1.03.2020, 10:23
Қараулар: 929
Маман тапшылығы қайтсе жойылады?

Маман тапшылығы қайтсе жойылады?

15 мыңға жуық тұрғыны бар ауданымызда маман тапшылығы әбден сезіледі.  Ауруханамызда дәрігер жетіспесе, ауылдық жерде мұғалім тапшы, ауыл шаруашылық саласында механизатор мен малшыға да зәрулік байқалып отыр. Тіпті, өзіміздің аудандық «Серпін» газетіне де тілші іздегенімізге жарты жылдың жүзі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі бір лауазымға үміткер маманның біліміне, біліктілігіне талап қойылып, конкурс арқылы қабылданса, қазір бос орынға басшы өзі маман іздеп, өзі орналастыратын заманға да жеттік.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ауданымызда 14606 адам тұрады екен. Оның 3616-ы  аудандағы мекемелерде  қызмет ететіндер болса, өзін-өзін жұмыспен қамтып отырғандар – төрт мыңнан астам екен. Аудандық жұмыспен қамту орталығының реестрінде 1 ақпанға 159 жұмыссыз адам тіркелген. Сонда бала-шаға, зейнеткерлерді есептемегенде, қалған жұмысқа жарамды азаматтарымыз, яғни мамандарымыз қайда жүр деген сауал туындайды. Осы сауалға жауап іздемес бұрын біріншіден аудан орталығында өндіріс орындарының жоқтығын алға тартқан жөн. Ертеректе май шығаратын, шұжық жасайтын, тіпті лимонад шығаратын цехтар, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін тұрмыстық комбинат «Сельхозтехника» т. б. мекемелер болатын. Бұл жерлерде халықтың басым бөлігі жұмыспен тұрақты қамтылып отырды. Нарық заманы келіп, орта бизнес даму алған тұста өз кәсіптерін дөңгелеткен жандар айналасына өз ағайын-тумаларын жинап, солардың күнкөріс жағдайын көтермелеп, жанашырлық танытып жатты. Ал, көңілі қалаған жұмысына қолы жетпеген, қолы жетсе де табар табысы ойлағанындай болмаған жандар басқа жолды таңдап жатады.

Расымен де қомақты қаражат, табыс көзін іздеп, өзге қалаларда жұмыс жасап жатқан жерлестер аз емес.  Ақсай, Атырау, Ақтау, Нұр-Сұлтан, т.б. қалаларында, тіпті Ресей Федерациясында вахталық әдіспен қызмет етіп, өз напақасын тауып жүрген жандар жетерлік.

Ақшат ауылдық округінің әкімі М.Сатыбалдиев «Ақшат ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға 76 адам вахталық әдіспен басқа қалаларда жұмыс жасайды. Олардың көбі жастар. Ауылдық жердің жалақысын азсынады. Қарапайым көлік жүргізуші 250-300 мың теңге жалақымен қоса, жататын орын, тамақ, арнайы киіммен қамтылуына қызығады. Оның үстіне 1 ай жұмыс жасап, 1 ай демалғаны оларға ыңғайлы. Көбі жалақы төмендігін алға тартады»,- дейді.

Осы вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың қатарында жоғары білімді мамандар, яғни мұғалімдер, электриктер, заңгерлер, экономисттер де жоқ емес. Олар көпшілігі мамандықтарын заман ағымына сай ауыстырып, ауылдық жердің жалақысын менсінбей, бірден қомақты қаражат тауып, өз жағдайларын күні бүгін жасап алуға асығатындар.

Сол жандардың бірі, жерлесіміз Ерлан: «Осыдан 15 жыл бұрын Атырау облысындағы  мұнай зауытына вахталық әдіспен электр жабдықтаушы мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Содан бері үйреншікті жұмысымда жасап келемін, жалақым да аз емес» десе, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Ақсай қаласының шетел фирмаларында қызмет жасайтын Айнұр бойжеткен «Мамандығым ағылшын пәнінің мұғалімі, бірақ менің қазіргі жұмысыммен салыстырғанда мұғалімдердің жалақысы аз. Екі апта жұмыс жасап, екі апта демалып, қомақты қаражат табамын»,-  дейді. Ал жұмыссыздардың қатарындағы тепсе темір үзетін еңгезердей Нұрлан есімді азамат «Мамандығым электрик. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚМАУ жоғары оқу орнын тәмамдадым. Өзімді жұмыссызбын деп есептемеймін. Себебі, мен Атырау қаласынан жақсы жұмыстың реті шыққанын күтіп жатырмын» дейді.

Мінеки, көріп отырғанымыздай көпшілігі ауылдық жердегі 60-70 мың теңгені менсінбей, ай даладан 300-400 мың теңге алуға құштар …

«Біздің серіктестің құрылыспен айналысқандықтан бізге тас қалаушы, сырлаушы, майлаушы, дәнекерлеуші мамандықтары аса қажет. Бұл мамандықтар тапшы. Көпшілігі жалақыға байланысты өзге қалалардағы еңбекақысы қомақты вахталық әдіске қызығады. Бізде жалақы төмен деп айта алмаймын, соның өзінде жұмысшы жетіспейтін кездер болады. Дегенмен, біздің ЖШС пен аудандық колледж арасында жасалған келісімшарт негізінде бізге колледж студенттері тәжірибеге жіберіледі. Оларға оқу, тәжірибе болғанымен, жасаған әр қызметі үшін жалақысы төленеді. Кей студенттердің оқуы аяқталған соң қалатындары да, бізден тәжірибе жинап алып, басқа жұмысқа кететіндері де бар»,-дейді «Мансур» ЖШС басшысы М.Исқаиров

Сананы тұрмыс билейтін заманда мыңдаған шақырымды игеріп отбасын асыраған жандарға айтарымыз жоқ. Дегенмен, өз үйіңде, өз отбасыңның ортасында тапқан аздаған қаражаттың  да өз берекесі барын ұмытпайық.

Аман ІЗМҰХАН