11.08.2020, 16:09
Қараулар: 46
Сауапты істен сырт қалмайық

Сауапты істен сырт қалмайық

«Өрт-тілсіз» жау деген сөзді әр адам өз басына түспей салдарын түйсіне бермейді. Жуырда ғана Ащысай ауылдық округінде орын алған өрт  алты бірдей отбасының қысқа деп алынған мал азығын, қора-қопсысын, өзге де үй-жайға деп тұрғызылған құрылыс орындарын тып-типыл етіп кетті. Әйтеуір, бір қуаныштысы тұрғындардың өздері дін аман, тұрып жатқан үйлерін өрт шарпымағандығы.

Оқиға орнында болып, келген шығындардың салдарын егжей-тегжейлі қарап, есептеп қайтқан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері 348 шаршы метр аумақты алатын шаруашылық мақсаттағы қора-қопсыны, жиналған 77 тонна шөпті және 24 текше метр қатты отынды өрт тілі жалмап кеткенін айтады. Бұған қоса әр тұрғынның белгілі мақсатқа қолданғалы отырған аулаларындағы бос жер телімдері тағы бар екен.

Өрт кезінде хал-қадірлерінше көмекке ұмтылған ауыл тұрғындары қасақана өртеу оқиғаларының болуы мүмкін емес, не де болса сол күндергі аптап ыстық, қызған әйнек сынықтары өрттің тұтануына себеп болуы мүмкін деп жобалайды.

Алда күз айлары келе жатыр. Зардап шеккен тұрғындар енді жеделдетіп мал басына қажет қора-қопсыны салуды ыждағаттамаса болмайды. Оған қайсыбірінің жағдайы келсе, екінші біреулері мынау қысылтаяң кезеңде не дәрмен істерлерін білмей дал болуда. Осы орайда шыңғырлаулықтардың халыққа үндеу тастап, өрттен зардап шеккен жандарға қаражатпен, құрылыс заттарымен қарайласуға шақыруы өте дұрыс деп білеміз. Халқымыз қашан да қолындағы соңғы нанын да жатпен бөлісіп жеген мәрт қой, осындай шақта қол ұшын созуды әр адам өзінің парызы санаса. Бұл күнде округтегі биржа жұмысшылары мен округ әкімі аппаратының қызметкерлері өрт болған жерде көмекке өз еріктерімен келген тұрғындармен бірге тазалау жұмыстарын жүргізуде. Шаруа қожалығының басшысы Ж.Айсиев өз қарауындағы бір тракторын осы жердегі тазалау-тасу жұмыстары үшін беріп отырса, аудандық жануарлар мен өсімдіктерді қорғау ММ ұжымы қора-қопсыға қажетті ағаш бағаналарды жеткізіп беруге ат салысуда. Тағы бір тұрғын бір отбасына шөп жеткізіп бермекші. Бұған қоса облыстық «Қызыл Ай» қоғамық қоры да жәрдем беруге уәде еткен.

Ауыл тұрғындарының басына іс түскенде ауыл басшысында маза болған ба? Округ әкімі де қалай, қайдан амалдаған жөн деп тынып таппауда. «Көп түкірсе-көл» деген, белгілі бір есеп шотқа ауыл тұрғындары мүмкіндіктерінше қаражат аударуда,- дейді Ащысай ауылдық округінің әкімі Досхан Шотпанов.-Дейтұрғанмен, әлі де қаражаттың да, құрылысқа қажет өзге материалдардың да көптеп қажет екендігі түсінікті. Ауылының амандығын ойлайтын жерлестеріміз жұдырықтай жұмылып,  азаматтық танытарына сенеміз».

Иә, өрт-тілсіз жау деп бекерге айтылмаған. Бұл жағдайдың кез келгеннің басына түспесіне кепілдік жоқ. Ендеше, ауылдасқа қарасып, қолдан келген амалдың бәрін жасау жерлестерімізге сын болса керек.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ