4.09.2020, 14:52
Қараулар: 117
Сегізсайдың саумалына сұраныс көп

Сегізсайдың саумалына сұраныс көп

Қымыз-қырық ауруға ем деп ата-бабаларымыз айтып кеткен. Сонау дәрігері жоқ, аурухананы білмеген көшпелі заманда адамдардың ауруының алдын алар, ауырып қалған жағдайда емге пайдаланар ақтың бірі осы қымыз болған. Жылқы малы  судың тұнығын, шөптің құнарлысын таңдап, талғап жейтінін ескерсек, дәрумені ең көп осы жылқының  етімен сүті демекпіз.

Пандемия кезеңінде Алмаз ауылдық округіне қарасты Сегізсай ауылының тұрғындарының дені саумал ішіп, сары қымызды күнделікті қабылдап, аурудың алдын алды. Сол кездегі күрделі кезеңге, карантинге қарамастан білекті сыбанып бие сауған, шағын дүкенін де дөңгелетіп әрі ауылдастарының алғысын алған Гүлжаран Кенжебаеваға баршасы дән риза. Жолдасы  Нұржан Шайхиевтің көмегімен сауынға бие байлап, сары қымызбен, балғын саумалмен ауылдастарын қамтыды. Сөйтіп, қолдан келгенше аурудың ауылын алыстатып, әрі жұмыстарын жүргізген тынымсыз жандар бүгінде өгелерге үлгі болуда. Оларға қарап аулдастары да   бие сауып, қымыз өндіруді қолға алмақ.

Таңнан тұратын пысық келіншек, желіге байланған биелерді екі сағат сайын сауады. Бір күнде бес мезгіл сауылатын биелері қолға әбден үйренген. Жем-суы алдында, күтімдері де жақсы болғандықтан сүті де мол. Әсіресе, мамыр айындағы саумалдың күші ерекше деп ауылдастарымен көрші ауылдың тұрғындары жиі тұтыныпты. Әлі суып үлгермеген саумалды сол жерде-ақ сүйсіне ішкен. Күніне 7-8 литр сауылып, әсіресе саумал тез арада үлесіп кетеді екен. Бағасы да қолжетімді. Әр литрі 1000 теңге. Тіпті  қымыз етуге үлгермепті. Себебі қымыздан гөрі саумалға сұраныс көбірек екен. Ал, қазіргі күні, керісінше қымыз сұрайтындар саны өсіпті.

«Мұндайда саудаңның жүргені емес, небір адамдардың сауыққан соң, арнайы келіп алғыстарын жаудырғандары жанымды жадыратады. Сусынды апталап немесе он күн пайдаланғандар  ауруынан құлан-таза айығып немесе денсаулығын түзесе, соған қуанамын»-дейді саумал аңқыған келіншек.

-Сегізсайдағы «Гүлнұр» жеке кәсіпкерлігінің тауарлық ассортиментіне өздері өндіретін жылқы сүтінің өнімі де қосылды. Бұған дейін де ауыл халқын күнделікті тұтынатын азық-түлік және тұрмыстық тауарлармен қамтып отырған шағын дүкен енді шағын ауыл халқының денсаулығы үшін де септігін тигізбек,-дейді ауылдық округ әкімінің бас маманы Алмагүл Барақбаева. Заманына қарай талабы деген осы да!

Айсұлу АРЫСТАНОВА