4.09.2020, 15:17
Қараулар: 28
Қос орденді әрі бағбан қария

Қос орденді әрі бағбан қария

 Ауданымызда дәулет пен ырысқа, бақ пен берекеге адал еңбекпен қол жеткізген қариялар аз емес. Солардың  қатарында,  сексеннің сеңгірінен шыққан осы ауылдың  төл тумасы Александр Гайдаенко да бар. Оны аудан жұртшылығы ізденімпаз бағбан деп таниды.  Ақсақалдың бағбандығынан бөлек қос орденнің иегері екенін қатарластары болмаса қазіргі толқын біле бермесі анық. Еңбек жолын көлік саласына арнаған, машина, комбайн, трактор жүргізіп техниканың құлағында ойнаған ақсақалмен жолығып, ой бөліскен едік.  Тың игеруші, еңбек ардагері Александр Михаилұлы өткен өмірі жайында былайша тебіреніспен еске алады:
«Мен 1939 жылы дүниеге келдім. Балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен өз қатарластарым секілді қолымнан келгенше еңбекке араластым. Бірақ жылым сәйкес келмегендіктен тыл ардагері қатарына ілінбедім. 1947-1954 жылдар аралығында  Шилі орта мектебінде оқып, 7 сыныпты аяқтадым. Әкем Гайдаенко Михаил Ұлы Отан соғысынан  І топтағы мүгедек болып оралды. Анам Александра Петровна  жұмыссыз еді. Жанұяда менен басқа 5 бауырым болғандықтан оқуымды одан әрі жалғастыруға мүмкіндігім болмады. Ата-анама көмектесу үшін сол жылы МТС-ке  жұмысқа тұрдым.  Кейін коммунхозда, № 6 автобазада жұмыс жасадым. 1959 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып,  үш жыл  Қиыр Шығыста әскери міндетімді атқардым.  Әскерде  жүргізуші  болдым. Қолбасшылар мен адмиралдарды,  тіпті  бірде Хрущевті де межелі жерге жеткізуді маған сеніп тапсырды»,-дейді қарт жымиып.

 Әскерден келген соң бірден автобазаға жұмысқа орналасқан ол 1967 жылы «Казсельхозтехникаға» (1971 жылы КП-9 болып қайта құрылған) 2 класты жүргізуші болып  ауысып, сол жерде  30 жылға жуық еңбек етеді. «1996 жылы мекемеміздің таралуына байланысты  бірнеше жыл жұмыссыз қалдым. 2002 жылы зейнетке шыққанымда осы жұмыссыз жүрген 3 жылымды есептеп, ең төменгі зейнетақы тағайындады. Ол кезде Заң солай болатын. Ал, жұмыс жасаған кезден есептегенде зейнетақым көбірек шығар ма еді»,-дейді қария  көңілдегі кірбіңін жасыра алмай.

Туған жерін түлетуде аянбай  еңбек еткен Александр Михаилұлының  кезінде кеудесіне КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен берілген «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» ордендерін тағып, ауылшаруашылық қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіподағы комитеті мен «Госкомсельхозтехника» республикалық бірлестігінен «Социалистік жарыстың жеңімпазы (1973, 1976, 1980 ж.ж.), ҚР дайындау және ауылшаруашылық қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіподағының Президиумы мен «Казсельхозтехника» республикалық бірлестігінің коллегиялары (алқалары) Қаулысымен «Тоғызыншы бесжылдықтың екпіндісі», «Коммунистік еңбек екпіндісі» төс белгілері, КСРО Жоғарғы  Кеңесі Президиумының Жарлығымен берілген «Еңбек ардагері» медалдарымен де марапатталған. Құрмет грамоталары мен мақтау қағаздары да бір төбе  екен. «Бұлардың қазір құны да қалмады ғой»,-деп бір кездегі еңбегінің жемісті жылдарын еске түсірер кеудесіндегі жұлдыздарын алақанымен аялай бір сипап қойды.

Бүгінде  қария жалғыз тұрып жатыр. 36 жыл отасқан жұбайы  Валентинаның дүниеден озғанына да біраз жылдың жүзі болыпты. Әлеуметтік қызметкер қарасып тұрады.

Ақсақалдың қазіргі ермегі бау-бақшасы. Биыл оқыс құлап темір балдаққа таңылып қалғанымен  еңбекқор қарт үйінде тыныш отыра алмайды.  Қашан  көрсең де  бақшасында күйбеңдеп жүргені.  Оның  бағында алма ағаштың «Июльская», «Малиновка», «Старт Крымсон», «Мэльба» сорттары мен қатар алмұрт, жүзім ағаштары өсіп тұр.  Мұнымен қатар өзі алма дәнінен егіп өсірген алма ағаштары тағы бар. Жыл сайын көктем шыға салысымен түптерін қопсытып, уақытылы дәрілеп,  баптаудың нәтижесінде дәмі тіл үйірер қып-қызыл алмаларды шелек-шелек жинап жатады.   Қарттың бақшасындағы қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, бұрыш т.б. көкөніс түрлері көз сүйсіндіреді.  Базардан сатып алғанша өзің өсірген таза өнімді пайдаланғанға не жетсін дейді Александр Михаилұлы.

Кейіпкеріміз бау-бақша егіп қана қоймай қысқа банкілерді де өзі жабады. Бірде компот, алма тосабын қайнатып жатса, бірде салат, қияр, қызанақ тұздап жатқанын көресіз. Біз келгенде оншақты банкіге қияр толтырып тұздауға әзірлеп қойыпты. Газ плитасына қойған үлкен  су  толы  кәстрөлі сақырлап қайнай бастады. Қарттың уақытын алмайық деп қоштасып сыртқа беттедік.

Кіндігінің қаны тамған жерге, маңдайының ащы тері төгілген  ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағына лайық осындай жандар қалтарыста қалмаса екен деген ой санамызда тұрды.

                                                                          Бақыт  БАЙМАҒАМБЕТОВА