16.06.2020, 17:48
Қараулар: 212
Әскери міндетін адал атқаруда

Әскери міндетін адал атқаруда

Шыңғырлаудың түлегі, Ерсұлтан Қарабаев бүгінде әскер қатарында қызмет етіп жүрген жастардың бірі. Жастайынан пысық, алғыр жігіт мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтасымен Шыңғырлау колледжінде білімін жалғастырғанды. Ұстаздарының, әсіресе ауылдық жерге кәсіби-техникалық мамандардың қажет екендігін айтқанын құлағына құйып алғаны сондай, құрылысшы мамандығын таңдайды. Дегенмен, колледжді бітірісімен әскер қатарына өзі сұранып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Іріктеу кезінде Ерсұлтан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  шекара әскерлерінің  Алматы облысындағы  Үшарал қалалық әскери бөлімшесіне түсті. Екі ай тынымсыз жаттығу, арнаулы сабақтар өтіп білімін шыңдап, денесін жаттықтырудан еш қиындықсыз өтті.

Жаттығу кезінде жақсы көрсеткіштерге жеткен сарбаз өткен жылы 17 қазан күні  салтанатты түрде  әскери ант  қабылдап,  Маңғыстау облысы  Ақтау қаласы  Бейнеу  шекара жасағы  әскери бөлімінің  «Тәжен» ШБ бөлімшесіне жіберілген еді. Енді бүгінде әскери міндетін абыроймен атқарып жүр. Мектепте, колледж қабырғасында да өзінің тапқырлығы, ізденгіштік,  шығармашылық қасиеттерімен көзге түсіп жерген Ерсұлтан әскерде де үнемі командирлерінің, бөлімше бастығының  алғысын алып,  іскерлігін, берілген тапсырманы орындауда  ыждағаттылығын  көрсете білуде.

Ол Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, әрі әскердегі қатаң тәртіптің өз өмірінде тиер көмегі көп боларын айтады. «Әскер адамды шынығуға, жауапкершілікті сезінуге және елжандылыққа тәрбиелейді» — дейді. Ерсұлтандай ұланның замандастарына үлгі болары сөзсіз.

 А.МУСА