4.08.2020, 10:58
Қараулар: 150
     Қыстың қамын жазда ойлаған

     Қыстың қамын жазда ойлаған

    Ауыл-елдегі тынымсыз тірлік, үнемі бір ырғақпен, өз орнымен қайталанып отырады. Жылдың әрбір мезгілінде атқарылар шаруаның уақытына қарай өзінің бір ерекшелігі болады. Ол кәдімгі бір жоспарланған жұмыс ретінде атқарылуы тиіс. Оны ауылда өскен әрбір жанның білуі шарт. Сондай-ақ қыстың қамын жазда ойлайтын шаруа жандар көктем туысымен-ақ кірісіп кетері анық. Ауыл шаруашылық науқандық жұмысты айтпағанның өзінде, бірі үй-жайын, қора-қопсысын жөндеп,  майлап, сыласа, біреулері көлге апарып, кілем жуып әлек.

Алмаз ауылдық округіне қарасты Аққұдық ауылын мекендегендердің бірі Дариға Исқалиева қолынан инесі, асүйде ожауы бір түспейтін пысық жан. Тағамның небір түрін пісіріп, отбасы мен ауылдастарын тамсантса, қолы қалт еткенде іс мәшинесін зыр қақтырып, зерленген  көрпелерді тігудің нағыз шебері, арасында ұршығын қолына алып, түбіт иіреді.

Жолдасы Әлібек және үш ұлы жылдың төрт мезгілінде мал бағып, оны көбейтумен айналысса, Дариғаның епті қолынан да жыл сайын  30-40 шақты қаз-үйрек  өсіп, қыс бойы дастархандағы астың дәмін келтіреді.

Исқалиевтердің отбасында жеміс-жидек пісісімен  тағы бір жұмыс басталады. Үй алдындағы пештің үсті босамай, тіпті ас үйі жеміс-жидек, көкөніс жабатын шағын цехқа айналып шыға келеді. Жеміс компоты, тосаптың түр-түрі, қияр-қызанақта қысқа жейтін тағам болып, банкілер қатарымен тізіледі.

«Қыс бойы осы жапқан банкілерім келесі қысқа дейін жеткілікті болады. Қаладағы туған-туысқа жібереміз. Кей кезде, ауысқанын ауылдастарым сатып алады. Банкі жабудың еш қиындығы жоқ. Отын, қазандық пен үлкен ыдыстарың болса болды. Ауылда отырып-ақ бір аптада 100-200 банка жауып шығасың. Тек бір қиыны, ауылда бақша егілмейді. Себебі, мал ұстаймыз. Сатып алынған өнімнен банкі жауып отырмын. Бірақ қыстың күні мұның бәрін сатып алсақ, қаншама қаражат кетеді. Ал есептеп қарасаң, әрі біраз үнемдейсің, әрі ешбір химикатсыз таза өнім. Әсіресе, бала-шағалары бар жас келіншектерге айтып отырамын. Бала қолдан жасаған, еш қоспасыз, таза компот ішсе, денсаулыққа өте пайдалы»,-дейді  тыным көрмейтін Дариға.

Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы, Алмагүл Барақбаеваның айтуынша        ауылда тұратындардың дені мал ұстап, жаз бойы құс бағады. Мысалы, жыл сайын 100-ге жуық қаз асырайтын Үміт Дюсенова замандасымыз  биылғы жылы  50 қаз, 40 үйрек алып, пайдасын көріп отыр. Қаз бақсаң, оған жем көп шығын болмайтынын жақсы түсініп, үнемі қазды көбірек  алады екен.

Ешқандай несиесіз, әкімдіктен көмек сұрамай-ақ өздерін өздері жұмыспен қамтыған, ауылдағы тірлікті жандандырып отырған осындай ақ жаулықтылардың іскерліктері қуантады. Осыған кереғар жағдайлар-сиырды өріске бұзауымен айдап салатын, сосын шауып барып дүкеннің сүтін сатып алатын кейбір замандастарымызды көріп, ауылдағы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа, талаптанбасқа деген ой туады.

 

Айсұлу МУСА