22.09.2020, 16:29
Қараулар: 49
Әйелдерге арналған семинар

Әйелдерге арналған семинар

Дүние жүзін есеңгіреткен коронавирус  әлі де қаупін сейілткен жоқ. Талай елдер кайтадан карантин жариялап, адамдардың жүріс-тұрысына, транспортқа, небір сауда орындарымен адамдар көп жиналатын жерлерге шектеу қоюда. Оған  бір себеп ауа райының салқындауымен байланысты болса, тағы бір жағынан адамдардың бейқамдығы тағы бар.  Ал біздің елде карантин шектеулерін сәл-пәл жеңілдеткенімен де пандемеяның келесі толқынына әзірлік тиянақты жүріп жатыр. Әзірлік шараларының ішінде  ең маңыздылығы бұл халыққа жан-жақты етіп түсінік жұмыстарын жүргізу, отбасында, жұмыста, қоғамдық орындарындағы  шарттарды мүлтіксіз орындау туралы көбірек айту, жариялау болмақ. Бұл жұмысқа әйелдер де ат салысуда. Жақында  психолог — маман Халида Жұмағұлова әйелдерге арналған семинар жұмысын ұйымдастырды. Бұл семинарда аурудың түп-төркінінен бастап, оны жұқтыру жолдары, аурудан сақтану шаралары, карантин кезіндегі  стресспен қалай күресу туралы кеңінен мағлұмат берілді.

«Пандемия: коронавирустан сақтану және отбасында карантин уақытын тиімді пайдалану» тақырыбы бойынша дайындалған бұл семинарға қатысқан әрбір әйелдің сұрақтары өте көп болды. Әсіресе, үй жағдайындағы карантин кезеңінде ата-ананың және балалардың психологиясы қандай болуы керек, күйзеліске түскенін қалай білу, одан шығу деген сұрақ төңірегінде кеңінен талқыланды. Олар өздерінің жанұясы, балалары үшін көбірек білсем деген ынталары мені қуантты. Семинарға қатысқан әрбір әйел алған информацияларын  отбасына, көршісіне, туған-туыстарына айтып, әрі қарай жақын — жуығымен бөлісу арқылы  бір-біріне деген  көмегі болмақ» — дейді Халида Жұмағұлова.

                                                                                                                                                       А.Муса

Шыңғырлау ауданы