18.02.2020, 10:15
Қараулар: 291
Қыстақтарда қыс қалыпты өтуде

Қыстақтарда қыс қалыпты өтуде

Ауданымыздағы шаруашылық құрылымдары және жекелеген шаруалар үшін тағы бір кезек күттірмес науқан — мал төлдету басталды. Шаруа баққан малшылар қыстан қоңды шыққан төрт түлік малдан биыл жақсы өсім болады деп күтуде. Себебі, аудан бойынша қыстақтар басында 70717 тонна жем-шөптің мол қоры жасақталған.  Мұның өзі қыстың көзі қырауда шаруа адамына алаңдамауға  негіз болады.

Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерді қосқанда 45 қыстақта тұрған мал басынан  967 бұзау, 390 қозы-лақ, 26 құлын алынған. Шаруашылықтардың ішінде «Ақтау», «Өнім», «Усманғалиев», «Жақып», «Жайдар» қожалықтары осы науқанда жақсы нәтижелерімен ерекшеленуде. Әсіресе, мал шауашылығындағы пайдаланылған жаңашылдықтар жыл өткен сайын аталмыш саланың жақсы дамуына септігін тигізіп келеді.

Жаз бойы тынымсыз тірлік етіп, келер қысқа тыңғылықты дайындалған малсақ жанның бірі Қыстаубай қыстағын мекен еткен Оразбай Усманғалиев. Ол 2003 жылы шаруа қожалығын ашқан еді. Аудан жұртшылығына тынымсыз еңбегімен, шаруасын дөңгелетіп келе жатқан жан ретінде танылған ол бүгінгі таңда 238 ірі қара мен 108 жылқыны күтімге алып отыр. Ауыл маңында тебіндеген жылқыны да көзінен таса етпейтін ол қорасындағы ірі қараның алды төл бере бастаған тұста қыстақ басынан ұзамауға тырысады. Қорада ойнақ салған 4 бұзау төлдің алды болғанымен соңы емес екендігіне сенімді. Маусымнан маусымға жететін жем-щөбі табиғаттың қай кезінен де аман шығуына, малдың тарықпауына үлкен сеп.

 

Оразбай Қайыржанұлы бұған қоса бордақыға қойылған 50 бастың да уақытылы жайланып, қоңдануына да мүдделі. Өйткені, ертеңгі күні етке тапсырылатын малдың көрер көзге семіз болуы бүгінгі еңбегінің ақталғанының көрінісі болмақ. Қыстақ басында жүрген 8 жұмысшы да өз істерін білетін тиянақты жандар.

-Жазғы маусымдық жұмыстар яғни шөп ору, оны қыстақ басына тасымалдау кезінде техникаға отыратын жұмыс қолына зәру болып қалатын кездеріміз болады. Десек те, бұл тұста да амалдап, шөптің нәрі кетпей тұрғанда ысырапсыз тасып алып келеміз,-дейді ол. Мемлекет тарапынан алынған көмек қаржы да О. Усманғалиевке шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Алдағы уақытта да шаруа адамына мігір болмасы түсінікті, өйткені жаппай төл алу науқаны енді қызбақ. Көктем қыр астында дегенмен де жас төлдерді ерекше күтімге алып,  табиғаттың тосын сыйларына да даяр отыру қажет.

Г.Ботанова