18.11.2020, 17:47
Қараулар: 23
Құрсайдағы көне құдық

Құрсайдағы көне құдық

Аспанмен таласқан тауларды да, сарқырап аққан өзендерді де, айнадай жарқыраған көлдерді де көріп жүрміз. Адамзат қолынан шыққан ғажайып туындылар (алып қорғандар, зәулім кесенелер, әсем ғимараттар т.б) да жеткілікті.
Біз бүгін Құрсай бойындағы көне құдық туралы ой өрбітпекпіз.

Көне құдықтың бар екенін өткен ғасырдың 70-80 жылдары естігенбіз. Аудандағы елді мекендерді аралау мақсатында жанынан өткенде талай шөл басып, су ішкеніміз де есімде. Сол кезде-ақ құдық тарихы, оның сыры қызықтырған болатын.
Кең дала төрінде еркін жайлап, малын өргізген, шаруасын құнттаған халқымыздың өмірінде су мәселесі аса маңызды екені де жасырған емес. Мал баққан қазақтың қой-ешкісін, жылқысын суаратын өзен-көлді, бұлақ басын жағалап көшіп-қонатыны да заңды. Тұщы, мөлдір мол судың малдың өсіміне, қоңдылығының артуына тигізер әсері мол. Алайда кең даламыздың барлық жерінде бірдей өзен-көлдің, суы мол бұлақ, бөгеттердің болуы да мүмкін емес жағдай.
Міне, осындай кезде шаруақор халқым құдық қазу, оны күту, тазалау ісімен бел шешіп айналыса бастады. Әр жерлерді жайлайтын көшпелі халықтың белгілі қызықтары да пайда болды. Қоңыр күздің жайма-шуақ күнінің бірінде Құрсай бойындағы көне құдыққа жол түсті. Жолбасшымыз Ағатан ауылының тұрғыны Жұмабай Құрманғалиев деген азамат.Ұзақ жылдар бойы малшы болып еңбек еткен Жөкеңнің дала сырын білетінін бұрыннан білетінбіз. Ағатан ауылынан шығып Құрсайды бетке алдық. Алыстан Айтуар биігі мен мұндалап мұнартады. Құрсайға жақын қалғандағы сайдың ішінен құдықты тез тауып алдық. Айналасын шөп қаулап, ернеуі төмендеген мал аяғымен таптауыр болған жердегі құдықтың жағдайы жақсы деуге келмейді. Уақыт өтіп, қажеттігі азайған құдық құламағанмен, азыңқырап кеткен екен. Ішіне үңілсек, қапталы қаланған таудың тастары көрінді. Құмыра тәріздес формамен қаланған құдық қабырғалары шебер адамның қолынан шыққанын дәлелдейді. Құлаған, сынған таста жатыр. Құдық суының пайдаланбағандықтан, тазартылмағандықтан жарамсызданғаны да байқалады. Кезінде малы көп, дәулетті адамның қаздырған құдығы екеніне күмән жоқ. Дала есебімен жауын, қар суларына шыдамды етіп салғанын көріп таңданбасқа болмады.
Шамамен ХХ ғасырдың бас кезінде қазылған шығар деп жорамалдадық. Соның өзінде 90-100 жылдай болған-ау. Көне құдық бізді ойландырып тастады. Кең даладағы жол бойындағы құдыққа екінші өмір сыйлау ұрпақ борышы емес пе деп те ойладық.
Осы ой құшағында Шыңғырлауды бетке алдық. Араға ай салып ұрпақ борышын өтеу мақсатында құдыққа қайта оралдық. Құдық ішін қоқыстан, керексіз дүниеден тазалап шықтық. Құдықты тазалау барысында Мереке, Сабыржан, Таңат, Русландар ерен еңбектерін көрсетті. Ал құдықты жауып, бетіне қондырғы жасауда Алихан, Қуат, Жайлыбайлар керемет іс тындырды. Жұмыс барысын қағазға, суретке түсіріп жүрген Сарбиназдың дәмді тамағы да сәтті шықты. Құрсай бойындағы бай құдығы өзінің екінші өміріне кірісті деуге болады. Ісіміз сәтті бола берсін!
Адақ ШОТПАНОВ,
аудандық білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер туризмі
және экология орталығының директоры