18.06.2020, 17:52
Қараулар: 26
Кикілжіңнен сотқа дейін…..

Кикілжіңнен сотқа дейін…..

Кароновирустың салдарынан орын алған пандемия талай өзгерісті ала келді. Экономика мен әлеуметтік жағдайымызға кері әсері болуымен қатар қоғамда, кейбір отбасындағы ара-қатынасқа да салқынын тигізіп үлгерді. Карантин уақытында жұмыстың азаюы, көпшіліктің үйлерінде айлап отырып қалуы себебінен үй-ішілік жанжалдасу, түсінбеушіліктің көбеюі жасырын емес.

Қандай да өркениетті елде тұрсақ та әр қоғамның да бір көлеңкелі тұстары болатындығы сияқты, зайырлы елімізде, өкінішке орай келеңсіз жағдайлардың орын алуы шартты. Әсіресе, қиын шақта отбасындағы зорлық — зомбылық жиірек кездеседі. Өкінішке орай, мұндай фактілер туралы көбінесе айтылмай, «бас жарылса бөрік ішінде…» дегендей сыртқа шықпай, ал зәбір көрсеткен адам еш жазасыз қала береді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылғандай, әр адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылғанын ұмытпау керекпіз. Айта кету жөн, тұрмыстық зорлық -зомбылық жасағаны үшін, оны жасаған адам Қазақстан республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі бойынша жауарпкершілікке тартылуы тиіс.

Ауданымызда карантин уақыты жарияланғаннан бері тұрмыстық кикілжіңдердің ушығып, тіпті сотқа дейін жеткен фактілері болған. Осындай отбасындағы керіс кезінде, көбіне ер адамның әйел адамға қол жұмсауы, зәбір көрсетуі орын алған. Кикілжіңнің себебі жұмыссыздық, несиенің қордалануы, қаражаттың жетімсіздігі немесе арақ-шарапқа бой ұсыну, бастарында баспана болмауы тағысын тағылар. Онымен қоса бірін-бірі түсінгісі келмеу, сыйласпау, шыдам мен төзімнің жоқтығы, осыдан барып ренжісу, кикілжің, ұрыс керістің аяғы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа әкелетінін мамандар мен психологтар айтып келеді. «Үй ішілік кикілжіңнің  себеп-салдары көп, тіпті ерлі-зайыптылардың мінез-құлықтарының келіспеушілігі де осындайға әкеліп соғуы мүмкін. Негізі екі-жақтың қандай қиындықты бірге шешуге тырысып, қолдау көрсетуге тырыспағанынан туындайды. Бірақ, әйел адамдар көбіне  жасырып жүргенімыз. Ал ер адамдардың  ашуланғанда сөз таба алмай жұдырық ала жүгіруі қалыпты жағдай деп ойлатындар да бар. Әрине, бұл дұрыс емес» — дейді жолдасын екі рет он бес тәулікке қаматқан Б. есімді әйел. Иә, тек қана екі ай ішінде ауданымызда отбасындағы ұрыс-керіс салдары ушығып, тіпті, ерлі зайыптылардың немесе  отбасы мүшелерінің соттасуына әкеліп соққан. Осындай фактілер бойынша аудандық сот 28 істі қарап, оның 13-де тиісті жазаға тартып, ал қалғанын медиаторлар көмегімен татуластырған. Ал, соңғы айда бұл көрсеткіш төмендеп, азайған. Демек, адамдардың карантин уақытына да бейімділік танытып, өзара түсіністікке келулері молайған, дейді сот қызметкерлері.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу мақсатында 2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Сол себепті ол жергілікті жерлерде жүзеге асырылуы тиіс. Тұрмыстық зорлық -зомбылық мәселесімен айналысып жүрген мамандардың айтуынша  бұл әлемнің әр елінде де бар құбылыс. Отбасындағы қысым елдің мәдениетіне, экономикасының дамуына немесе сенім-нанымына емес, бұл құбылыс жекеленген адамдардың ерекшеліктеріне тікелей  қатысты  дейді. Алайда  әр адам мемлекеттің азаматы болғандықтан оны қандай да бір қауіп-қатерден қорғау  мемлекет  пен қоғамның және әрбір адамның адами парызы.

 

А.МУСА