18.06.2020, 17:51
Қараулар: 25
Малды «электробақташымен» баққан шаруашылық

Малды «электробақташымен» баққан шаруашылық

Шыңғырлау даласында иесіз жайылған малды көрсеңіз,таңданбаңыз, бұл Усманғалиевтердің жайлымында. Заманның озығы да тозығы да бар демекші, жаңашылдыққа жақын жүрген шаруалар, міне, заманның озығына да қол жеткізіп, малды «электробақташыға» бақтырып жүр.

Шаруа қожалықтары, соның ішінде мал өсірумен айналысушылардың  көптен бері шешуі табылмай келе жатқан мәселелері бар. Соның бірі — мал бағатын бақташының  жетіспеушілігі. Мал бағу әрине, бәріне бірдей қол емес. Қыс пен жаз бойы жұмысы жетерлік. Десек те жаз айларында мал жайылымға шыққанда жұмысы аз-мұз болса да жеңілдейтіні рас. Сонда да мал бағудан көпшілігі ат-тонын алып қашады емес пе? Ал мал басын көбейтемін деген шаруаға  малшы табу — жерден алтын іздегенмен бірдей. Енді бұл мәселенің де шешуі табылатын кез келді. Нақтылай айтсақ, кем дегенде 200 жүзден аса малы бар әрбір шаруа үшін қол жетімді  «Электробақташы»  құрылғы Қазақстанда кең көлемде қолданысқа енуде.

Ғылым мен ілімі тез дамыған талай  елдерде бұндай құрылғылар көптен пайдаланылып келе жатқаны аян. Дей тұрғанымен, оны мал шаруашылығына пайдалану үрдісі елімізде соңғы жылдарда ғана белең алып келеді.

Шыңғырлаулық «Усманғалиев» шаруа қожалығы да бұл жаңа тәсілді  ауданымызда бірінші болып, қолға алды. «Жаз бойы жылқы табынының соңында жүру, одан қалса ірі қараны шашау шығармай ұстау оңайға соқпайды. Оның үстіне бүгінде қанша қаражат төлесең де мал бағуға ешкімде келіспейді. Қаруасыз қалған мал егінге түсіп, шығын жасайды немесе ұрыларға, ит-құсқа жем болады. Үнемі көзден таса қылмай бағып отырғанның өзінде жақында ғана бір құлынды қасқыр тартты. Сол себепті осы бір «электробақташының» көмегіне жүгінуге тура келді» — дейді шаруашылықтың жылқыларына бас-көз болып жүрген Абай Усманғалиев.

Шаруашылықтың  400 гектар жайлымындағы төрт түлік малды осы кішкене ғана құрылығы шашау шығармай бағып отыр. Күн панелінен тоқ алатын 8 вольттық электр заряды қолдан жасалған кәдімгі қоршауға екі қатарлы лентамен өткізілген. Күн панелі үзіліссіз электр қоршауларға тоқ жіберіп тұрады. Оның бір ұшы жерге, бір ұшы қоршауға тиіп тұр. Қоршауға мал жақындаған сайын бірнеше вольттық электр қуаты шымырлатып тоқ береді. Мал оның әлсіз тоғының өзінен шоршып, кері қайтуға тура келеді. Бірнеше рет тоқпен «ұрылған» мал екінші рет оның маңына да жуымауға тырысады екен. Міне, «электробақташы» дегеніміз осы. Ешқандай күрделі ештеңе жоқ.

«Жұмысым жеңілдеп қалды»- дейді осы шарауашылықта 18 жылға жуық малмен айналысқан бақташы Байболат Боранбаев малға қарайтын иттерін еркелетіп тұрып. Иә, әрине, ғылым -ілім, техника қаншама қарыштағанымен оның бәрі де адамды алмастыра алмасы анық. Десек те,  те осындай тынымсыз  тірліктерде адамға мынадай сенімді «көмекшінің» болуы қандай керемет!

Сонау өткен ғасырлардан ата-бабамыз төрт-түліктің жайын жақсы білген. Жайылымын да ішер суын да малдың жағдайына қарап ыңғайлап келген. Мал төлдейтін кезде арнайы күтімге алып, оны  тіпті сұқ көздерден де сақтаған. Малдың ауруларының да алдын алу шараларын жасап, ауырған кезде емін де таба білген. Сайын даланың мектебінен дәріс алған, малдың соңында жүріп, іс-тәжірибені молынан жинақтаған сол кездің «зоотехник, веттехниктерінің» еңбектері ұшан-теңіз емес пе?! Осындай ескі мен жаңаны біріктіре отырып, оның барлық тиімді жағын  мал шаруашылығына неғұрлым пайдаланған сайын жұмыстың ілгерілеуі маңызды. Ал, қазір көзіміз көріп отырғандай, технология жетістігінің заманы. Малды дронмен аспаннан бақылап, чип арқылы телефонмен іздеп, енді міне, «электробақташыға»  мал бақтырып, жұмысты жеңілдетуде.

«Осындай, жан-жақтылықтың арқасында болар, ауданымыздың мал шаруашылығы өркендеп келеді. Әсіресе, ірі қараның етін өндіру жақсы жолға қойылды. Шет елден әкелінген асыл тұқымды мал жерімізді жерсініп, алғашқы төлдерін де бере бастады. Әрине, медальдің екі жағы болатыны сияқты, мал басы көбейген сайын арасында ауру малдың болуы да заңды құбылыс, десек те барлық шаралар қабылданып, жойылып келеді. Ал шаруаларымыз жаңашылдыққа жаны құмар, әсіресе мал шаруашылығына интернет пен жаңа технологияны пайдалауда іргерілеу байқалады» — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы