10.07.2020, 18:21
Қараулар: 119
 Шөп шауып, мал азығын дайындауда

 Шөп шауып, мал азығын дайындауда

Жаз айы басталысымен ауылдағы ағайын, шаруа жандардың жұмыстары қауырт. Мақсат біреу — күн ашықта, шөп күйіп кетпей тұрып, мал азығын жеткілікті жиып алу.

Аудан көлемінде биылғы міндеттелген жоспар бойынша мал азығы 80100 тонна дайындалуы тиіс болатын. Үстіміздегі жылдың 7 шілде күнгі ақпарат мәліметі бойынша айтсақ, жасыл майса 61412 гектар жерден шабылып, жиылып, қыстаққа тасылуда.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің сектор жетекшісі Нұрлан Садықовтың айтуынша округтердегі шаруа қожалықтарының барлығы да осы науқанға жақсы әзірлікпен келген. Шөптің шығымы әр аумақта әр түрлі. Десек те орташа көрсеткіші — әр гектарынан 3,9 центнерден болып тұр. Бүгінгі таңға 23926 тонна шөп дайындалды. Осы науқанда Алмаз, Ақбұлақ, Қарағаш, Ақтау ауылдық округтері ыждағаттылық танытып, өнімдерін еселеуде дейді.

Азығы мол мал қыста қоңды болмақ. Шаруа жандар ала таңмен таласа тұрып, күн батқанша тынымсыз еңбектенуде. Күннің аптабына қарамастан белгіленеген жоспарды артығымен орындауға тырысуда.

 

 А.МУСА

Шыңғырлау ауданы