30.01.2020, 16:24
Қараулар: 52
 Заң күшейді, жүргізуші абай бол!

 Заң күшейді, жүргізуші абай бол!

 Соңғы жылдары еліміздегі нарықтық жағдайға байланысты шетелден әкелінген автокөліктердің саны күрт артты. Көліктер Қазақстанда тіркелмегендіктен нақты санын дөп басып айту қиын, себебі, ресми дерек жоқ. Үкімет көліктерді Қазақстанда тіркеу қажет екенін, тіркелмеген жағдайда айыппұл салынатыны туралы ескертуіне орай халық арасында наразылық туындап жатқаны жасырын емес.  

Ауданымызда 3500-ге жуық темір тұлпар тіркелген екен. Бұл нақты қазақстандық нөмір иегерлері. Ал шетелде тіркелген темір арғымақтардың санын қосқанда бұл көрсеткіш бірнеше мәрте артатыны белгілі. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде Армения, Қырғызстан, Беларусь пен Ресейде тіркелген 170 мыңға жуық автокөлік бар. 2019 жылы шетелдік автокөлікпен жүретін қазақстандықтардың кінәсінен 1854 жол апаты болған екен. Ал Шыңғырлау ауданы бойынша өткен жылы шетелдік нөмір таққан автокөлік тізгіндеушілерге 79 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Олар мас күйінде көлік жүргізіп, жолаушы тасымалдау және жол ережесін, т.б. заң талаптарын бұзуға жол бергендер.

 Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің бастығы Сергей Астафьев: «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде, тіпті ауданымызда шетелдік нөмірмен жүрген қанша көлік бар екендігін және олар кімге тиесілі екенін нақты білмейміз. Себебі, шетел көліктері елімізде еш жерде тіркелмейді. Тек былтырдың өзінде аудан бойынша шетелдік нөмір таққан темір тұлпар тізгіндеушілерге 79 әкімшілік хаттама толтырып, жауапқа  тарттық. Көліктерде Ресей, Армения, жалпы шетел елінің нөмірлері болғанымен, иелері — шыңғырлаулықтар. Біздердің тарапымыздан шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Күні кеше 17-18 қаңтар күні «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде, БАҚ-да кеңінен жариялануда», — дейді.

Иә, шетелдің нө­мерімен жүрген көлік иелерінің бүгінде ұнжырғасы түсті. Ол енді көлігін шетелге шығып сатуы немесе Қазақстанда  тіркеуі қажет. Дегенмен, қай-қайсысы да арзанға шықпайтыны анық. Кедендік баж салығы мен утилизациялық алымды қосқанда көлік құнынан асып кетеді.

Ресей Федерациясынан айдап келген жүргізушілердің бірі Нурушев Азамат «Негізі, көлікті сатып аларда жасыратыны жоқ, арзан бағасына қызықтым. Осыдан бір жыл бұрын сатып аларда елімізде есепке қою талабы болған жоқ. Мен Ресей елінен алып келуімдегі жол шығынын қоса есептегенде және Қазақстандағы дәл сондай машиналармен салыстырғанда қазіргі көлігім 1 200 000 теңгеге арзанға шықты. Есесіне, люкс санатындағы көлігімде барлығы бар: салқындатқышы, климат бақылау, авто оталдыруы, т.б. көрсеткіштері бар.  Әрине, тіркеуге қатысты заңды орындаймыз. Президент бір жыл уақыт беріп отыр. «Көппен көрген ұлы той» демекші, елмен бірге көреміз енді» дейді.

Дегенмен, отандық автокөліктер бәсеге қабілетті, саны мен сапасы тұтынушыны толық қанағаттандырса, еліміздегі бұл жағдай туындамас па еді, кім білген?! Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, Орал қаласындағы автокөлік салондарындағы темір тұлпарлардың бағасы аспандағы айды сұрағанмен тең. Мәселен, «Lada Granta» маркалы көліктің ең арзан бағасы 2 700 000 теңгеден басталып, жабдықталуына байланысты 4 150 000 теңгеге дейін жетеді екен. Осындай бағаға шетелдік темір арғымақтың екеуін сатып алуға болар еді. Сондықтан отандық өнімнің бағасы қол жетімді, сапасы жоғары болғанына не жетсін.

Жалпы осы көлік мәселесіне орай өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік жүргізуге қатысты заңға өзгертулер енгізуді тапсырған болатын. Енді міне, жаңа 2020 жылы басталысымен «сиясы кеппеген» заңдағы өзгерістер халық арасында кеңінен талқылануда. Әсіресе, темір тұлпарды мас күйінде айдап, жол апатына жол берген жүргізушілерге заң талаптары күшейтілді.

Шыңғырлау ауданы бойынша өткен 2019  жылы 11 жол апаты тіркелген. Онда 1 адам көз жұмса, әр түрлі деңгейде 26 адам жарақат алған. Олар сол кезеңдегі заң талабына сәйкес жауап алды. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар айында әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 608 бабына сәйкес 2 жағдайда азаматтар жаңа заңнамаға сәйкес өз жазаларын алады. Анығын айтқанда мас күйінде көлік жүргізген 2 жүргізуші 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылмақ.

Сол себепті де, заң тармаақтары күшейіп тұрған шақта көлікке мінгенде де, «тізгіндегенде» де үлкен жауапкершілік танытып, құқық бұзбайық, ағайын!

Аман Ізмұхан