19.02.2020, 10:20
Қараулар: 462
Қариялар әлеуметтік көмек алуда

Қариялар әлеуметтік көмек алуда

Жасы  ұлғайған, оның үстіне мүмкіндігі шектеулі, жалғызілікті жандардың өзгенің көмегіне мұқтаж болып жататындығы  рас. Өздерінен күш-қуат кетіп, денсаулық сыр берген соң қол көмегін керексініп, қандай да бір жылы сөздерге қуанып-ақ қалады. Ауданымызда  осындай әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар жетерлік. Бүгінгі таңда аудан бойынша үйден әлеуметтік көмек алатын 79  мүмкіндгі шектеулі  қариялар бар, ал ауылдық округтерде осындай көмекке зәру 28 адам тіркелген.

Үйден әлеуметтік көмек алатын жандарға «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы үлкен септігін тигізуде. Мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында  мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар айтарлық. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне арналған осындай жоба аясында нақты көмек көрсетіліп жатқаны үшін «Nur Otan» партиясына  ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатады.

Үстіміздегі жылы да осы жоба өз жұмысын жалғастырып, алғашқы шаралар легін Ақшат, Алмаз, Шыңғырлау ауылдық округтеріндегі жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық-әлеуметтік көмектер ұйымдастырды. Әлеуметтік қызметкерлер жасы ұлғайған жандардың үй-жайларын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізіп, аулаларындағы қарларын аршып берсе, арнайы келген медицина қызметкерлері денсаулықтары туралы сұрап,  қан қысымдарын өлшеп, тиісті ем-домдарын жазып берді.

Өздеріне деген шынайы қамқорлықты сезініп отырған ауыл-аймақтардағы қариялар алғыс сезімдерін білдіріп, бір жадырап қалды.

Г. Шынтас