20.01.2020, 17:15
Қараулар: 150
Ортақ мәміле нәтижесі

Ортақ мәміле нәтижесі

Қаңтар айы басталысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттағаны байқалып отыр.  Әсіресе, қарақұмық, жұмыртқа, макарон мен сүзбе, сары май, пияз бен тағы да басқа көкөніс түрлеріне баға әжептуір өскен. Шарықтап кетпесе де осының өзі қалтаға едәуір салмақ екендігі түсінікті. Зейнатақы мен жалақы өседі деген қауесеттің соңын ала тауарлардың да қымбаттауы күтілетіні жасырын емес. Бұл орайда көп балалы және аз қамтылған отбасы бюджетіне түсетін салмақ айтпаса да түснікті.  Қарапайым халықтың ең бірінші тұтынатын өнімі-нанның бағасын қалыпта ұстап тұру,  оның көтерілмеуін бақылауға алу мақсатын көздеген жиын жуырда аудан әкімдігінде өтті. Аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов аудандағы наубайхана иелерімен және аудан орталығында нан өнімдерін сататын жеке кәсіпкерлермен кездесті. Бұл басқосуда жалпы жер-жерде азық-түлік бағаларының өсуі туралы әңгіме тілге тиек болып, әсіресе нан бағасын ұстап тұру туралы әңгіме өрбіді. Әрине, нан бағасын тұрақтандыру, оның құнын арзандату мәселесі жергілікті кәсіпкерлерді де ойландырмай қоймайды. Бірақ мұның бәрі оларға тікелей байланысты емес екендігі де түсінікті. Бидай ұнының қымбат болуы, тасымал қызметі, жарық пен жылуға кететін шығындар тағы да басқа себеп-салдарлар бағаның өсуіне әсер етпей қоймайды деген кәсіпкерлер уәжі де тыңдалды. Өзара түсіністікпен, ортақ мәмілеге келудің нәтижесінде наубайхана  мен нан өнімдерін сататын сауда орталықтарының иелері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қатарына кіретін 1 сұрыпты нан бағасын 115 теңгеден 105 теңгеге түсіріп, сату туралы уағдаласты. Бүгінгі күні келісілген бағамен дүкендерде нан өнімдері босатылып жатыр. Ақсай қаласынан нан өнімдерін тасымалдаушылар да жоғары сұрыпты бөлке бағасын 120 теңгеден түсіріп, аудан дүкендерінде 110 теңгеден сатылуына оң көзқарас танытты.

Ақылмен, пайыммен шешілген іс әрқашанда нәтижелі болмақ. Әсіресе, осы жолда табандылық таныта білген аудан басшылығы мен халықтың жағдайына қарайласқан кәсіпкерлердің ізгі қадамдарына «бәрекелді» деуге болады. Табыс табу, жасап отырған жұмысыңнан пайда көру әрине, қажет-ақ, бірақ ел қамын ойлағандарды өмірдің өзі де сый-сияпатсыз қалдырмасы анық.

Гүлім Шынтас