7.02.2020, 14:43
Қараулар: 329
Қыс қайда барасың?

Қыс қайда барасың?

Биылғы қыс шынымен ерекше болды. Желтоқсанға дейін жердің қара топырағы шығып, қарсыз өткізсек, енді міне 1-2 айда қар толассыз жауып, ауа-райы сан құбылған болатын. Бұрынғы кездері қазақ халқы ақпанның аязынан, боранынан «қорқатын» еді. Ал,үстіміздегі ақпанды «+2» жылылықпен қарсы алып, күнде жаңбыр жауып тұрғаны. Ендігі кезекте, аудан тұрғыны қар аршуда емес, керісінше, су ағатын жыра ойып жүргені.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры  Дулат Есенов «Облыс көлемінде қардың мөлшері ең көп аудан – Шыңғырлау ауданы болып есептеліп отыр. Осыдан 3 күн бұрын қардың қалыңдығы 39 см болса, бүгін 25-26 см-ге түсті. Тоңның қалыңдығы 10 см. Айдың аяғына дейін ауа райы құбылып, қар аралас жаңбыр жауады деген болжам бар. Дегенмен, толассыз және мөлшерден тыс жауған жаңбырдың салдарынан болмаса, қар еруден су тасқынына қауіпті аймақ жоқ»,- дей келе өзіміздің тарапымыздан төбелердегі қарларды түсіріп, ауламыздағы қарды аршып, судың кедергісіз ағуына жағдай жасау қажеттігін айтып өтті.

«Биылғы қыс мезгілінде 6 рет боран соқты. Елді-мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын автокөлік жолдары  «Шыңғырлаукомтехсервис» мекемесінің 7 ауыр техникалары арқылы  6 мәрте тазартылды.  Аудан орталығындағы үлкен көшелерден бастап жолдағы еріген қарды қыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,- дейді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Шаймбетов.

Дегенмен, «Сақтансаң — сақтармын» деген, қыс әлі алда. Сондықтан ауа райының құбылып тұрған шағында ұялы телефонымызға «112»-ден келген хабарламаны ескеріп, жолға шығудан бас тартып, қолымыздан келетін дүниелерді жасайық.

Аман Ізмұхан