8.09.2020, 15:30
Қараулар: 56
Көше тұрғындары үлгі көрсетті

Көше тұрғындары үлгі көрсетті

Жасыратыны жоқ, көп жағдайда ауылымыздың тұрғындары апта-ай сайын өткізілетін сенбіліктерге әбден арқа сүйеп алған. Көктем келіп, қар көбесі сөгілгеннен-ақ көшеге тасталған тұрмыс қалдықтары «мен мұндалап» көрініп жатады. Содан кейн-ақ мекеме-ұйымдар тазалық жұмыстарын бастап кетеді. Әр сенбі сайын өткізілетін сенбіліктер кезінде алтын уақыттарын бөлетін мекеме қызметкерлері ауыл тұрғындарының салақтығы мен салғырттығына ренжіп жатады. Біреудің көшеге лақтырған қоқысын жинау шынын айтқанда кімге керек? Еңкейіп, қолдарына қапшық сүйреген сенбілікке қатысушыларға бей-жай қарап тұратындарға кейде ызаң да келеді. Әркім өз үйінің маңын тап-тұйнақтай қылып ұстағанда мұндай жағдай орын алмас еді.

 Жуырда Сырым Датов көшесінің тұрғындары көпке үлгі болатын іс жасады. Осы көшенің тұрғыны Берік Әпеновтің бастамасымен бүкіл көше тұрғындары сенбілікке шығып, әркім өз үйінің айналасын, қора-қопсысының төңірегін тазартып, арам шөптерді жұлып, мұнтаздай етті. Үлкендермен бірге жарыса еңбек еткен жас балалардың қылығы тіпті сүйсінтті. Қолдарына сыпырғыш, қапшық алған олар да үлкендермен бірге еңбек етті. Жиналған қоқыс қалдықтары трактор тіркемесіне тиеліп, арнайы орынға жеткізілді.

«Көп түкірсе-көл» деген, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде өзгеше келбет алған көше келбетіне қарап тұрғындардың өздері де қуанғандары шындық. Көпшілік үлгі алатын бастама өзге де тұрғындарға жұғысты болғай дейміз.

                                                                                                                                       Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ