17.04.2020, 20:59
Қараулар: 306
Көлік көп, тексеріс мықты

Көлік көп, тексеріс мықты

Облысымызда коронавирус ауруына шалдыққандар саны күннен күнге артып келеді. Осы орайда, шекараларда өткен-кеткен адамдарды сүзгіштен сүзгендей жіті тексеретін пост-бекеттердің жұмысының маңызы зор.  Біздің  ауданымыз Ақтөбе облысымен, қала берді Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқандықтан, коронавирус ауруының алдын алуда салғырттық танытуға болмайтыны белгілі. Дерттің алдын алуға байланысты  Шыңғырлау ауданы маңынан тәулік бойы жұмыс істейтін 2 пост-бекеттері қойылды. Бұл бекеттер Алмаз ауылдық округінің маңынан Самара-Шымкент трассасының 510 шақырымында және Шыңғырлау мен Ақсай  тас жолының 309 шақырымында.

Осы посттар арқылы  транзиттік және азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, өзге де рұқсат етілген тауарлар мен материалдарын таситын көліктерден өзге,  барлық  көлік құралдарына Батыс Қазақстан  аумағына тек рұқсатнамамен ғана кіруге болады. 15 сәуірдегі мәліметке сәйкес Самара-Шымкент трассасының бойында тұрған пост-бекет арқылы 30 наурыздан бастап 15185 автокөлік, 22155 адам өткен.Оның басым көпшілігі жүк көліктері. Ал облыстағы жағдайға байланысты  21 наурыз күні Шыңғырлау мен Ақсай тас жолында қойылған пост –бекет арқфылы 599 автокөлік, 1067 адам өтіпті.

«Шекаралық аймақтардағы пост-бекеттер тәулік бойы кезекшілік жүреді. Ондағы мамандар арнайы дизенфекциялық заттармен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Арнайы құрылғы азаматтардың дене температурасын анықтап, жеке басының мәліметтері көрсетілген анкета толтырылады. Қазірге дейін бекеттерде күдікті азаматтар анықталмады», — деді  Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің бастығы Сергей Астафьев.

Иа, елді мекен арасында вирус тасымау мақсатында жарияланған карантин жағдайында ешқайда шығуға болмайды. Дегенмен, өмір заңына сәйкес қалаға бару керек жағдайда онда аудан әкімдігі арқылы арнайы рұқсатнама қағазы беріледі.

«Орал қаласына бару үшін нақты себеп керек, мысалы ауруханаға қаралуға, емделуге баратын болса, аудандық аурухананың құжаты болса ғана жіберіледі. Содан кейін, сауда-саттық орындарының тек азық-түлік тасу жүк көліктеріне рұқсат беріледі. Тұрғылықты мекен жайы Орал қаласында болса, ауданнан шығуға рұқсат етіледі. Ал, себепсіз  ауданнан шығуға болмайды»,-дейді аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтер мониторингі жұмыстары бөлімінің басшысы А.Тағаниязов. Пост-бекет басындағы кезекші азаматтар да «Рұқсатсыз өткісі келіп түрлі, себептерді айтады. Бірақ біз табанды түрде жолаушыларды Ақтөбеге де, Ақсайға да кері қайтарып жатырмыз. Ондай деректер аз емес» дейді.

Блок-бекеттерде өз денсаулықтарын қатерге тіге отырып күні-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқан аудандық ішкі істер бөлімі мен аурухана қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Осы бір қиын шақта бәрімізде үйде болып, өз үлесімізді қоса білейік.

Аман ІЗМҰХАН