19.10.2020, 16:27
Қараулар: 90
Қиындыққа мойымаған жанұя

Қиындыққа мойымаған жанұя

 Қайырымдылық айлығы басталды. Ел-жұрт болып, жан-жағымызға қарап, кімге көмек керек екен деп әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімін тере бастаймыз. Осындайда ғана күнделікті өмірде байқай бермейтін талай  жалғызілікті немесе мүгедек адамдарды  енді ғана көргендей боламыз. Бұған дейін олардың мұң-мұқтажын түсінбек түгілі тіпті көпшілігіміз олардың жағдайларын  сұрап, көңіл бөлмейтініміз ащы да болса шындық қой. Тіпті мүлдем танымайтын, аттарын естімеген, тағдырлары қиын жандарды  осы айлық кезінде ғана көріп-біліп, әп-сәтте әр түрлі сезімде қаласың. Сондайда, кейбіреулерінің  көздерінен қайғы мен шарсыздықты көріп, жаның аурады. Ал қиындыққа мойымай, күресу арқылы аяғынан тік тұрып,  қолдан келгенше сұрқай өмірді өздерінше нұрландырғандар үшін риза болып, тіпті қуанасың.

Сөзімізге мысал, Ащысай ауылында «Арман » атты шаруа қожалығы бар. Жиырмаға жуық жылқысы, 70-ке жуық ірі қарасы және ұсақ малдары бар. Мал шаруашылығы болғандықтан өздерінің техникалары жетерлік. Құт-береке дарыған  отбасында мүмкіндігі шектеулі екі бала бар, сонымен қоса отағасының өзі Ораз Бекбусинов те осы санатта, сөйлеу-есту қабілетінен мақұрым қалған. Десек те қолына алған ісін дөңгелетіп, азын-аулақ малын көбейтіп, жаз бойы шөбін шауып, қыста малын қарап, тірлігін жасап, отбасының жағдайын жасап отырған жайы бар. Жұбайы Нұргүлдің қолдауының арқасында барлық жұмыстары алға басып келеді. Адамдармен ара-қатынасы да осы жан-жарының көмегімен жақсы деңгейде. Оның үстіне, өзі еңбекқор, ақкөңіл, жұмыс десе жанын салатын азаматты ауылдастары қадір тұтады.

Бұл ерекше отбасы тағдырдың соққысын көріп, екі ұлдың денсаулықтары үшін қатты қамығады. Десек те, иықтарын тік ұстап, жылдар бойы қиындықпен бірлесіп. күресіп -ақ келеді. Айтуға оңай шығар, бірақ ішкі жан-дүниелері өздеріне ғана мәлім. Балалардың өз қатарластарындай сап-сау болғандарын қалайды. Өздеріне көмекші болса дейді. Дәрігерлеріне уақытылы апарып, ем-дом жасатып, түрлі курстарын алады. Жылт еткен жақсылық нышандарына әр кез балаша қуанып, үміттерін үзбейді. Міне, сондықтан да мейіріммен, ата-ананың қолдауының арқасында екі баласы да үйдегі, түздегі жұмысқа қолғабыс етіп, аз да болса көңілге шуақ себеді.

Шаңырақтың отанасы Нұргүл Есенгелдіқызы  туралы айтсақ, оның қайсарлығына таң қалмасқа болмайды. Қызымен бірге үйдің барлық тірлігін, әрі отбасының тауқыметтің шаршамай көтеріп келеді. Арасында сауда-саттықпен айналысады. Көбіне-көп, жолдасының әрі екі баланың жағдайына қарап, үйден жұмыс істейді. Ас үйдің, алып кел-барып кел сияқты шаруада оған қызы қолқабыс етіп, жанына жалау бола біледі. Бұған да шүкірлік айтып ерекше отбасы үнемі алға қарай қадам басуды дағдыға айналдырып алған. «Бізге қиын деп ешкімге міндет артуды дұрыс көрмейміз. Әрі үкіметтің жәрдемақысына қарап отыруға үйренбедік. Қолда барды оқсатып, осы балаларға аз да болса жағдай туғызуды ойладық. Ал жолдасым болса, күні -түні тыным көрмей осы үйдің асыраушысы болып отыр. Біріккенде ғана бар қиындықтар жеңілдейтіні рас қой» дейді Нұргүл ешбір мойымай. Міне, Ащысайлық ерекше отбасы осындай, қиындыққа қорқып қарамай, тек қана алға ұмытылуда.

                                                                                                                                                 А.МУСА