23.04.2020, 12:23
Қараулар: 196
Қара нанның қадірін білсекші…

Қара нанның қадірін білсекші…

Аурухана палатасында жатқан төрт әйелдің бірі жасы сексен екіні еңсерген  украиндық кейуана. Кейуана деуге қимайсың. Себебі жасына қарамастан иықтарын тік ұстап,  қимылының, жүріс- тұрысының ширақтығымен ерекшеленеді.   Жанары да таймаған. Тік қарап, тік сөйлейді.  Өзгелер сияқты төсекте жата бермейді. Уақытымен  жаттығу жасап, уақытымен кітап оқиды.

Құр әңгімелесуді қаламайды.Оданда өз ойын қорытып немесе  өткен өмірге ойша жүзгенді  әдет қылған. Қасында қатарлас жатқан орта жастағы әйелге  сын көзбен бір қарап, бұқтырып салады. Өзі жалқаулау, қарны қабақтай, аяқтары жіңішке әйел әжейдің күнделікті ісіне қарап өзінің  салауатты өмір туралы  түсінігі тым төмендігін  білгендей болыпты. Айтпағым мүлде басқа. Аурухана палатасында жатқан адамдарға туған-туысы, жақын-жұрағаты,бала шағалары күнде келеді. Келген сайын  дорбалап, тәтті-дәмдісін ала келеді. Әрине, ең алдымен бір бөлке нан, немесе тәтті тоқаш болатыны белгілі. Осы үрдіс әжейге тіптен ұнамайтын.

Үстел үстіне түсетін нан қиқымдары ештеңе емес, әр ауқаттанған сайын жуындыға кетіп жатқан әрбір нанның кесінділері әжейді тым мазалайды екен. Мұндай ысырапшылдықты көру , аштық кезеңдерін бастан өткерген  кейуананың жүрегін ауыртып, өткен шақтың ащы шындығын еске алдырыпты.

Украинаның үлкен деревнясында туып-өскен кішкене қыз, неміс оккупанттары елді жаулағанда жалғыз шешесімен сол жерде қалған екен. Әсіресе күз, қыс айларында қатты ашыққан. Жерден жеуге келетін тамырды да, бидай масағын да теріп жеп талай уланыпты. Халық әбден ашыққанда ең алдымен кәрі-құртаң мен балалар өле бастапты. Жерлеуге де әлдері келмей шұңқырға итеріп, беттерін жаба салғандарды  өз көзімен көрген.  Адам өлді деп ешкім қайғырмайтын,тек қарным ашты деп жылайтынбыз дейді. Қыстың күндері бірнеше әйел немістердің асханасында жұмыс істепті. Азын — аулақ алатын  тамақтарына қосып, картоптың қабығын алып шығады екен. Картоптың қабықтарын етектеріне салып, жандарын шүберекке түйіп жүріп, талай  аш адамдарды, біраз жанұяны аман алып қалған екен.

Итшілеп жүріп,  бірнеше отбасын асыраған жанкешті әйелдерге бара-бара немістерде түсіністікпен қарап артық-ауыс тамақ беретін болыпты. Сондай аштықты бастан өткерген әжейдің  әрбір атқан арайлы таңға деген  құлшылығы жан таңғалдырады.Бозала таңмен таласа тұрып,көкжиектен шыққан күннің шапағын қарсылайды. Мұнысы күнге тағзым еткендей. Сонымен бірге  аштықты да тоқтықты да көрген жанның  нанға, қара нанға деген құрметі тіптен ерекше. «Адамзаттың соғыс пен ашаршылықты, оба жайлаған зұлмат заманды ұмытып, бардың қадірін бағаламауы қынжылтады.Бір түйір нанға қолы жетпей қанша бала, қанша жан өмірден өтті. Ал сонау қоқыс жәшіктеріндегі, есік алдындағы  дорба-дорба аппақ нандарды көргенде жүрегім қан жылайды.Неге сонша бәрін ұмыттық?» дейді кейуана қабағын түйіп.

Иә, нанның қадірін ұмыттық. Қатып қалған, кеуіп қалған деп лақтыра саламыз. Нанның да киесі бар деп тегін айтылмаған шығар,бәлкім….

АйсұлуМУСА