10.05.2020, 11:11
Қараулар: 179
Көше кезген иттерден қашан құтыламыз?

Көше кезген иттерден қашан құтыламыз?

Аудан тұрғындары көше кезген қаңғыбас иттердің қаптап кеткеніне алаңдаулы. Алаңдаудың да жөні бар. Жылдың басталғанына тек бір тоқсан өтсе де, аудан көлемінде 7 ит тістеу фактісі тіркеліп үлгеріпті. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 2 дерекке артып отыр. Өкініштісі, осы биылғы 7 ит тістеу фактісінің біреуі сараптама нәтижесіне байланысты иттің құтырғандығы анықталған. Жалпы өткен 2019 жылы 35 ит тістеу фактісі тіркелген.

2019 жылы жергілікті қазынадан бұралқы иттерді аулау мен жоюға 2 млн 300 мың теңге қаражат бөлініп, 846 бас ит жойылған. Биыл да жыл басынан бері 220 ит ауланып жойылған. Сонда бір жыл үш ай мерзімінде мыңнан астам иттің көзі жойылса да, одан төрт аяқты жануардың азайған түрі көрінбейді. Ветеринария саласының мамандарының айтуынша, малға да, адамға да сес көрсетіп, көше кезген иттердің көбінің иесі бар дейді. Емханаға ит тістеді деп келгендер де мұны растайды.

Аудандық ветеринарлық станция директорының орынбасары Сағынбай Досқанат: «Аудан көлемінде ит пен мысықты аулау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Дегенмен, көшедегі иттерді аулағанда иелері ренішін білдіріп, сотқа шағымданатынын айтып жатады. Біз олардан әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына, яғни ит пен мысықты асырау ережелелеріне сәйкес талаптарды сұрап, айыппұл салатынымызды ескертіп жатқанда, «Бұл менің жануарым емес» деп бірден бас тартып жатады. Немесе «күні-бойы байлаулы тұрған ит, жаңа ғана босап кетті» деген сылтауларын алға тартады. Негізі, итті байламаса, бұралқы, қаңғыбас ит деп саналады. Біздер көше кезген иттердің иесін іздестіргенде, әсіресе, адамға шауып, балаларды қорқытып, тістеген жағдайда ешкім мойындамайды, иесі мүлде табылмайды» деп, жұмыс барысында кездесетін қиыншылықтармен бөлісті. Оның айтуынша, облыстық маслихат шешімімен бекітілген «БҚО аймағында ит пен мысықты ұстау ережесіне» сәйкес жануарлардың иелері ит пен мысықтарын өз аулаларында ұстап, аула кіре берісіне ескерту маңдайшасын орнату тиіс. Тұрғындар үй жануарларын бағудың қарапайым ережелерін сақтамайды дейді.

Мәселен, Сара есімді ауыл тұрғыны «Мені көшеде ит қауып алды. Бірден ауруханаға барып қаралдым. Дегенмен, иттің сау деген анықтамасы болмағандықтан, құтырма ауруына қарсы бес мәрте екпе алуыма тура келді» дейді. Ал, аудан орталығында тұратын орыс ұлтты жалғыз басты әжей 15 шақты итті асырайды. Санитарлық талаптың бірі сақталмағандықтан, көрші-көлең, тіпті көше түгелімен құзіретті органдарға шағымдандаса да, жергілікті полиция өкілдері бірнеше мәрте айыппұл салса да, ветеринар мамандар жануардың көзін аз-аздап жойса да, иттерді айналасына жинауын қоймайды. Әжей бұл мақұлықтарды аяйтынын, жақсы көретінін айтып, барынша қорғаштап әлек. Тек өзіне ғана емес, айналасына да қауіп төндірген иесіне қолданылған шаралардың еш нәтижесі көрінбейді. Ал, биыл тіркелген құтырған ит тістеу фактісінде жануар өзінің иесін қауып, тістеген. Шыңғырлау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Б.Сатыбалдиева «Құтырған ит тістеу фактісі биыл Ақсұғым ауылында тіркелді. Зардап шеккен адамға тиісті емдік шаралары дер кезінде жасалды. Бүгінде оның өміріне еш қауіп жоқ. Оның отбасы мүшелеріне, тіпті үйіндегі жануарларына да құтыру ауруына қатысты екпе салынды. Орал қаласынан арнайы мамандар келіп, ауласында дизенфекция жұмыстарын жүргізді. Құтыру ауруы туралы жергілікті газетке де, әлеуметтік желілерге де жарияланды. Бірақ, тұрғындар жануарларды бағу кезінде қарапайым талаптарды ескермейді» дейді. Бұл тістеу дерегінде ит байлаулы болғанымен, жануардың иесі талаптарды ережеге сәйкес ескермепті.

Иә, ит — он екі мүшел жылдың бірі, жеті қазынаның бастысы деп жатамыз. Дегенмен, төрт аяқты жануар үшін жауапкершілікті ең алдымен иесі мойнына алмаса, бұл мәселенің шеті көрінбейді. Сондықтан, ауламыздағы мақұлыққа жауапты екенімізді ұмытпай, тиісті талаптарды орындап, итті атуға, жоюға ең бастысы жануардың иесі – өзіміз жол бермейік.

Аман ІЗМҰХАН