2.10.2020, 12:28
Қараулар: 54
Саябақтағы сенбілік

Саябақтағы сенбілік

Күз мезгілі жиын-теріннің аяқталатын уақыты ғана емес, бақшалар мен саябақтарда да тазалық жұмыстарын жүргізетін уақыт. Жаз бойғы еңбегі еш кетпей, көңілге қонымды өнім алғандар Жер-Анаға биылғы берген ырыздығы үшін алғыс айтып, бақшаларын келесі көктемгедайындап  жатады. Ал, күзгі саябақтарға да осындай күтім керегі белгілі. Айтарлықтай аумақты жерді алып жатқан аудандық саябақ жанындағы қосымша жер телімі де осындай тазалық жұмыстарын қажетсініп тұрған еді. Жуырда аудандағы мекеме-ұйым қызметкерлері бірігіп осы жер телімінде бекітілген кесте бойынша тазалық сенбілігін жүргізді. Қураған ағаш-бұтақтарды кесіп, арамшөптерді жұлып, аяқ астына төгілген теректердің жапырақтарын тырмалап, қопсыту-әктеу сынды бірталай жұмыстардың басын қайырды.

Бұл жер телімі  аудан тұрғындарын ғана емес, ауылымызға өзге жерлерден келгендер үшін де ерекше сүйсіне демалатын саябақтың тура қасынан орын тепкен-тұғын. Аталмыш саябақта ұстаздарға арналған ескерткіш те, атақты өнерпаз жерлесіміз Қ.Орашеваға арналған бюст-мүсін де, Шыңғырлаудың символына арналған қос аққу бейнесі көзге бірден шалынатын ерекше сәнді де тәрбиелік мәні бар жер. Сол себепті де басты демалыс орнының жанындағы түрлі теректер бой көтерген жердің жинақы да мұнтаздай таза болып тұрғанына не жетсін!

Гүлім ШЫНТАС