12.11.2020, 17:56
Қараулар: 53
«Учаске» іс-шарасы- үлкен мүмкіндік

«Учаске» іс-шарасы- үлкен мүмкіндік

Бүгінгі таңда облыс аумағында құқыққорғау органдары тарапынан азаматтармен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Учаске» атты шұғыл- алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Айтып өткеніміздей, бұл шара қоғамдағы тәртіп, заңдылықтардың сақталуы, құқыққорғау органдары қызметкерлерінің бұқара арасындағы беделін көтеріп, сенімге негізделген тығыз байланыс орнатуды көздейді. Осы жылдың соңғы айына дейін жалғасатын шара барысында тұрғындармен жүздесу, олардың хал-ахуалымен танысу бағытындағы аулалар мен пәтерлерді аралап шығу, ірілі- ұсақты тәртіпбұзушылыққа жол бергендерді анықтау, сондай-ақ ішкі істер органдарында тіркеуде тұрған тұлғалармен сақтандыру-ескерту тұрғысында әңгімелесу жұмыстар жүріп жатыр. Қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың ең өзекті мәселелерін өз аясына алған іс-шара бойынша жұмыстар барлық учаскелік полиция инспекторларының бүгінгі жұмыс барысын қамтып отыр.
Қарағаш және Ақшат ауылдық округтеріне жауапты учаске инспекторы ретінде өз міндетімдегі аумақта аталмыш іс-шара талаптарын толыққанды атқарып жатырмын.
✔️ Бүгінге дейін қос округте 133 аула тексеріліп, үй иелерімен түсінік жұмыстары жүргізілді.
Адамдар тұрмысының бір қиын тұсы- отбасындағы түсініспеушіліктер. Ері мен әйелі арасындағы жанжал қашанда балалардың психологиясына, өмір сүру салтына, сабағы мен тәрбиесіне бірден-бір кері әсер ететін фактор. Осы тұста ішімдікке бейім әке, ұрысқа дайын ана балаларының тағдырын ойламайтын кездері кездесіп отырады. Кей жағдайларда мұның арты үлкен өкініштерге соқтырып жатады. Бүгінде құқықорғау органдары отбасындағы мұндай кикілжіңдерге араласа алады, заң аясында шешімдер қабылдап, тәртіпке салу қарастырылған, сондықтан аталған іс-шара барысында барлық отбасыларға байланыс телефон нөмірлері таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың кейбіреуі үйлерінде аңшы мылтығын ұстайды, әрине, заңмен белгіленген тәртіпте, заңды рұхсатымен ұстауда. Дегенмен, суық қаруды тұтынудың қауіптілігін, сақтық шараларын ескертіп қоюдың еш артықтығы жоқ, шара барысында осындай қару ұстайтын 8 тұрғынмен де түсінік жұмыстары жүргізілді.
Күз айындағы өзекті мәселе мал бағымы, оны өрістен күтіп алу, округ аумағында мал ұрлығын болдырмау, болған жағдайда жолын кесу, осы бағыттағы кез-келген жағдайға дайын болу. Міне, іс-шара барысында ауыл тұрғындарымен де, жеке кәсіпкерлермен де (39 жеке кәсіпкерлік) осы мәселе ортаға салынды, түгел ескертілді. Қазір тұрғындар сақтық шараларын күшейтуде. Сондай-ақ, көлік жолына малдың шығып кетуі ауылды жерде жиі орын алатын жағдай. Бүгінгі уақытта Заңның 408- бабымен жұмыс жасаудамыз, яғни, мал қараусыз, бағымсыз жүрген жағдайда, жолға шығып кетуі немесе қоғамдық орындардағы өскіндерді бүлдіруі болған жағдайда мал иесінің үлкен айып тартып, жауапкершілікке шақырылатыны ескертілді.
Қоғамдық орындарды ластау, кәмелет жасына толмағандардың қараусыз, қадағалаусыз жүруі, топ болып жиналуы, жайсыз отбасыларды бақылау, ауылдарға сырттан немесе шетелдерден келген қонақтар мен жолаушыларды біліп отыру, олардың заңсыз отты қару және өзге суық қарулар тұтынбауын тексеріп отыру, адам өміріне қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін құрылыс жүріп жатырған жерлердегі қалтарыс қоймалар, шатырларды да тексеру сынды толып жатырған міндеттер уақтылы орындалып отыр.
«Учаске» іс-шарасы бізге қоғамдағы тәртіпті қадағалау және құқбұзушылықтың алдын алу жұмысында үлкен кәсіби мүмкіндіктер беріп, біздің өз міндетімізді тиянақты қамдап отыруымызға себеп болып отыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Бекежан Елесбаев,
Қарағаш, Ақшат ауылдық округінің
учаскелік инспекторы, полиция подполковнигі