27.05.2020, 12:07
Қараулар: 162
Әлеуметтік көмек алмайтын ауыл

Әлеуметтік көмек алмайтын ауыл

  Аудан орталығынан  отыз үш шақырым  қашықтықта орналасқан Ақбұлақ ауылдық округінде жергілікті тұрғындар саны төрт жүз тоқсан төрт қана. Жеке аула саны-жүз отыз. Осы жеке ауланың барлығы тегіс мал ұстап, құс өсіріп, әр көктем сайын шарбақ ішінде бақша салады. Ауылда қолы бос жан көрмейсіз. Сондықтанда болар, жұмыс тауып бер деп  басшылыққа жүгінетін себептері де жоқ.

Округ әкімі Ерлан Айшуақов ауылдың әрбір тұрғынын бес саусағындай біліп қана қоймай, тыныс-тіршілігімен де жете таныс десек артық айтқандық емес. Айналасындағы қызметкерлерден бастап, ақсақалдар кеңесі, әйелдер ұйымы, ұстаздар мен жастарды ұйымдастырып, ауылдың игілігі үшін жұмыстар атқарып келеді. Нәтижесі де тәуір, жарқын істері мол, ауылдың бірлігі нық, бір — біріне деген жанашырлықтары мақтауға тұрарлық.

Әйтсе де, үдіре көшіп  қалаға  бет қойғандардың артында қаңырап үйлері қалғаны, ескі жұрттай болып жатқан үйінділердің көбеюі көңілдерін пәс етеді. Десек те, туған жердің төсінде еңбек етіп нәпақаларын тауып, түтін түтетіп, бала-шаға асырап отырған ақбұлақтықтардың арқасында   шағын ауыл қайта жаңғырып, түлеп келеді. Болашағымыз ұрпақ десек, ауылдың қақ ортасында балабақша, тарихы мен тағылымы мол мектебі, екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен фельдшерлік пункт, қызмет көрсету саласы бойынша екі дүкен мен бір тойхана ауылдың сәнін кіргізіп тұр.

Ауыл көгілдір отынмен, таза ауыз сумен қамтылып, рухани жаңғыру бағдарламасына сай көптеген жұмыстар атқарылған. Соның бір көрінісі  көшедегі спорт алаңы. Бұл алаң балалар мен үлкендердің де салауатты өмір салтын сақтауына көп себеп болуда.

Ауылдың ерекшелігі сол, Шыңғырлау ауданына қарасты сегіз округтің ішінде тек қана Ақбұлақта ғана әлеуметтік көмек алушылар мүлдем тіркелмеген. Бұл ауылда кем-кетік тұратын отбасылары мүлдем жоқ. Бұл жетістіктің мән-жайын зерделей келе, біз оны тұрғындардың еңбекқорлығында деп пайымдадық.

Байқап қарасақ, ауылдағы қыз — келіншектер іс тігіп, май-қаймақ жасап, құрт қайнатады. Тіпті карантин басталған шақта ісмер келіндер тұрғындармен мекеме қызметкерлеріне тегін бет перде тігіп беріп, көмек еткен.Нақтырақ айтсақ, Гүлшат Нұрғазиева, Лена Сейтова ауылдастарының алғысын алуда. Қолы шебер Ғалия Оңғаралиева да көрші-көлемнен көмегін аямайды. Киім қысқартып, көрпе-көпшік жасап «Шебердің қолы ортақ» деген сөздің шырайын келтіруде. Үйден отырып, іс тігуді мақсат тұтқан олар: «Үкіметке алақан жайып сұрау, мына заманда әбестік болар еді. Барлық жағдай жасалған, тек іс-қимыл мен еңбек қажет қой»-деп түсіндіреді.

Ауылда шаруа қожалықтарын ашып, еңбек етіп жүрген Әлібек Имакаев  және Серік Кабидуллиевтер биыл  «АгроҚаржыҚоры арқылы» екі заманауи тракторды лизингке алды.Су жаңа техникаларының шөп шауып, жер жыртып, мал азығын тасымалдауға, табыс көзін жасауға бірден-бір көмек екеніне қуануда.

Қол қусырып қарап отыруды жаны сүймейтіндердің бірі  Сағынбай Төлемісов өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Төрт баланың әкесі ауылдың  екі жүзге жуық малын бағуда. Ауылдастарының бағына орай ол күтімге қосар малдың бағасын мың теңгеден асырмауды жөн көрген. Бұның өзі адамға деген жанашырлығы шығар, бәлкім. Сағымбайдың жұбайы болса үйде отырып,  бала бағып, құрт қайнатып, май былғайды. Сапар барысында ауылдың шетіндегі  Аққора малшы нүктесінде болып, ондағы қайнаған қызу тірлікті көрдік. «Бердібай-Бекзат» атты шаруа қожалығы осы мекенді жайлаған. Жері құнарлы, мал өсіруге жайлы жерді сонау алыстан келіп, іске жаратып отырған қожалық басшысы Көмек Хаятуллаевтың қарамағында  бес адам жұмысқа тартылған. Үш жүз ірі қара, мыңға тарта қойы, оның ішінде  төрт жүз еділбай тұқымды қойы бағымда. Биылғы қыстан қысылмай шыққан шаруашылық малдың төлін де шығынсыз алып отыр. Нәтижесінде сегіз жүз қозы алынған. Біз  келген шақ, қой қырқымының дәл уақыты болып шықты.  Шаруа қожалығы жетекшісінің орнында қалған Дидар атты жігіт ағасы шаруаның басы-қасында жүріп, сөз арасында осы жердің табиғатын, шөбінің құнарлылығын тамсана айтады. Қырқым науқанына әкелген қойларды көгендеп жүр. Ауыл әйелдерін науқандық жұмысқа шақырып, еңбектерне қолма-қол  қаражат төлеп, аз күн болса да жұмыс беріп отырған жайы бар. Адамның күні адаммен десек, жұмыссыз жандарға бұл науқан, аз-мұз болса да табыс көзіне айналыпты.

Әр қырқылған қой үшін бес жүз теңге, біз сөйлескен Ұрысай ауылынан келіп нәпақа тауып отырғандар екі сағатта он бір қой қырқығандығын айтты. Демек, қомақты ақша тапты деген сөз.

Ақбұлақтықтардың тірлігімен танысып жүріп, ауыл шетіндегі тоғанға да көз салдық. Тұрғындардың айтуынша, биылғы көктемде алты аққу келіп  осында қоныс теуіпті. Бұл жақсылықтың нышаны болар деп топшыладық.Тоған басында қармақ ұстаған тұрғындар жүр. «Карантиннен құтылысымен, бірден осында келуді ұйғардық» — дейді олар бір ауыздан. Мақсаттары-таза ауа жұтып, табиғат аясында демалу болса, екіншіден үйдегі  бала-шағаға себет толтырып балық апармақ.

Міне, бұл көрініс те ақбұлақтықтардың тыныс-тіршілігін, бейқам өмірі, алдағы күнге деген сенімін паш етіп тұр!

Айсұлу АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы

                         Суреттерді түсірген: Бақыт БАЙМАҒАМБЕТОВА