10.09.2020, 17:11
Қараулар: 21
Шұжық жасаудың шеберлері

Шұжық жасаудың шеберлері

Президентіміз Қ.Тоқаевтың бұған дейінгі халыққа жолдаған жолдауында,  шағын және орта кәсіпті дамыту қажеттілігін, сонымен қатар кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді айтқан болатын. Олардың жұмысында ешқандай барьер болмауы тиіс делінген. Әрине, бұл тек заңдылық пен санитарлық талаптарды сақтаған кәсіпкерлеріміз  үшін айтылған тікелей тапсырмасы. Айта кету жөн,соңғы алыт айда кәсіпкерлерге үлкен салмақ түскені даусыз. Өндірістер тұралап, сауда-саттық шатқаяқтаған кезде, ішкі өнім және шағын кәсіпкерліктің күшімен халықымыздың күн көріс деңгейі төмендемеді. Оған қоса ауылдағы ағайынның мал, құс өсіріп, бақша салып, оның өнімін пайдалану арқылы қарапайым сөзбен айтқанда-«қара қазанның көжесі мол болса, қара баланың қарны тоқ болды» десек артық емес, сірә. Ал осындай күрделі шақта өз алдына бизнес бастап өзіне де өзгеге де пайдасын тигізу іскерлікке жатады емес пе? Мысалыға айтсақ, жас отбасылардың бірінен саналатын шыңғырлаулық Дәурен Төлегеновтер осы кезде  жандарына жақын бизнесті таңдап, оны жүргізіп те келеді. Кәсіпкерліктің қиындау түрін таңдағандай көрінген жанұяға, бүгінгі күні тауарын тұтынушылардың ризашылығы мол.Тапсырыс күн сайын көбейіп, тәжірибелері де молайды, өнімдері сапалылығымен ерекшеленді.

Мемлекет тарапынан алынған қолдаудың арқасында Төлегеновтер бүгінде шұжық өндіріп, суши, ролли жасайтын, шағын өндіріс көзін ашып отыр. Дәурен және Айзада Төлегеновтер ауылдастары сияқты құс асырау, мал көбейту немесе дүкен ашу емес, кәсіптің өзгешелеуін таңдапты дейді ауылдастары.Айзада бұған дейін бала күтіп үйде отырған уақытын пайдаланып, кондитерлік тағамдарды үйден жасап келді. Өз алдына тапсырыстар қабылдап, едәуір қаражат тауып отырған. Екі баланың анасы  өткен жылы аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен  бір айлық курсқа жазылады. Жобасын қорғап, көп күттірмей  505 000 теңгелік қаражат қолдарына тиеді. Міне, сөйтіп жас жанұя көптен ойлаған армандарын іске асырды. Нәтижесінде, тұрғындарға үйден дайындалатын шұжық ұсынып, оның  өтімді әрі мол табыс болатындығына көздері жетті. Бұл істің қиындығы да жоқ емес. Пештері шағын, әрі шикізатты үнемі сатып алуда. «Шұжықты пешке салып, төрт сағаттан  қақтау қажеттілігі де бар. Бұндайда  электр жарығын үнемдеу мүлдем мүмкін емес. Десек те  отбасылық кәсіпкерлікпен түбегейлі  айналысуға әбден  бел буғандықтан еш мойымаймыз» — дейді Дәурен.

Жақында кәсіпкер жігіт аудандық ішкі саясат бөліміне шақырылып, ауданымыздың дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат алған болатын. Жұмысына шабыт қосылып, алдағы уақытта осы ісін одан әрі кеңейтіп, шұжық қақтайтын арнайы құрылғы сатып алуды көздейді. Сөйтіп, шағын цех ашып, жұмысты өркендету жоспарында бар. Әзірге күнделікті шығарылатын өнімдері аз болғандықтан құрылғы сатып алуды келер жылдың еншісіне қалдырмақ .Әйтсе де, сапалы әрі санитарлық жағынан еш қауіпсіз өнім үшін барын салуда. Сондықтан да болар,  шыңғырлаулық тұрғындар үшін Төлегеновтер дайындаған суши мен роллы  жеңсік ас, ал исі бұрқыраған шұжықтарының таза өнім және еш қоспасыз дайындалуы тұтынушыларын қуантады.Төлегеновтердің  шығарған өнімін бүнгіде «Теща», «Астана» супермаркетінің және «Бәйтерек» дүкендерінен ала аласыздар. Иә, ауданымызда осындай кәсіпкерлікке құлаш ұрған жандар қатары көбейіп, жаңа идеялар жүзеге аса берсін демекпіз.

Айсұлу АРЫСТАНОВА