8.10.2020, 18:30
Қараулар: 66
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік шаралар

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік шаралар

Ауданымызда «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы  аясында  көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі  аудандық мәдениет үйінде өткен болатын.  Мүмкіндігі шектеулі жандардың бастары қосылып, мереке ерекше  аталып өтілді. Бұл күні мүмкіндігі шектеулі болса да өздерінің қоғамның бір мүшесі екендіктерін іспен дәлелдеген өнерлі де, еңбекқор жандар қол өнер туындыларын көрмеге әкеліпті.

Шарада  аудандық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің басшысы Саян Баймұханов, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы  Тілекші Киреев  құттықтау сөз сөйлеп, оларға денсаулық, қажыр-қайрат тіледі. Сонымен қатар қоғамның белсенді мүшесі болуға шақырды.  Көрмеге қатысқандар сурет өнеріне бейім жан — Арман  Сандыбаевтың, қол өнер бұйымдарының шебері Анар Жұбаниязова, Ақмарал Исмагуловалардың  өнерлеріне тәнті болып, оларға мақтау сөздерін арнап дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

Бұл күні  осындай шара аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де  ұйымдастырылып, теннистен, дойбыдан, асық ойнаудан жарыс өтті. Үздіктер диплом  және  ақшалай сыйлықтармен марапатталды.                                                                                    А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы