29.09.2020, 11:04
Қараулар: 168
Зорлық-зомбылыққа төзу-өз денсаулығыңды құрту

Зорлық-зомбылыққа төзу-өз денсаулығыңды құрту

Біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Оның үстіне, соңғы кездегі әлемді жайлаған індет те карантин де адамдардың шыдамын сынып, тұрмыстыағы зорлық-зомбылық та одан сайын өрши түсті. Әлемдегі статистикалық ақпаратқа сүйенсек, пандемия дүние жүзіндегі нәзік жандылардың үштен бір бөлігін тұрмыстық  зорлық-зомбылық құрбанына айналдырыпты.

Өкінішке орай,  біздің аудан көлемінде де отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын көрген жандар жоқ емес екен. Үстіміздегі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша 39 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 10-ы қамауға алынған, 5 тұлғаға ескерту беріліп, 1 адамға айыппұл салынса,  қалған 23 факті бойынша екі жақты келісімге келгендер.

Жуырда аудандық соттың бастамасымен аудан тұрғындары арасында тұрмыстық зорлық зомбылыққа қатысты сауалнама жүргізіліпті. Сауалнама қорытындысы бойынша жерлестеріміз зомбылыққа жол беретін ең басты себеп-жұмыссыздық, содан кейін ішімдікке салынуды көрсетсе, сұрағандардың жартысынан көбі отбасылық зорлық құрбаны әйелдер болады деп көрсетіпті. Ие, шынымен де, неліктен отбасында ошақ иесі, балаларының анасы, аяулы жар деп танылған нәзік жандыларға көп жағдайдарда әлімжеттілік көрсетіліп жатады. Мәселенің екінші жағы бар демекші, әйел адам да құр емес болар, дегенмен, ол міндетті түрде қол жұмсауға әкелу деген сөз емес қой.

Мәселен Н. есімді азаматша өзінің жолдасының күнара ұрып соғатынын айтады. Әр нәрсені сылтау етіп, жұдырық жұмсайтын ерінің бұл әдетіне әйелдің де еті үйреніп кеткен бе дерсің. Дегенмен, жылдар бойы ұрып-соғуына соңғы уақытта шыдай алмай, тиісті мекемелерге шағымданады. Келесі нәзік жанды ауыл тұрғынына да отағасы жұдырығын жұмсайды екен. Жолдасының ішімдік ішіп, көңіл күйінің «өзгеріп» келе жатқанын сезген әйел баласын алып, төркінін жағалайтынын айтады. Ал кей отбасы бар, ер азамат тарапынан кол көтеруге дейін бармаса да, моральдық тұрғыда жан жарына балағат ауыр сөздер айтып, жанын азаптауы. Соңғы уақытта осындай жанжалдардың соңы адам өліміне әкеп жатқан деректер елімізде өте көп. Тіпті ауданымызда да ері әйеліне пышақ тығу фактісі тіркелді. Абырой болғанда зардап шегуші аман. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды-онысы бекер. Тек жағдай тым ушығып, шектен шыққанда ғана құзырлы органдарға шағымданып жатады. Бәлкім, уақытылы білікті мамандар араласып алдын алса бұл оқиғалар бәлкім басқаша өрбір еді ме, кім білген?!

Аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Самиев «Әйел адам үшін үйі-өзін қауіп­сіз сезінетін жер. Алай­да отбасындағы зорлық-зомбылық осы заңдылықты бұзады. Биыл алқа билер отырысында өмірлік қорғаны болар отағасының өзінен жәбір көріп, барар жері, басар тауы қалмаған әйелдердің жағдайларын, яғни отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді қарадық. Отағасының жұмыссыз болуы, ішімдік ішуі, «басқа пәле тілден», демекші кей жағдайда әйелдердің шектен шығу себептері болады. Әзірге ол отбасылар татуласты» дейді ақсақал.

  • Зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі біздің күн тәртібімізден түскен емес. Осы орайда үстіміздегі жылдың 20 сәуір күні аудандық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобы құрылды. Топ құрамына құзырлы мемлекеттік мекеме басшылары енгізілді. Нәтижесінде апта сайын мониторинг жүргізіліп, бүгінде жұмыстар оң нәтижесін беруде. Дегенмен, арызданушы әйелдер қайта-қайта сотқа шағымданады, одан өздері жолдастарын қайта кешіруіне орай, бұл үрдіс жүйелі түрде қайталануы да кездеседі. Кейде әйелдер сот арқылы күйеулерін қорқытып алғылары да келеді, — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы С.Астафьев. Құқық саласының мамандарының хабарлауынша, елімізде отбасы қатынастары аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік көзделген. Оған отбасы мүшелерін сыйламай, балағат сөз айту, тиiсу, кемсiту, т.б. әрекеттер жатса, денсаулыққа орта және ауыр зиян тигізгені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Яғни, заң аясында адамға ауыр сөз айтуға да, денсаулығына зақым келтіруге ешкімнің де құқы жоқ. Сондықтан, қазақы менталитетке салмай, бастарына түскен жәйт туралы ашық айтылса әркім де заң аясында өзін-өзі қорғай алмақ дейміз.

 

Аман ІЗМҰХАН