7.05.2020, 13:15
Қараулар: 239
Үйде отырған үйдей пәледен құтылады

Үйде отырған үйдей пәледен құтылады

Өзіміз күнде ауызекі айтып жүрген «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақалды қазіргі күнге бейімдеп «Үйде отырған үйдей пәледен құтылады» дегеннің еш айыбы жоқ сияқты. Өйткені, бүгінгідей деннің саулығы бірінші кезекте тұрғанда тәртіпке бағынып, өзіңді де өзгені де уайымға салмай, қашықтықтан жұмысыңды істеп, бала-шағаңмен күйбің тіршілікте қолға алмай жүрген шаруаларыңмен айналысқан дұрыс-ақ. Қазір үйде отыру қажеттілігі баса айтылған тұста бұған да шыдамай, «қашанғы үй қамағында отырамыз, ішіміз пысып кетті» деп орынсыз байбаламға салушылардың әрекеті жөнсіз-ақ. Шыны керек, «қашан біз отбасымызбен төрт көзіміз түгел отырып тамақтанып едік, мен осы істі көптен бері қолыма алмай жүр едім, арманым-түрлі тәттілерді пісіру еді» деп бос уақытты өз пайдаларына асырып жатқандар жетерлік.

Расымен де, үйде отыру ішіңізді пыстырып жүр ме? Айталық, аудан тұрғыны ағылшын тілінің мұғалімі Жанат Габдуллина былай деп өз ойымен бөліседі:«-Аты жаман індет елімізге келіп, есіміз шығып жатқаны рас. Бұл індетпен бәріміз бірге күресіп, бір кісідей ат салысқанымыз дұрыс деп ойлаймын. Үйде болып, мамандардың талабын жауапкершілікпен орындау керек. Үрейге бой алдырмай, пайдалы істі қолға алып,бос уақытты тиімді пайдалануға болатынын айтқым келеді.Мәселен менің бос уақытым жоқ десе де болады, өйткені қолөнермен айналысуға кірісіп жатырмын.Түрлі моншақтарды пайдаланып сәнді бұйымдар, диадема, сәукеле сынды дүниелерді жасап үйренудемін.Бастапқы талпынысыма өзім де ризамын. Халқымыздың қолөнері ерекше бай мұра ғой, осылай үйдегі уақытымды пайдалы іске жаратып жатырмын».

Ал, Жанаттың замандасы Қаламқас Елеусізова болса: «Тігіншілік әйел адам үшін ең қажет кәсіп. Көптен қолға ала  алмай жүрген шаруам еді. Бүгінде бос уақыттың көптігінен көңілің қалаған іспен айналысуға уақыт жеткілікті.  Үй шаруасынан қолым босай қалған сәтте тігін машинасында іс тігемін. Енем «істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп отырады. Үйренгеніңді өмірде әр кез пайдаға асыруға болады. Ендеше, үйде отырғанда өзімізге күні ертең керек болар шаруалармен айналысайық»,-деп құрбыларына үндеу тастайды.

Төрт қыз, бір бала тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя иелері Жақия Төремұратов пен Алмагүл Аманғалиевалар бұрын жұмыс деп мігір таппайтын. Қазіргі күні бір-бірімізге мейлінше көңіл аударуға, балаларымызбен сырласып шәйімізді ішуге, бірігіп тәттілер пісіріп, үй ішінде түрлі ойындар да ойнауға уақыт жеткілікті деседі. Үш қызы  қашықтықтан сабақ оқығанда қадағалап отырады. Берілген тапсырмаларды түсініп игеріп кете алулары үшін қайсыбір сәтте ұстаздарымен хабарласады. Қыздары «анашым, бүгін мынадай бәліш пісірейікші, бауырсақтың қамырын мына әдіспен ашытсақ қалай болар екен» деп аналарының қасынан үйірсектеп шықпайды. Кейде үйдегі кішкентайлардың да көңілдерін аулап ертегіні дауыстап оқып, ондағы кейіпкерлерді бейнелеп те жатады. Осылайша бұл жанұя да әр істің артында да бір жақсылық болатынына бек сенеді.

Ауданымызға кеңінен танымал, ардагерлер арасында самбодан Әлем чемпионы Қайсар Құсайыновтың отбасының  әр таңы бірігіп жаттығу жасаудан басталады. Отағасы бастап, жанұя мүшелері қостап таңғы ұйқыдан соң денелерін бір сергітіп алады. Таңертеңгі шәй үстінде отбасы мүшелерінің бүгінгі атқаруға тиіс жұмыстарын пысықтайды.

Негізі бұл жанұяны спортшылар отбасы десек те артық болмас. Өйткені әр жылдары  Грекия, Израиль, Хорватия елдерінде Қазақстанның қала берді облыс,ауданымыздың мәртебесін биікке көтерген әкелерінің жеңісті жолын ұл-қызы да жалғастырмақ ниетте. Ұлы Саин Алдияр дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер, болса, Әйгерім де самбо, дзюдо күресімен айналысады.  Ол жекпе-жек түрлері бойынша олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық спорт мектебінің дзюдодан қыздар арасындағы ашық біріншілігінің жеңімпазы. Алдиярдың сурет салуға, шахмат ойнауға деген қызығушылығы басым болса, Әйгерім әкесі  Қайсармен Мұқағали мен Қадыр Әлінің жырларын мәнерлеп жатқа оқығанды жақсы көреді. Ал, отанасы Әсел болса ауданға, облысқа белгілі қолөнер иесі, қолынан талай көруге көз керек бұйымдар шығарып отырған кәсіби шебер. Жанұя  «Мерейлі отбасы», «Алтын ұя» аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.

— Бұл күндер де өтер кетер, ең бастысы түсіністік пен төзім керек. Үйде отырып, жаны қалаған іспен айналысқандардың ұтары анық. «Шыны керек, «жұмыс» деп жүріп көбіне балаларымыздың қалай өсіп жатқанын, оларды не қызықтыратынын, достары кім екендігіне мән бермейміз. Қыздарымыз аналарымен сырласып, ұлдарымыз әкелерінен үлгі-өнеге алып жатса, ғанибет емес пе?»-дейді жарасымды жанұя иелері.

Иә, бүгінде сары уайымға салынып, қашан бұл шектеу бітеді, қашан қыдырып, қашан көшеге шығамыз дегеннен гөрі еліміз бұл дертті тезірек ауыздықтап, жұртымыз аман болсын деген тілектің жетегінде жүрген абзал. Үйде отыру дегеніміз-алдымен өз қауіпсіздігіңді ойлау, өзгелерге қауіп төндірмеу екенін тереңнен пайымдайық. Алдағы күндеріміз тек жақсы хабарларға, сүйінішті жәйттерге толы болғай!

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ