17.11.2020, 11:42
Қараулар: 19
«Халық Алғысы» иегерлері аудан әкімінің қабылдауында болды

«Халық Алғысы» иегерлері аудан әкімінің қабылдауында болды

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пандемия кезінде өзінің еріктілік белсенділігімен ерекше көзге түсіп, қиын-қыстау күндерде ел ішінде еселі еңбек еткен Қазақстан Республикасының азаматтарын көтермелеу  мақсатында «Халық алғысы» медалін табыстауды тапсырған болатын. Осыған орай аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» маманы Мұрат Саркенжиев пен Қарағаш селолық округының полиция подполковнигі Бекежан Елесбаев «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Қос марапатталушы аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың қабылдауында болды. Қабылдау барысында аудан әкімі карантин кезінде хал-қадірі жеткенше елге қызмет еткен азаматтардың ісі көпке үлгі болатындығына сенімділік білдіріп, жетістікке жеткен жерлестерімізге өзінің шынайы тілегін жеткізді.

«Мен үшін бұл ерекше есте қаларлық марапат болды. Мынау елдің зәресін алып, үрейін ұшырған індет кезінде ел ішінде дәрігерлер, ішкі істер қызметкерлері, халық арасынан шыққан еріктілер шама шарқы келгенше індеттің бетін қайтаруға әрекет етті.  Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатындығын сөзбен емес, іспен дәлелдеді жерлестер. Марапатталушылардың қатарында өзімнің болғандығым мен үшін күтпеген қуаныш. Жеке менің емес, бұл тұтас ұжымымның марапаты. Себебі, жастар қашан да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әзір. «Халық алғысы» дегеннің өзі арқаға үлкен жүк артады екен. Баршамыздың арқалағанымыз тек алғыс болғай»,- дейді жас болса да жүрегі жалынды, ісі қарымды Мұрат Саркенжиев. Індет кезінде іркілмей еңбек етіп, қайырымды істердің басында жүрген жерлесіміздің нағыз алғысқа лайық волонтер екендігі  даусыз.

Ендеше, қос жерлесімізді  осынау ерекше марапатымен біз де шын жүректен құттықтаймыз!

Самат БАЙБОЛАТ

Шыңғырлау ауданы