7.11.2020, 16:06
Қараулар: 158
Облыс әкімі Шыңғырлауда

Облыс әкімі Шыңғырлауда

Шыңғырлау ауданында жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ғали Есқалиев Алмаз ауылындағы орталықтандырылған таза ауыз су құбыры құрылысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүргізілген су құбырының құрылысын «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, 12 шақырым су құбырын тартты. Су жинайтын резервуар сыйымдылығы 350 текше метр.
— Елді мекендер үшін ауыз су мәселесі өте маңызды. Сондықтан Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей қолдауының арқасында осы Алмаз ауылы секілді облыс көлемінде тағы да 31 елді мекенге таза ауыз су құбыры іске қосылады. 27 мыңға жуық тұрғын таза ауыз суға қол жеткізбек. Енді Алмаз ауылының тұрғындары да тұрмыстары одан да жақсарып, кәсіпкерліктің жаңа түрлерін ашуға серпін болады деп ойлаймын, — дей келе облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы суды үнемдеуге шақырды.
Бұдан кейін сөз алған ауыл ақсақалы Құрманов Байболат пен құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер, «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Асхат Махметов құттықтау сөз сөйлеп, халық үшін маңызы зор игі істің жүзеге асуымен құттықтады.
Су құбыры ашылу лентасы салтанатты түрде қиылып, су құбырының іске қосу тетігі басылды. Салтанатты қуаныш ауыл өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы