21.02.2020, 15:43
Қараулар: 319
Өзекті мәселеге арналған жиын

Өзекті мәселеге арналған жиын

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Е.Тұрмағамбетовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері туралы жиын өтті.

Жиынға ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс−қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдаулет Самет, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева қатысты.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші сұраққа сәйкес ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс−қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Самет Нұрдаулеттің облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша баяндамасы тыңдалды.

  • 2019 жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, олардың туындауына ілеспе жағдайлар мен себептерді анықтау мақсатында 19 мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Талдау барысында сыбайлас жемқорлық туғызатын жағдайлар анықталмады. 2019 жылы 138 қылмыстық іс қозғалса, оның 111-і сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық  салдарынан 628 млн теңге зиян келтіріліп, бүгінде мемлекетке 599 млн көлеміндегі қаражат қайтарылды, — дей келе Нұрдаулет Ілиясұлы Шыңғырлау ауданында өткен жылы білім беру саласында орын алған сыбайлас жемқорлық туралы баяндады.

БҚО бойынша «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы туралы Әлия Өтемісқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуетін нығайтуға бағыттылған жобаның бүгінде жеткен жетістіктерін баяндап, басты көрсеткіштерін атап өтті. Ал, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 2019 жылы ауданымызда атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Т.Сағынгереев баяндамасында кеңінен тоқталды.

Облыс орталығынан келген өкілдер Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебі, Шыңғырлау колледжі, Шыңғырлау аудандық ауруханасы секілді  әлеуметтік нысандарды аралап, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аман Ізмұхан