18.09.2020, 17:11
Қараулар: 70
Праймериз үміткерлері арасында пікірталас басталды

Праймериз үміткерлері арасында пікірталас басталды

Өткен аптада «Nur Otan» партиялық кадрлық резервіне тіркелген 26 үміткер халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Ендігі кезекте, 16-18 қыркүйек күндері Праймеризге қатысушылар ашық алаңда дебат түрінде пікірсайыс өткізуде.

Өз бағдарламаларын көпшілік алдында мәлімдеп, өзекті мәселелерді талқылайтын дебат жұмысын  «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы, аудан  әкімі Ә.Мұханбетжанова ашып, партия ішіндегі сайлаудың маңыздылығына тоқтала отырып, Праймеризге қатысушаларға сәттілік тіледі. Жалпы дебат 2 раундтан тұрады. Дебат барысында кандидаттар өз бағдарламасының негізгі ережелерімен таныстырады, сондай-ақ, ауданның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады, «сұрақ-жауап» форматында өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Әр кезеңнің өз регламенті, форматы бар.

Тіркелген кандидаттар жеребе тартуының нәтижесіне сай алты-алтыдан бөлініп, көпшілік алдында өздері туралы, жоспарлары мен бағдарламалары жөнінде дебаттық түрде мәлімдеме жасады. Бірінші топ бойынша дебатқа қатысқан үміткер Абаков Айбек: «Мен мәдениет саласының қызметкерімін. Сондықтан мәдениет саласына қатысты өзекті мәселелермен қатар, жастар мәселесін де  өз бағдарламама енгіздім. Жалпы үміткерлердің  жоғары деңгейде дайындалғанды байқалады. Бүгінгі дебат өте қызықты әрі тартысты өтті» деп өз пікірін білдірді.

Үміткерлердің көтерген өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары ауданның әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсартуға көмектеседі деген ойдамыз. Ендігі кезекте, 3 қазан күні аудан тұрғындары, соның ішінде партия мүшелері өз таңдауларын жасайтын болады.

Аман ІЗМҰХАН