21.04.2020, 10:25
Қараулар: 399
Тіршілік түйткілдері

Тіршілік түйткілдері

Бетімізді ашқан 500 теңге

Мынау атын атағың да келмейтін жаман індет елімізге жеткенде жұртшылықтың абдырап қалғаны рас. Білікті дәрігерлер мен арнайы санитарлық мекемелердің қойған ең басты талабы-тұрғындардың бет перде тағып, қолдарын жиі сабындап  жуып, үйде отыруы болды. Бет пердесіз көшеге шықпау-ең басты шарт болған кезде оған деген зәрулік бірден байқалды. Дәріханаларда осы кезге дейін тапшы дүние пандемия кезінде көзден тіпті бұл-бұл ұшты. Халықтың жәйін ойлаған жеке кәсіпкерлер мен қолына ине-жіп ұстап жүрген тігіншілер бірден  бет перде тігуге кірісті. Қайсыбіреулері блок-бекетте тұрғандарға тегін үлестірсе, қайсыбір пысықайлар қаладан әкелінген немесе өздері тіккен бет перделерді 500 теңгеден сатылымға шығарып, елдің ашуына қалды. Тіпті тіккен бет перделерін «50 теңгеге арзандатып 450 ден сатсам да жарамай ма?» деп «қиналғандарды» да көзімен көріп, құлағымен естігендер жағаларын ұстап жатты. Қалтасы көтеретіндердің өздері ренжи жүріп алып жатса, аз-мұз тиын-тебенін үнемдеп жүргендер «бұлары несі, бір рет қана пайдаға асатын алақандай нәрсеге аспандағы айды сұрап» деп ашуға булықты.

-Ойпырмай, бұлар бояушы бояушы дегенге осындай қиын кезеңде халықтың үстінен күн көруді мықтап қолға алған екен. Адамдардың қарғысына қаламыз деп қорықпай ма екен? -деп ренішін білдірді таныс апа.

Шынында да, ел  мына жаман індеттен елімізді, туған-туысымызды сақтай гөр деп тілек тілеп жатқанда мынау ит тірлік қайсыбіріміздің шынайы бет пердемізді ашып берді-ау…

Пандемиядан пайда тапқандар

Жаман хабар жерде жата ма, індет елімізде де пайда болыпты, мейлінше азық-түліктеріңді молынан қамдап, үйде отырған абзал деген сәтте-ақ тауар бағалары шарықтап шыға келді. Қазекем қашан қалтасында ақша жинап отырған, қарапайым жұртшылық соңғы тиын-тебендеріне тамақ алып қалуға дүкендерге асықты. «Ойбай, кеше алған күрішім бүгін бәлен теңге, сұйық май алып қалыңдар түген теңге, картоп жоқ деп жатыр»,-деген хабар ауыл арасында желдей есті. Расымен де, сол күндері кеше тұрған ұн бір күннің ішінде зым-зия болыпты. Оны халық шынымен талап алып кеткені ме сонда? Осылай айран-асыр болып отырғанда әріптесім: «Кеше анам дүкеннен бір қапшық ұнды 8 мыңнан сатып алып еді, мына хабарды естіп тағы бір қап алайын деп барса бір түнде ол 11 мың теңге болып шыға келіпті. Анам ренжіп келді»,-деді.  «Ойпырмай-ә!» дестік.

Танысыммен дүкен аралап жүргенбіз. Бір жеке кәсіпкердің дүкенінің алдында мәшинені тіреп қойып қапшықтап картоп тасып жүрген жұмысшылар. «Ой, осы жұрт та айтқыш-ау, әнекей картопты мәшинеге сықап тиеп әкеліп жатқан жоқ па?»-деймін мен көңілімді бірлеп. «Қайдағы, дұрыстап қарасайшы, бұлар керісінше баға өседі деген соң дүкендегі картопты үйіндегі қоймаға тасып, тыққалы жатқан жоқ па. Ертең бізде картоп бітті, қаладан мынандай бағамен әкеліп, сатуға мәжбүрміз» деп қайтадан жаңа бағамен шығарғалы отыр ғой бұлар»,- дейді танысым ренжіп қолын бір сілтеп. «Ойпырмай! –дедік тағы да қулықтарына құрық бойламайтын пайдакүнемдерге қарап. Ауылдағылар бірігіп қаражат жинап, кем-кетік жандарға азық-түлік жеткізіп, мәрт азаматтар жылқысын пышаққа жығып жатқанда әлгі саудагердің (кәсіпкер дегім келмей тұрғаны) мұқтаж жандарға бір келі картопты тегін бергеніне күмәнім бар.

Шынында да сол күндері картоптың келісін 200 теңгеден сатып айды аспанға шығарғандарды да ел біледі. 180-нен түсірмей «алсаң ал, алмасаң қой» деп отырғандар апта ұзамай 160-155-ке түсіре бастады. Ал, бүгінде сол картоптың бағасы 135 теңгеден сатылуда.

Тиыннан теңге құрау қажет те болар, бірақ мынау қиын-қыстау сәтте біз жүрегінің әміріне емес, құлқынының құрығына ілінгендерге қапа болдық.Бір ауылда тұрып ел уайымға түскен осындай кезде жерлестерін жеген пысықайлардың ертеңгі күннен қорықпайтындары қынжылтты. Тойымсыздық, таразы үстінен жеу, біреудің соңғы тиынын қағып қалуға деген өлермендік бізге қайдан келген деп қамықтық. Асылы,

адал сауда жасап, адамгершіліктен аттамайтын жандардың әр күнгі асы адалынан болары анық.

Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ