9.10.2020, 17:51
Қараулар: 62
Қой орнына қаз баққандар….

Қой орнына қаз баққандар….

Ауылдың тыныс-тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Тұрғындардың барлығы да мал өсіріп, оның өнімін пайдаланады. Бордақылап, қалаға сатып, пұл қылады. Дейтұрғанымен, ақтаулық тұрғындар соңғы кездері жеке аулада құс асыруды да мықтап қолға алған. «Бұған дейін де үй құстарын ұстайтынбыз. Жұмыртқасы үшін тауық, еті үшін үйрек, қаз. Әр үй сайын, жиырма, тіпті ең көп дегенде алпыс басқа дейін болатын. Биылғы жылы ауылдың жігіттері құс фермасын бір күнде ашып, бізді қатты таңғалтты» — дейді ауыл тұрғындары. Шынымен де ауылдан жарты шақырымдай қашықтықтағы жайылымдық аймаққа келіп, көк шөпті қойша жаусатып жүрген қоңыр қаздарды көрдік. Бұған дейін білетініміз де, көз үйренген көрініс те бұл-жайлымдағы төрт түлік болатын. Енді оған құстың да қосылғаны ма деп бізде сәл-пәл аңтарылып қалдық.

Сөйтсек, ақтаулық тұрғын Берхат Жаденов және Руслан Еслямов биылғы жылы мемлекеттің қолдауына қол жеткізіпті. Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы бір айлық курсты тәмәмдап, кәсіпкерлікке дайындалған. Білімдерін жетілдіріп, қолдарына сертификат алысымен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және  жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қосылып, өз жобаларын ұсыныпты. Нәтижесінде екеуі де 505 мың теңгелік гранттарын алған екен. Оларға ауылдастары Жандос Мұхамбетов қосылып, бірігіп бизнестерін бастап кетіпті. Қалаға барып, инкубатордан шыққан екі айлық 1030 қаз әкеліп баптауда. Әрине, мыңнан аса қоңыр қаздарды жай аулада ұстау мүмкін емес. Олар «Ақтау» ЖШС-нің иелігіндегі нысандарды осы қаздар үшін пайдаға жаратуда.

«Линда» тұқымды қоңыр қаздар, суыққа да ыстыққа да төзімді, әрі кәдімгі жайылымда жайылып, тез ет алды екен. Іскер жігіттер тонналап азық жем алған. «Сатып алғанда барлық ветеринарлық талаптарына сай  егілген, тексерілген құс болатын. Алдағы жауын-шашынды күндерге дейін қоңдандырып, сосын барып, етке өткізу ойымызда бар» — дейді Берхат Жаденов. Іскер жандар мол етті қайда, қаншадан және қашан тапсыру керектігін де жоспарлап қойыпты. Диеталық өнім түріне жататын құс етін алушылармен  телефон арқылы жасасқан келісімдері де бар.

Бұған дейін  төрт түлік мал асырап, оның өнімін өндіріп жүргендіктен, кім-кімге де оның үйреншікті жұмыс болғаны рас. Ал мынадай көп көлемдегі құс бағу, оның жай-күйін білу, әрине, аздап тосырқатары анық. Дейтұрғанмен, алғашқы рет құс өсірумен айналысқан  жігіттер бұл шаруаны дөңгелетіп отыр десек  болады.

Айсұлу АРЫСТАНОВА

Шыңғырлау ауданы