана жеңілдер, ал қуанышты бөліссең көбейер дейді. Қыз ұзатып, келін түсіріп, бала сүндеттеу, туған күн деген сияқты отбасылық мерейтойлар мен шаралар бар. Бұндай жағдайда қалай өткізген дұрыс?

— Абзалы, бас санитарлық дәрігердің қаулысымен танысып, барып атқарған жөн. Ол мамандар бостан-босқа жарлық қылып, шешім алып отырған жоқ. Демек, індеттің ауылын алыстату үшін осындай шараларға барып отыр. Сол себепті келін алсақ та, оны тек отбасымен ғана қарсылап, сүндетке отырғызғанда да тек қана бір-екі адаммен шектелу жөн. Бұл жерде қуанышты бөліспеу емес, ең бастысы, сау адамдардың өміріне қауіп төндірмеуді ойлаған жөн.

 —  Ал, құдайы астар мен жаназа намазына қатысты не айтар едіңіз?

  — Әрине, ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүр бойынша қазағымыз мерекелік, діни шараларды, жиындарды өз уақытымен, Алланың рұқсатымен, ризашылығымен өткізіп келді. Дегенмен де, құдайы астарды елімізде эпидемиологиялық жағдай толық тұрақталғанға дейін тоқтату дін басқармасының қаулысы бойынша нақтыланды. Енді жағдай дұрысталғанша  ешқандай ас беру, садақа өткізуге болмайды.

  — Міне, көптен күткен Құрбан айт та келіп жетті. Иісі мұсылман құрбандық шалып, заңдылықтарын орындамақ. Бұған қатысты да өзгерістер бар болар?

— Иә, шілде айының 31-нен басталып, тамыздың 1 және 2-ші жұлдызы Құрбан айт деп белгіленді. Құрбан шалу рәсімдері де бас мүфтидің нұсқаулығымен орындалмақ.

Айта кетсек, бұған дейін құрбандық шалуға шектеу қойылады деп ешкім ойламаған. Бірақ коронавирус бұрынғы салт-сананы түбегейлі өзгертті. Осы жолы да құрбандық қашықтан шалынады.

«Қазақстан мұсылмандары» діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, бүгінде қашықтан құрбандық шалу тәжірибесі Түрік, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан бері бар және жыл сайын жасалады. Қазіргі карантин жағдайында осындай жаңашылдықты елімізде қолға алу туралы шешім қабылданды. Бірақ онлайн-құрбандықтың барлық еті мұқтаж адамдарға таратылады.

Осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық дастарқан жаятын. Енді пандемия жағдайына байланысты онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады.

 — Әңгімеңізге рахмет! Бұл сұхбатымыздың сауалдарына жауап іздеген көпшілікке  пайдасы тиер деген үміттеміз.

                                                                Жазып алған  А.АРЫСТАНОВА