20.01.2020, 17:40
Қараулар: 359
Үш мейман хабарсыз келеді екен

Үш мейман хабарсыз келеді екен

Өткен жылдың соңғы күндеріндегі ауыр жағдай қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. 27 желтоқсанда бортында жолаушылары бар «Бек Эйр» ұшағының аптақа ұшырауы-тосын жағдай болды. Қаза тапқандар туралы хабарды қайғыра қабылдаған халық, жарақат алғандардың тез сауығып кетуіне дұға қылып, жаңалықтарға құлақ тосумен жүрді. Техникалық себептері мен ақаулары болғандықтан да болар, оны тексеруші комиссия түбінде нүктесін қояры анық, жалпы осындай әуе кемесінің апатқа ұшырауы соңғы жылдары жиілеп кетті. Осындай ұшақтардың мезгілсіз апатқа ұшырауының соңғы жылдарда 17 оқиғасы тіркеліпті. Мұның өзі аз көрсеткіш емес.

Үкімет пен жауапты орындар ұшақ апатынан зардап шеккендерге шұғыл көмек түрлерін ұйымдастырып, туған-туыстарының көңілдерін күпті етпеу үшін барынша жағдайлар қарастырды. Ел болып жанашырлық танытып, көмек қолдарын созған халқымыздың бірлігіне, қамқор көңілдеріне, жанашырлықтарына разы болыстық. Осы ауыр күндерде Елбасымыз 28 желтоқсанды аза тұту күні деп жариялап, мейлінше ойын-сауықтарға тиым салып, азан-қазан болудан аулақ болуға шақырды. Шынында да, еліміздің әр аймағанда қайғыдан бас көтере алмай қалған отбасыларға осындай ауызбіршілігімізбен, шынайы көңілімізбен, сабыр түбі сары алтын деумен ғана көмек бере алар едік. Осы күні бірі аялап өсіріп отырған қызынан, бірі бас көтерер ұлынан, енді бірі әулетінің тірегінен, отбасының арқа сүйерінен мәңгілікке айырылды. Сол себепті де бұл күні ойын-сауықтарды тоқтату туралы шешімді жалпы жұртшылық бірауыздан құп деп қабылдады.

Біздің аядай ауданымызда да сол күнгі оқиғаға алаңдамаған адам жоқ шығар, сірә. Күнілгері жоспарланған жаңажыл қарсаңындағы отырыстар түгелімен кейінге шегерілді, оған ешкім де қарсы шыққан жоқ. «Түбі, жақсылық болғай, мұндай жәйттар енді қайталанбаса екен»,-деген тілектің үстінде жүрдік. Бес саусақ бірдей емес дегендей, бірақ осындай қайғы күндерінде де өздерін оғаш ұстағандар болмай қалған жоқ. Дыбыс күшейткішпен даңғырлаған музыка ойнатып, тұрғындардың наразылығын тудырғандарға таң қалдық. Адамның кім екендігі көп жағдайда осындай ел басына ауыр күндер туғанда сыналады. Біреулер ортақ қайғы тұсында «бір жағадан бас, бьір жеңнен қол» шығаруға әрекет жасап жатса, екінші бірі өздерінің әлемінде, қара бастарының қамымен жүреді.Әрине, қазіргі заманда ешкімге де бәлен деп айту қиын, қазір жұртшылық сынды қабылдай алмайды, «сенің шаруаң қанша, аулақ жүр» немесе «өлілер емес, тірілер туралы ойлау керек» деп дөрекі жауап естіп қалуың әбден мүмкін. Бірақ халқымыздың болмысында қазаға ортақтасу, қаралы үйдің ауыртпалығын көтерісу, алыстағы ағайынға көңіліңнің түзулігін білдіру жазылмаған заң еді ғой. Әсілі,  халқымыздың «Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» деген сөзі бекер емес-ау.

Мен өмірімде ұшақпен екі жыл бұрын бірінші рет ұштым. Шұғыл шаруамен Алматыға бару керек болып осы «Бек Эйр» ұшағына отырдым. Жүрегім қобалжулы, ұшақтың ішіне кірген сәтте күлімдеп ақрсы алған бортсеріктер орнымды көрсетіп, орналасуыма көмек берді. Самолеттің іші негізі тарлау екен, сол жақта екі адамдық, оң жақта үш адам сиятын орындар. Аман-сау Алматыға келіп қонған соң бортсеріктермен бірге әуе кемесінің пилоты жолаушыларға сәттілік тілеп, шығарып салып тұрды. Сол шығарып салған ұшқыш әуе кемесінің тізгінін ұстаған күні кеше қаза болған Марат Мұратбаев еді.

Тағдырдың садлғаны ғой, сонда жылы жымиып, әрбір жолаушыға сәттілік тілеп тұрған ұшқыш туралы осындай хабарды есту кәдімгідей ауыр екен. «Кемедегінің жаны бір» дегендей сол әуедегі ұшу сапарында біздің тағдырымыз осы білікті ұшқыштың қолында болғаны рас еді. Жазмыштан озмыш жоқ деген осы да.

Үш мейман хабарсыз келеді дейді халқымыз-ЫРЗЫҚ, ЖАЗМЫШ, ӨЛІМ. Осы үш мейманның бірі айтпай келетін Өлім. Ендеше, әрбір атқан таңымызда Алла Тағала ырыздығымызды адал, жазмышымызды көркем, өлімімізді иманды етсін деп тілейік, асылық жасамайық. Жүрегімізде өзгенің қайғысына ортақтаса алатын ізгілік пен мейірімділік шуағы кетпесін. Дүние дөңгелек, бүгінгі тайраңдап жүріп төрткүл дүниенің қожайыны сезінетіндер түптің түбінде әрбір жасаған әрекетіне есеп бергіздіретін Амал күні туатынын түсінсе екен. Әрбір айтқан сөзіміз, әрбір жасаған әрекетіміз-Алланың кітабына жазылып жатқанын ұмытпайықшы. Ең бастысы, ірілі-ұсақты тірлігімізде адам болып қалайық.

Гүлшат Ибрагимқызы