21.08.2020, 16:15
Қараулар: 35
Қолөнерге икемді Ирина

Қолөнерге икемді Ирина

Мүсіншілігімен көрші-көлемін тәнті еткен  ауданымыздың тұрғыны  Ирина Акимчук туралы көптен естіп жүргенбіз.  Иринаның қолынан шыққан туындыларын өз көзімізбен көріп,  шығармашылығын  көпшілік назарына ұсынбақ ниетпен  үйіне іздеп бардық.  Еңселі үйдің қақпасынан кіргеннен-ақ айнадай жарқыраған аула ішінің  жасыл желекке көмкеріліп, сан алуан гүлдердің әдемі орналастырылуы  үй иелерінің  ұқыпты жандар екенін бірден аңғартады.  Цементтен құйылып, қанық бояумен әрленген   үлкен гүл құмыралары,  түрлі аңдар мен  ініне азық тасыған кірпілердің мүсіндері  бірден көзге шалынды. Әсіресе,  балалардың сүйіп көретін «Маша мен аю» мультфильміндегі кейіпкерлердің айнытпай жасалғандығы сонша, өзіңді ертегі әлемінде саяхаттап жүргендей сезінеді екенсің.  Ауланың екінші шетінде   қолтырауын  Гена  мен Қалқанқұлақ та  ұмыт қалмапты.  Көздің жауын алар әр  туынды өзіне тән ерекшелігімен  таңдай қақтырады.

Бізді жылы  қарсы алған  Ирина Владимирқызына келген шаруамызды  айтқанда табиғатынан ұяң, қарапайым  жан  бірден ашылып жауап бере қоймады.  Суыртпақтап қойған сұрағымыздан білгеніміз  ол осы ауданның тумасы, орта мепктепті тәмамдаған соң  аудан орталығындағы СПТУ-да білімін жалғастырып, есепші мамандығын алып шығады. Бүгінде метереология станциясында ауа райын бақылаушы  болып қызмет атқарады екен.

«Жолдасым Олег — Қарағаш ауылының тумасы, теміржолда күзетші болып жұмыс істейді. Отбасында  3 ұл тәрбиелеудеміз.   Ұлдарым әкесінің қолғанаты, қандай жұмыс жасаса да үнемі жанынан табылады»,- дейді  кейіпкеріміз.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» отағасы Олег  үйді  өз қолымен салып,  аулаға сән беріп тұрған  теп-тегіс төселген өрнектасты да өзі  құйып шығыпты. «Ұяда не көрсең соны ілерсің» деген нақыл сөзді берік ұстанған жас отбасы балаларын жастайынан  еңбекке баулып,   тәлім-тәрбие беруде көпке үлгі боларлық.

«Осы жерде туып өскендіктен  қазақ көршілеріміз де,  достарымыз да баршылық. Олармен жақсы қарымқатынастамыз. Өзім қазақша сөйлей алмасам да  жолдасым мен  ұлдарым  мемлекеттік тілді  жақсы  меңгерген»,- дейді Ирина.

Үй шаруасы, бау-бақша  баптаумен қатар Ирина  ғаламтордан көріп, қызығушылығын оятқан сүйікті ісімен айналысуға  да уақыт табады. Әр сәтті шыққан туындысы  көз қуантып, шабытына  шабыт  қосып  қолөнерге деген құлшынысын  одан әрі дамытуға жетелейді.

Мүсін жасаумен былтырдан  бастап айналысып келе жатқан оның  бүгінде 50-ге жуық  үлкенді-кішілі туындылары бар. Арнайы мамандығы болмаса да кәнігі мүсіншілерден кем түспейтін шеберлігіне тәнті  болып, шығармашылығына сәттілік  тіледік.

Бақыт БАЙМАҒАМБЕТОВА